Аманатқа қиянат қияметте алдан шығады
Мен бұл жолдарды кешеден бері «Қазақ әдебиетінің абызына айналған жүз жасаған ағамыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тірі кезіндегі аманаты неге орындалмайды?» деген пікірлерге от қосып, қосымша айтысты қоздыру үшін жазып отырған жоқпын. Мен тек осыған орай Қазақ елін бүкіл жұмыр жерге танытқан абыз ағамыздың мәңгілік мекенін анықтаудың алғашқы шараларының басы-қасында болған адамдардан қалған қазіргі тірі куәгер ретінде болған оқиғаны Әбекеңнің жамбасы жерге тимей тұрып баяндап беруді өзімнің азаматтық парызым деп есептеймін.
Мен Әбекеңді 80-ші жылдардың басынан бастап жақсы білемін. Ол кезде Қазалы аупарткомының бірінші хатшысы Елеу Көшербаев ағамыз еді, ал мен ауаткомының төрағасының орынбасары болатынмын. Сол жылдары Әбекең қасына Қазақстанға белгілі жазушы Тахауи Ахтановты, мәскеулік аудармашысы А.Красновты ертіп, ауданға оқырмандармен кездесуге келді. Кездесуден кейін келген кісілер аупарткомының бюро мүшелерімен бірге біздің үйде қонақ болды. Ол кез жаз айы болатын, қонақасыдан кейін аупарткомның бірінші хатшысы Е.Көшербаевтың тапсырмасымен қонақтарды Сырдарияға шомылдырдым. Ал Арал қаласына шығарып салардың алдында, келген кісілер өз кітаптарына қолтаңба жазып, маған сыйға тартты. Ол кітаптар әлі күнге дейін менің жеке кітапханамда сақтаулы тұр.
Осы кездесуден кейін мен аупарткомының екінші хатшысы, ауаткомның төрағасы болған кездері де Әбекеңмен жиі хабарласып тұрдық. Кейін менің Қызылорда облаткомы төрағасының орынбасары, облыс әкімінің бірінші орынбасары кезімде де жазушымен жиі араластық. Оған Қызылорда облысының соңғы бірінші хатшысы, алғашқы әкімі, Қазақстанға белгілі тұлға Сейілбек Шаухамановтың Әбекеңмен достық, азаматтық сыйластығының да себебі болды. Сол жылдары Әбекең жаз кезінде Қызылордаға келіп, обкомның саяжайы мен резиденциясында айлап жатып, творчестволық жұмыспен айналысатын еді. Сол кездерде оның жағдайын жасап, ылғи қасында болатын едім. Кейін мен тағдыр жазып, 2004-2013 жылдар аралығында Әбекеңнің туған жері – Арал ауданының әкімі болып қызмет атқардым.
2005 жылдың жазында Сейілбек Шаухаманов ағамыз хабарласып, жақын күндері Әбекеңніің әйелі, қызы, немересі Кәрім үшеуі елге сапармен келетінін, осы жолы өзінің әке-шешесі жерленген бейіттің қасынан өзінің мәңгілік мекенін белгілейтінін хабарлағанын, осы сапарға өзімен бірге болуын өтінгенін және Арал ауданының әкімінің бірге болғанын қалайтынын айтты. Ол кезде Сәкең облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болатын. Осы хабардан кейін Әбекеңнің өзі маған телефон соғып, сапарының жоспарын түсіндірді. Сапарын Ақтөбе облысының Шалқар қаласынан бастау себебі, онда анасының жерленгенін, алдымен отбасымен бірге оның басына барып, құран бағыштап, кейін бабалары Арғынбай, Сламбай жерленген жерлерде бір күннен болып зират етіп, соңында сонау Арал теңізінің сыртында әкесі Нұрпейіс жерленген жерде бір-екі күн болып, сол маңнан өзінің мәңгілік мекенін белгілейтінін айтты.
Мен Әбекеңнің осының бәрін іле облыстың сол кездегі әкімі Икрам Адырбековке баяндадым. Ол маған Сейілбек ағамен бірге Әбекең келген күннен бастап қайтқанша бірге болуды тапсырды. Әбекеңнің ұлы бабасы Арғынбай Ақтөбе облысының «Боташ» деген жерінде жерленген екен. Ал бабасы Сламбай мен әкесі Нұрпейіс жерленген жер Арал ауданының территориясында, аралары қашық болатын. Сондықтан ауданнан үш жерге де киіз үй тіктіріп, вагондар апарып, мал сойып, дастарқан жайып, Әбекеңнің семьясы мен қасындағы адамдардың демалуының барлық жағдайын жасадық. Бес күнге созылған сапары кезінде айтылған мәселелер мен болған оқиғалар – бөлек әңгіме. Амандық болса, ол туралы кейін жазармыз.
Сонымен, Шалқар қаласында Әбекеңнің анасы жерленген бейітке барып, құран бағыштағаннан кейін Шалқар ауданының сол кездегі әкімі Рахат Сыдықов бастап, Әбекеңнің отбасымен бірге ұлы бабасы Арғынбай жерленген жерге келіп қондық. Ертеңіне Арал ауданындағы Сламбай бабасы жерленген бейітке барып, зиярат етіп, келесі күні кешке ауданның Беларан шыңының жиегіндегі әкесі Нұрпейіс, әжесі және басқа туыстары жерленген қорымның басына келіп құран бағыштадық. Әкесі жерленген бейітте «Ардақты ата, әке, балаңыз, менің әкем Кәрімнің Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерінен топырағын әкеліп, өзіңнің бейітіңнің қасына жерледім, ұрпақтарыңды желеп-жебеп жатыңдар» деген мағынада Әбекеңнің өзі жазғызған құлпытасы қойылған екен.
Сол жерде Әбекең Сейілбек ағамызға қарап: «Сәке, өзіңіз білесіз, жасым сексеннен асты, көптен бері ойымда жүрген үлкен шаруаны бітіріп, Нұрпейіс әкем мен Кәрім әкемнің топырағы жерленген, мен үшін қасиетті осы бейіттің жанынан, отбасым мен сіздердің қатысуларыңызбен өзімнің мәңгілік мекенімді белгілесем деймін», – деді.
Сол күні ұлы теңіз жағасында тігілген үйден қонағасы жеп демалдық. Ертеңіне таңертең мен Сейілбек Шаухаманов ағамызды қасыма алып, біздің жанымыздағы Беларан шыңының басына шықтық.
Содан кейін мен Сәкеңе: «Әбдіжәміл ағамыздың ата-бабасының жанына келіп мәңгілік жатамын дегені дұрыс шығар, алайда, күллі қазақ емес, жұмыр жерге аты белгілі ағамыздың осы шыңның басына орын тепкені дұрыс емес пе, шыңның етегіндегі әке-шешелері де баласының қасына келгенін сезіп жатпай ма?» – дедім. Сейілбек Шаухаманов ағамыз: «Бұл пікірің өте дұрыс екен, мына жер Әбекеңнің шығармасына арқау болған Беларан шыңымен, Ұлы теңіздің айдыны көрініп жатқан биік жер екен, осы ұсынысымызға Әбекеңді көндірейік», – деді.
Сосын көлік жіберіп Әбекеңді алдырдық.
Сейілбек ағамыз жазушы ағамызға жаңағы ұсынысты жеткізді. Ол сонда біраз ойланып тұрып: «Мен бұл ұсыныстарыңызды қолдаймын, онда осы шыңның басына отбасымды, немерем Кәрімді алдырып, мына орынды белгілейік», – деді. Шыңның басына әйелі, қызы, немересі келгеннен кейін Әбекең қалтасынан беторамалын алып, сол жерден бір уыс топырақ түйіп алып, толқып, тебірене тұрып былай деді: «Ажар, кызым, балам Кәрім, Алматыдан шыққаннан бергі сапарымыздың нүктесі осы арада қойылайын деп тұр. Әкелеріңе топырақ дәл осы жерден бұйырады деп есептеймін», – деді.
Содан кейін Сейілбек ағамызға қарап: «Сәке, сен киелі қазақтар пір тұтқан қожа әулиетінің бір тұтар азаматысың ғой, мынау тұрған балама, қызыма, бәрімізге батаңды бер», – деді.
Сәкең Беларан шыңының басында тебірене тұрып, бәріміздің есімізде қалатындай салиқалы бата берді.
Түске таман «Құланды» шаруашылығының басшысы Алдоңғар Тілеуовтің ұйымдастыруымен шыңның жиегіндегі теңіз жағасынан үлкен қойтасты «Урал» автокөлігіне тиеп, жаңағы жерге әкеп түсірдік. Үлкендігі жасөспірім баланың биіктігіндей үлкен сары қойтас әлі сол жерде тұр.
Келесі 2006 жылы жазда Әбекең Маңғыстау облысының сол кездегі әкімі Қырымбек Көшербаевтың кабинетінен хабарласып, кеше Қырымбек інісінің басшылығымен өзі жерленетін жерге Маңғыстаудың ұлар тасын екі «КамАЗ»-ға тиеп жібергенін айтты.
«Ертең мен тікұшақпен Беларанға барамын, сен Аралдан тиісті құрылысшы жігіттерді заттарымен әкеліп, өзіміз белгілеген жерді қазып, Маңғыстаудың ұлар тасымен төрт жағын, еденін шегендеп, бетін темір бетон плитамен жабуың керек» деді сосын.
Ертеңіне мен Аралдан қажетті техникалармен материалдарды алып, құрылысшы жігіттеріммен бірге өткен жылғы теңіздің қой тасы қойылған жерге келдім. Әбекеңнің өзінің айтуымен, бір адамдық бейітті қазған кезімізде бір метр жерден кейін аппақ таза кварц құмы шықты. Бұны жақсы ырымға жорыдық. Қазылған бір адамдық бейіттің төрт жағын, еденін Маңғыстаудың ұлар тасымен өріп цементтеп шықтық. Ортасына Әбекеңнің өзінің айтуымен аппақ кварц құмын үйіп қойдық.
Сосын Әбекең әзіл-шынын араластырып, «Мен жас кезімнен бері жыланнан қорқамын, сондықтан ағаңның жататын жерінің төрт қабырғасын, еденін ұлар таспен қалатып, цементпен сылатып жатқаным сол», – деді.
Сосын маған қарап тұрып жігіттердің көзінше: «Сексеннен астық, өмір бар жерде қаза бар, ағаң олай бұлай бола қалған кезде өзің, айналайын, әдейі келіп, мына темір бетон плитаны көтергізіп, астындағы ақ кварц құмды жайып, ағаңды соған жатқызасың» деді.
Келесі 2007жылы жазда Әбекеңнің тағы бір тапсырмасымен болашақ бейітінің басына, бір жағына қазақша, бір жағына орысша «Қан мен тер» романындағы Еламанның монологы жазылған қара гранит плитаны тас тұғырға орнаттық. Одан кейінгі 2008 жылы жазда Әбекеңнің «Соңғы парыз» романындағы Жәдігердің орысша, қазақша монологы жазылған қара гранит плитаны да тұғырына қойдық.
Бір сөзбен айтқанда, төрт жыл бойы жазда Әбекеңнің көзі тірісінде өзінің басшылығымен Беларан шыңындағы бейіті салынып бітті. Ең соңғы келгенінде Әбекеңнің айтқаны: «Мен жерленгеннен кейін жердің бетінен биік бейіт салудың қажеті жоқ, тек қана Еламан мен Жәдігердің монологы жазылған белгі таспен өзім жататын бейітті мал баспайтындай етіп, темір шартақпен қоршалсын» болды.
Ал кешеден бері Әбекең дүниеден өткеннен кейін, аманатқа қиянат жасап, түрлі пікірлер айтып, оның жататын жерінде күмбезді бейіт бар екен деген сияқты шындыққа жанаспайтын алып-қашты әңгімелер көбейіп бара жатқасын, осы оқиғаның ұдайы басы-қасында болған адам ретінде барлық жағдаятты ешбір қоспасыз баяндап бергенді жөн көрдім.
Кейбіреулер айтып жүрген «Әбекең Беларандағы бейітін өзі жату үшін емес, халықтың, қоғамның назарын аудару үшін жасатыпты» деген де ұшқары сөздер. Енді келіп, төрт жыл бойы өзі қатынап, басында тұрып салғызған бейітіне өмірінің соңында жатқысы келмей, «Кеңсайға» жатуды өзі қалады» деген қауесетке қапелімде сене қою да қиын. Сірә, қазақта «Өлінің айтқанын тірі қылмайды» деген сөз осындайда айтылған сияқты.
Дәстүрімізде «Бос жатқан мола өлім шақырады» деген қолайсыздау ырым бар.
Енді қазақтың абызына айналған Әбекеңнің өзі салдырған бейітіне кім жатады? «Әй, пенделер, біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боларсың» деп мазараттарда жазылып жүргеніндей, Әбекеңнің аманатына қиянат жасағанымыздың обалын кім көтереді? Аманатқа қиянат қияметте алдан шығатынын неге ұмытамыз?
Сұрақ көп, жауап жоқ…
Нажмадин МҰСАБАЕВ,
Арал қаласы