АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Сүйінші! Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандары қайта ашылады

ТҮРКІСТАН. 17 маусым. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Шығыс Қазақстандағы үш ауданның қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Ақорда сайтына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.

«Мен соған сәйкес Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым», – деді Президент өз сөзінде.

Айтатыны жоқ, бұл жаңалыққа жұрттың бәрі дерлік айран-асыр қуанып жатыр.

Әңгіме президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 23 мамырдағы пәрменімен жабылып қалған, Қытай елімен шекарадағы Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай және Марқакөл аудандары, Семей облысының Мақаншы ауданы турасында болып отыр.

Сол кезде Қатон-Қарағай ауданы өзінің атын сақтап қалғанымен, ішкерідегі Большенарым ауданымен бірігіп, аудан орталығы Большенарым ауылына көшіп барды, ал шекара жақ бос қалды. Сол жарлықпен шекара бойлай жатқан Марқакөл ауданы таратылып, Күршім ауданына қосылды, сөйтіп, мұнда да елдің шебі көшкен елдің жұртында қалып кетті. Ал елдің шегінде тұрған Мақаншы ішкерілей қоныс тепкен Үржарға қайта апарып жапсырылды.

Негізі, елдің ертеңін ойлайтын есті адам шекарадағы аудандарды да, ауылдарды да жаппай, оны қайта күшейтіп, бекінтіп ұстап тұрған болар еді, өкінішке қарай, салиқалы ақыл-парасаттан гөрі жеке басының амбициясы мен әлдекімдерге доқ көрсетуден арыға бара алмайтын пенденің пәтуасыз пиғылы сол кезде осындай ойсыздықтан туған оспадар қадамдарға алып барды.

Міне, Қасым-Жомарт Тоқаев арада тура 26 жыл уақыт өткеннен кейін сол жойдасыздықты жоюға әрекет етіп отыр. Өкініштісі, бүгінде шекара бойындағы елді мекендердің көбінің ошақтары оттары сөніп қалған, ол жақтарда некен-саяқ қана халық тұратын болған. Демек, инфрақұрылымдардан да жұрдай. Әлбетте, мұның бәрін қалпына келтіру енді оңайға түспейді.

«Әрине, бұған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз керек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқтап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ауданды қалпына келтіре бастаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңызды мәселе. Осы мәселені көпке созбай, шешуіміз қажет», – деді Президент сондықтан да.

«Жалпы, аудандарды қосу немесе тарату ондағы жұрттың күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Шешім қабылдаған кезде халық саны, экономикалық әлеуеті, инфрақұрылымы түгел ескерілуге тиіс», – деді сосын Мемлекет басшысы.

Осы ретте Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров өзінің «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында біраз мәселенің басын шолып шықты. «Қатон-Қарағай мен Марқакөлден халық көшіп кеткен. Бәрі де аудандар жабылғасын кетуге мәжбүр болған. Сондықтан енді аудан ашылғаннан кейін ол жақтағы мәдениет пен білімді көтеріп, азаматтарға сапалы жұмыс орнын беріп, соның негізінде көшіп кеткен азаматтарды қайтарудың амалын жасау керек», – деді ол.

Депутат сондай-ақ соңғы ширек ғасырдың ішінде жайлы өмір іздеп шекаралық аудандардан үдере көшкен халықты байырғы қоныстарына қайтару үшін не істеуге болатынын айтты.

«Халықты қайта көшіру үшін сондағы білім, мәдениет, медицина саласының өкілдерінің айлығына үстемеақы қосып төлеу керек. Оның бәрін заң бойынша реттеуге болады. Ең негізгісі, сол жақтарда шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттік бағдарлама керек. Оны Үкіметпен бірге әзірлейміз», – деді депутат.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button