Жаңалықтар жаңғырығыҚайнар

Қырғызстан кирилл жазуынан шығуға әрекет жасап жатыр

БІШКЕК. 19 сәуір. Қырғызстан парламенті ұлттық әліппені кирилл жазуынан латын әліпбиіне көшіру жөнінде мәселе көтеріп жатыр. Бұл туралы ресейлік таблоидтар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мәселені бірінші болып депутат Эмиль Токтошев (суретте) көтерді. Ол мемлекеттік тіл саясатын қайта жаңғырту мақсатында алфавитті латын таңбасына ауыстыру қажет екенін қадап айтты. Айтуынша, «ежелгі қырғыз сөздері кирилл әріптерімен дұрыс жазылмайды».

«Біз болашақ ұрпақты қалай тәрбиелейміз? Мемлекеттің негізгі мақсаты – біздің тілімізді сақтап қалу. Біз бұл мақсатқа латын жазуына көшу арқылы ғана жете аламыз», – деді ол.

Ұсынысты депутат Камила Талиева қолдады. Тағы бірнеше депутат кирилл әліппесінің қажетті жаңа әріптерді енгізуге қабілетсіз екенін атап өтті.

Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қаныбек Осмоналиев қырғыз әліпбиін латыншаға көшірудің бірнеше нұсқасы бар екенін айтты. Ол Қырғызстанның әлі күнге дейін кирилл әліппесін пайдаланып келе жатқан жалғыз түркі елі екенін еске салып өтті.

«Егер Жогорку кенеш, билік шешім қабылдаса, ғалымдар мен зиялы қауым латыншаға көшуге дайын», – деп сендірді Осмоналиев.

Бүгін Қырғызстан парламенті мемлекеттік тіл туралы заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат түпкілікті қабылданғаннан кейін қырғыз тілі 11 салада міндетті түрде қолданыста болады. Олардың арасында билік органдары, сот өндірісі, қорғаныс, халықаралық келісімдер, географиялық атаулар, білім, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары бар. Соңғы жағдайда телехабарлар көлемінің 65 пайызын ұлттық тіл құрайтын болады.

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, қырғыз тілі мемлекеттік мәртебеге ие, ал орыс тілінің ресми деген статусы бар. Жаңа заң осыны сол қалпында қалдырады.

Алайда Ресейде қырғыз елінде болып жатқан бұл жаңалықтарға наразылық білдірушілер табылып жатыр. Олар Қырғызстанды Украина мен Грузия жолына түсіп барады деп айыптап үлгерді. Мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Светлана Журова мұны орыс тілін «қысып тастау» бағытындағы «кішкентай қадамдар» деп бағалады. «Бұл, сөз жоқ, Қырғызстанда көп болып тұрып жатқан орыс адамдарының құқығын бұзады. Ал келесі кезең – мектеп, содан кейін тағы бір нәрсе болады, бұл Грузиядағы сияқты нәрсе, өкінішке қарай, онда жастар іс жүзінде орыс тілінде сөйлемейді. Біз Украинадағы тірліктің де осыдан басталғанын білеміз», – деп соқты депутат.

Журованың ойынша, жағдайға Ресей президенті араласуы тиіс. «Бәлки, мұны Владимир Владимировичке жеткізу керек шығар, ол өзінің Қырғызстандағы әріптесіне әлдеқандай бір ескерту жасауы керек», – деді ол.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button