Президент Қасым-Жомарт Тоқаев актриса Самал Еслямованы қабылдады
АСТАНА. 5 маусым. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актриса Самал Еслямованы қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәліметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Кездесу барысында отандық театр өнері және кинематография саласын дамыту мәселелері әңгіме арқауына айналды. Онда Мемлекет басшысы қоғамның рухани дамуында театр мен кино маңызды рөл атқаратынына тоқтала келіп, аталған салаларға мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп жатқанына назар аударды.
Мемлекет басшысы отандық фильмдерде тарихымызды, мәдениетімізді дәріптеуге, жастардың бойында патриотизм сезімін қалыптастыруға, рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға баса мән беру қажет екенін атап өтті.
Өз кезегінде Самал Еслямова Президентке өзінің алдағы шығармашылық жоспары, отандық өнер саласын дамытуға қатысты ұсыныстары туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт мәдениетін танытуға үлес қосып келе жатқаны үшін актриса Самал Еслямоваға алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі.