Өткен апта ішінде жастығымның куәсі, өзім алғашқы еңбек жолын бастаған Сыр еліне сапарлап қайтқан жағдайым бар. Негізгі бару жоспарым өз алдына, мені әп дегеннен қызықтырып әкеткен бір жайт – Қызылордадағы жан жадыратар шынайы мінез қазақшылық! Бұрын қалай байқамағам? Сонда нені байқады дейсіз бе? Айтайын.
Біріншісі – мұнда тұрып жатқан халықтың қай-қайсысы да (арасында корей, орыс, өзбек, әзербайжан, ұйғыр, т.б. бар) сенімен тек қазақ тілінде сөйлеседі, қазақша сұрағыңа қазақша жауап аласың. Тіпті бір корей мәзірін әзірлейтін мейрамханаға ас ішу үшін кіріп, қасымдағы серігім корей қызына орысша сөйлеп қалып, қазақша жауап қатқанда қатты қысылды. Өз ойымша, осы әртүрлі ұлт өкілдері қазақша үйрену үшін арнайы курс (Астана, басқа да ірі қалалардағы сияқты) жағалаған жоқ шығар, ә? Тіл білу үшін өзің тұрып жатқан елдің ана тіліне құрметпен қарау жеткілікті!
Екіншісі – адамдарының ынсапкершілігі. Таксиге әлденеше рет мініп-түстік. Қай жерге жеткіз десең де – бағасы 500 теңге! Тіпті, асыққан сәтте «Яндекспен» шақырған такси де үстіне небәрі 20 теңге қосып айтты. Ал мына біз тұрып жатқан Астанада ше? Кейде таяқ тастам жерге жеткізе сал десең, мың теңгеден түспей тұрып алады ғой. Қанағаттан әлдеқашан қара үзіп кетіп қалған қаламыз ба, әлде? Адамға деген құрметті аяқ асты еткен қаламыз ба, әлде?..
Үшіншісі – қаланың тазалығы. Қай көшемен жүрсең де, қай бұрышқа көз салсаң да, жинақылық пен тазалық көзге бірден ұрады. Айнадай таза көшемен жаяу жүру де көңілге қуаныш ұялатады екен. Кетіп бара жатып оңды-солды түкіру немесе темекі тұқылын ойына келген жерге лақтыру секілді жағымсыз әрекеттерді мүлде байқамадық. Мұндай адами әдеп үшін де арнайы курстан өту қажет пе?
Төртіншісі – қала адамдарының мейірімділігі. Үлкені бар, кішісі бар – қайсысымен тілдесіп, сауал берсең де қабақ шытпайды, білгің келгенді асықпай түсіндіреді. Дүңк ете қалатын дөрекілік жоқ. Алақ-жұлақ, асығыс мінез байқамадық. Демек, қала тұрғындарының көңілі тоқ, ойы орнықты. Билікке де, тірлікке де дән риза!
Бесіншісі – қала ішіндегі транспорт қозғалысындағы реттілік пен тәртіптілік. Осы жолы ешкімге хабарласпай, өзімізше елеусіздеу қонақ үйге орналасып, ара-тұра қоғамдық көлікке де мініп байқадық. Бірін-бірі қуып, баса-көктеп, сигнал басып, бақыра айқайлап, жөн-жосықсыз дауыс көтерген автожүргізушіні көрмедік. Жүйкесі жұқармаған дейсіз бе? Әбден мүмкін. Сол жүйкені өз қаламызда өзіміз жұқартып жатқанымызды ойлаймыз ба біз?
Ұзын сөздің қысқасы, ұлтын ұлағаттай білген, тілі мен дәстүрін қастерлеген, нағыз жайсаң, жомарт мінез, өзгеге мейірі төгіліп тұратын, артық сөзге жоқ, басқаға жақсылық жасауға ынтық нағыз қазақ болғымыз келсе, шамасы, Қызылордадан үйренсек те болар!
Қайтып келе жатып, ұшақ үстінде осы ойдан арыла алмадық, не керек!…
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ
Астана
24.05.2023 жыл