ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Жүректегі жазылмайтын жаралар

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Әлем халықтарының тарихына көз жүгіртсек, қолдан жасалған  тауқыметтерді қазақтан көп көрген халық жоқ шығар. Ел басына қандай нәубет түссе де, алғашқы қиыншылық осы халықты айналып өтпеді. Бір байқағанымыз, сол қиыншылықтардың көбі қолдан жасалды. Соңғы ғасырдың өзінде «Қызыл империя» жан түршігерлік қиянаттардың бәрін осы халықтың шаңырағына үйіп-төкті. Шайқалған шаңырақ, аналардың зарлы дауысы, бақытты балалық шағынан айырылған ұрпақ. Бірақ тарих куә, қанша киыншылық көрсе де қазақ халқы шыдап бақты. Жігерлене түсті. Болашаққа деген нық сенімін жоғалтқан жоқ.

Туған жердің тарихына үңілген сайын менің есіме «Көксарай» түседі. Бұл мекен – қасиетті Түркістан облысына қарайтын, Сырдария өзенінен нәр алған ауыл. Өйткені, бұл қастерлі жер менің ата-бабамның құт мекені. Олардың кіндік қаны, маңдай тері тамған жер. Қаншама ашылмаған сырды, айтылмаған ақиқатты сақтап қалған тарихи өңір. «Көксарай»  ғасырларды ғасырға жалғастырған Ұлы Жібек жолының күре тамырына орналасқан. Осы бір шағын елді мекеннің тарихына, ондағы мекен еткен әр шаңырақтың бастан өткізген тауқыметіне көз жүгіртсек, бір әулеттің ғана емес, бүкіл қазақ халқының өмір-тіршілігімен ұштасып жатқанын байқаймыз. Біз тек қана 1937 жылғы көксарайлық репрессия құрбандарын еске алсақ, 42 адамның нақақтан жапа шегіп, атылып кеткенін білеміз. Бұл тізім – бір ғана «Көксарай» үшін өте көп есім. Нәубат жылдың құрбандары ауылдың барлық бетке тұтар азаматтары еді. Олардың арасынан Мемлекет және қоғам қайраткері Иса Ақынбековтің тағдырын алайық. Иса атамыз өз заманының озық ойлы азаматы болған. Сәкен Сейфуллинмен қатар жүрген тұлға. Оның еңбек жолына үңілсек үнемі алдыңғы лекте, басшылық қызметтер атқарған.

Иса Ақынбеков – көксарайлық, алақандай «Жанкелдің» ауылының тумасы. 1898 жылы Мұрынқарақ тауының маңындағы «Қалмырлы әулие» деген жерде дүниеге келген. 1919-1922 жылдары Арыс қалалық партия ұйымының бірінші хатшысы, 1922-1926 жылдары Шымкент УГОРКОМ хатшысы, облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1926-1928 жылдары Торғай облыстық БКП(б) хатшысы, 1928-1929 жылдары Ақтөбе облыстық БКП(б) хатшысы, 1932-1935 жылдары Талдықорған УГОРКОМ-ның хатшысы, одан соң Марксизм-Ленинизм институтын бітірген. Ал 1936 жылы Ақтөбе химиялық комбинаты партия комитетінің хатшысы, одан соң Ақтөбе қалалық УГОРКОМ-ның бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Партия қайда жіберсе де, зор ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түскен. Халық құрметтеген, сенім артқан басшы болған. Әттең, 37-нің қуғын-сүргіні келісімен, 6 желтоқсанында «халық жауы» деп тұтқындалып, атылып кетті. Міне, есіл ердің өміріне осылайша балта шабылды.

Қазақстанға арнайы тапсырмамен келіп, ашаршылықты, қуғын-сүргінді, нәубет қасіретін ұйымдастыруға себепші болған Голощекин мен Мирзоянның арамза ой-мақсаттарын алғашқылардың бірі болып білген, олардың солақай саясатына қарсы тұрған да осы мемлекет және қоғам қайраткері Иса Ақынбеков атамыз болды. Еліміздің осындай қайсар ұлдарынан тайсалған Мирзоян мыңдаған адамның өлімі аздай, Мәскеуге құпия хат жазып, Сталиннен тағы да 8000 адамды атуға квота сұрағанын білеміз. Қазақстанда 25 мың адам атылды. Зиялы қауымның қаймағы. Бұдан асқан зұлымдық, қатыгездік еш жерде болмаған шығар! Ал 17 колхозды біріктірген «Көксарай» МТС-ін басқарған Нысанбай Садықбековті әйелі Сұлукүл екеуін «халық жауы» деп ұстап, қылмыстары дәлелденбесе де соттап, тездетіп аттырып жібереді. Сол 37-ші жылдың  құрбандарының арасында жала жабылып, жазықсыз сотталған 42 боздақтың бірі менің атам Асан Сүлейменов еді… Олар «Көксарайдың» тай құлындай тебісіп, бірге өскен, өмірге ғашық ұл-қыздары еді. Әттең…

Менің аталарым Асан мен Оспан егіз, екі ағайынды еді. Олардың әкесі – Сүлеймен өз заманының озық ойлы, сал-серісі,  ағайынға, ауыл-аймаққа сыйлы, қолы ашық азамат-тын. Ал өзінен кейінгі інісі Байтұяқ би болған. Оңтүстікке танымал ақын Ергөбек Құттыбайұлымен үзеңгілес-достықтары жарасқан. 1917 жылдың қазан төңкерісінен кейін екеуі де қудалауға ұшыраған. Сол кезде Өзбекстанда бой тасалап жүрген Ергөбек ақынның елді, дос-жарандарын сағынып: «Сүлеймен мен Жақыбым, Құдайдан кейінгі жақыным» деп жазған өлеңі бар. Асан Сүлейменов 1937 жылы «бай-билердің тұқымы» деген жаламен жазықсыздан жазықсыз атылып кетеді. Ал Оспан алты айға қамалып, әрең дегенде аман қалады. 1940 жылы Мырзашөл өңіріне, қазіргі Жетісай ауданына канал қазып, тың жерді игеруге, «Ақ алтын» егуге аттанғаннан кейін ғана «халық жауы» деп қудаланудан арылады. Алғашқыда ата-әжелеріме «Көксарай» колхозынан көшуге рұқсат етпейді. Еңбек ақысын бермей, сарсаңға түсіреді. Сол кезде 11-12 жасар бала, менің әкем Жолдасбек әбден ызаланып, рогаткасын алып, басқарманың кеңсесіне кіріп келеді де: «Егер менің әкемнің еңбек ақысын бермесең аямаймын. Көзіңді шығарамын» дейді де, бала қаруы – рогаткасын шірене тартып. Колхоз бастығы баланың өжеттігіне таң қалды ма, жоқ әлде сескенді ме, ертеңіне еңбек ақыларын беріп, Мырзашөлге көшуге рұқсат етіпті. Асан атамның әйелі Хадиша әжем Сүлейменовтер әулетінің бәрін бауырына басып, тәрбиелеп, оқытқан кісі.

Әкем Жолдасбек Сүлейменов Мырзашөл өңіріне танымал азамат еді. Екі совхоздың іргетасын қалады, ұзақ жылдар сол шаруашылықтардың директоры болды. Қазір Жетісай ауданындағы, 2020 жылғы көршілес Өзбекстанның Сардоба су қоймасы жарылып, топан су басудың алдында қалған, қайсар мекен – «Қоғалы» кеңшарында Жолдасбек Сүлейменов атындағы орта мектеп бар. Сол киелі шаңырақтың екінш қабатында маңдайы жарқырап, «халық жауының баласы», менің әкемнің тас мүсіні тұр.

Ал мен «халық жауыный немересімін!»…

 

Жылдар өтті. Арманда кеткен арыстар ақталды. Жерлестері олардың есімін құрметпен айтып жүр. Әділдік салтанат құрды десек те, жазықсыз жапа шеккен азаматтардың алдында тиісті мекемелер әлі кешірім сұралған жоқ! Олардың арттарында зарлап  қалған, жылдар бойы «халық жауының баласы» деген айыптауды арқалап жүрген ұрпақтарынан да кешірім сұрар кез келген сияқы…

Арыстықтар «халық жауы» атанып, жазықсыз жапа шеккен жерлестерінің есімдерін қайта жаңғыртып, құрмет көрсетуде. Сондай дәлелдердің бірі 19 наурыз күні Арыс қаласында өтетін шара. Ол – өткен тарихымыздың дауылпазы, халқын сүйген, оның болашағы үшін қан төккен Иса Ақынбековке қойылған тас мүсін, берілген көше, жайқалған алаң-саябақ.

Ия, қуғын-сүргіннің, қасірет пен әділетсіздіктің белгісі жүректе сақтала берері сөзсіз. Ол жүректегі жазылмайтын жара сияқты.

 «Халық жауының» немересі:

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,  публицист, жазушы

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button