Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлыққа қазіргі министрдің қатысы бар ма?
АСТАНА. 5 маусым. Бүгін отставкадағы подполковник Нұржан Жақсыбаев бұдан бірнеше жыл бұрын Қорғаныс министрлігінде орын алған жемқорлық жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл туралы nege.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Осыған орай аталмыш жемқорлық қылмыс орын алған Ұлттық ұланды сол жылдары басқарған қазіргі Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың бұған қаншалықты қатысы бар екені хақында да сауал туындады.
Мәлімдеме Астанадағы Men-media.kz алаңында жасалды.
«Мен өз өмірім үшін қатты алаңдаймын. Мені әлдекімдер құрбандыққа шалғысы келеді. 2017 жылдан бастап Ұлттық ұланда жанар-жағармай материалдарын ұрлау схемасын әзірлеген және ұрланған ақшаның түпкі бенефициарларын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін», – деді Ұлттық ұланның бұрынғы кадрлық әскери қызметшісі, отставкадағы подполковник Нұржан Жақсыбаев.
Офицер Ұлттық ұланда жанар-жағармай материалдарын жымқыру ісінде басты айыпталушы болды. Бірақ оның айтуынша, қылмысқа ешқандай қатысы жоқ. Ұлттық ұлан басшылары жанармайды жымқыруды 2017 жылы бастаған. Алайда 2018-2021 жылдар аралығында отынның жетіспеушілік фактісі ресми түрде тіркелмеген.
Ұрлық деректері тек 2022 жылы анықталған, ал 2018 жылдан ұрланған жанар-жағармайдың жалпы құны 488 308 866 теңгеге жетіпті. Оның ішінде тек ұрланған авиаотын сомасы 280 420 556 теңге болған.
Ұлттық гвардия қолбасшылығы бұл туралы білді ме және командирлер не істеді?
«Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, қазіргі Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов нақты нұсқаулар берді. Осы ретте халық біздің Қарулы күштеріміздің қазіргі басшысының шын бет-бейнесін білуі керек. Әзірге Ішкі істер министрлігі сыртқа шу шығарғысы келмей отыр. Себебі, полицейлер қылмыстық істі жылы жауып қойған», – деп есептейді Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Самат Сырлыбаев осы ретте.
Спикерлердің айтуынша, қылмыстық істің басы-қасында 100-ге жуық адам болған. Күдіктілерден басқа, ұрланған отынды мардымсыз бағамен сатып алған кәсіпкерлер де бар. Сондықтан Нұржан Жақсыбаев ұрлық дүниені сатып алушыларды, яғни отын өткізілген «Қызылсуат» және «Қаражар» карьерлерінің иелерін, сондай-ақ Астананың жанармай құю станцияларының қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етеді.
Нұржан Жақсыбаев Президенті әкімшілігінен және құзыретті органдардан әскери қалашықтың жылыту орталығы жабдықтарының жарамдылығын мен әскери техникаларды тексеруді сұрайды.
«2022 жылы қаңтар оқиғасы барысында біздің мемлекетіміз «Төребаев» ЖК қызметкерлерінің арқасында да қарсы тұра алды. Олар 2021 жылы, 2022 жылдың басында отын жеткізуші бола тұра ҚР Ұлттық ұланы басшылығының офицерлік сөзіне сеніп, Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне дизель отынын қарызға берген. Ақорданың айналасындағы Министрліктер үйінің аркаларында тұрған Ұлттық ұланның әскери техникаларына осы жанармай құйылған. Айтпақшы, Ұлттық ұланның қолбасшылары кәсіпкерлерге осы уақытқа дейін әлі борышын қайтарған жоқ», – деді Нұржан Жақсыбаев.
«Бұл ақпарат БАҚ өкілдері арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жетеді деп үміттенеміз. ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы ретінде ол Ұлттық ұланда не болып жатқанын білуі тиіс», – деді баспасөз мәслихатына қатысушылар.