Қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбек өмірден өтті
Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Бүгін қазақ сатирасының сардары, белгілі журналист Көпен Әмірбек біршама уақытқа созылған дауасыз дерттен кейін, жасы 73-ке қараған шағында өмірден өтті.
«Көпен Әмірбек қайтыс болды!» деген, жай түскендей жаман хабардан ес жия алмай, әлі есеңгіреп отырмын. Қазақ сатирасының сайыпқыран сардарынан айырылдық! Алты Алашқа, ел-жұртқа, отбасына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Қош, қаламдас дос! Бақұл бол!» деп жазды Facebook әлеуметтік желісінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет осы қайғылы оқиғаға орай.
Көпен Әмірбек 1950 жылы 29 наурызда Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облысының Қызылқұм (Отырар) ауданында туған. 1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Университеттен кейін екі жыл Қиыр Шығыста кеңес армиясы қатарында офицер болып қызмет атқарып, елге 1975 жылы оралды. Сол уақыттан бастап саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактор баспалдағымен жүріп өтті, мұның арасында ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы, «Қазақ әдебиеті» газетінде сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі, «Егемен Қазақстан» газетінде фельетон бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді, Бас прокуратура мен Жоғарғы сотта баспасөз хатшысы, Қазақ радиосында бас редактор лауазымдарын атқарды. Тағы бірқатар жылдар саяси-қоғамдық сатиралық «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы болды..
Көпен Әмірбек 1978 жылы Мәскеуде, 1980 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық жас сатириктер конкурстарында лауреат атанды. Соның нәтижесінде сатиралық әңгімелері «Правда» газетінің баспасынан шыққан «Надейся и жди», «Крохотные звезды» атты ұжымдық жинақтарда жарияланды. Оның қаламынан туған әзіл-сықақ туындылары әр жылдары «Аты жоқ кітап», «Алып», «Тілім қышып барады», «Қысыр әңгіме», «Ауызбастырық», «Мың бір мысал», «Неменеңе жетісіп күлесің?», «Өзіңді танисың ба?», «Сайдағы қойшыдан сарайдағы патшаға дейін», «Па, шіркін пародия!» секілді жинақтар болып жарыққа шықты. Кезінде «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отауларының белсенді авторларының бірі болды. Өзі құрған «Көпен келе жатыр!..» әзіл-сықақ, пародия театрымен де көрерменге кеңінен танылды.
Көпен Әмірбек осы жылдардағы елеулі еңбегі арқасында Президент гранты мен «Парасат» орденінің, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атанды.
Қош бол, сатира сардары, қайратты қаламгер, абзал азамат, ардақты аға-дос!