Арал өңірінде еркін экономикалық аймақ құрылуы керек
Қызылорда облысының әкімі Г.Н. Әбдіқалықоваға
Құрметті Гүлшара Наушақызы!
Арал өңірі «Экологиялық апат аймағы» болып танылғаны әлемге аян. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуы мен Арал теңізі тартылуының шарықтау шегі қатар келді. Содан бергі теңіз тағдыры – мемлекетіміздің тағдырының айнасы, ел берекесінің таразысы іспетті. Мемлекет жетістігін Арал өңірінің хал-жағдайымен салыстырып байқап отыруға болады.
Мемлекет шама-шарқынша Арал өңіріне қолдауын жасап келеді, ҚР «Апат аймағы туралы» Заңы аясындағы қолдау, 2005 жылғы Солтүстік Аралды сақтап қалу мақсатындағы Көкарал бөгетін салу аса ірі жұмыс болды. Басқа да белгілі бір деңгейде жұмыстар атқарылуда. Аталған жұмыстардың бәрі Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын бір деңгейде ұстап тұру үшін атқарылған қам-қаракет еді. Өткен кезеңде іске асқан мұндай іс-шараның әрбірінің маңызы айрықша.
Алайда, экологиялық жағдайы жер-жаһанға мәлім Арал өңірінің көш-керуенге ілдебайлап ілесе бермей, өзінше даму жолын анықтайтын уақыты келіп жетті деп санаймыз. Өткен отыз жылғы асуда елді сақтап қалу мақсат болса, енді алдымызда өсіп, өркендеу жолы тұр. Демек, міндет – дамудың даңғыл белесіне көтерілу. Бұл ретте өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті ғана емес, рухани дамуы да артта қалмауы шарт.
Сондықтан аумақтағы жаңаша даму жолы стратегиясының бірегейі ретінде Арал өңірінде мынадай еркін экономикалық аймақ құруды қолға алуды сұраймыз:
Біріншіден, Арал өңірінде еркін экономикалық аймақ құру – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылы Көкарал бөгетінде тұрып САРАТС-2 жобасын жалғастыру туралы тілегі мен тапсырмасының орындалуы. Аймақтың құрылуы Бүкіләлемдік даму банкі мен басқа да институттардың өлкеге қаржы әкелуіне үлкен жол ашары анық.
Екіншіден, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Көкарал бөгетін сақтап қалу туралы тапсырмасы мен өңірдің дамуы үшін мұнай кен орындарын зерттеу басқа да шараларды жүзеге асыру үшін облысқа қолдау жасау туралы биылғы тапсырмасын орындау үшін айрықша мүмкіндік береді.
Үшіншіден, мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың айтқанындай, Аралда 130 миллиард текше метр мұнай қорынан басқа, мол уран қоры бар екендігі, көмір мен темір, кварц пен тұз, алтын қоры бар, олар да тиісінше зерттеуді, қайта бағалауды қажет етеді.
Төртіншіден, Кіші Арал теңізінің деңгейін көтеру үшін жерасты суларын пайдалануды қарастыру қажет. Алда Ақтөбе, Қызылорда өңірлеріндегі жерасты сулары қорын геологиялық зерттеу, оларды жүйелеп, картасын жасау міндеті тұр. Бұл ретте Байқоңыр космодромы пайдалануындағы жерасты су жүйесі «Қиыр» («Дальный») кешенінің қайта саралаудан өтуі – өңірдегі өмірлік маңызды шаруаның бірегейі.
Бесіншіден, Арал аумағы – транзиттік «тоғыз жолдың торабы» яки автожол, теміржол, әуежол, газ-мұнай құбырлары өтіп жатырған өңір. Бұл табыс көздері де мониторингтен өткізіліп, жүйеленуі тиіс. Еркін экономикалық аймаққа мұның мол қатысы болғандықтан, салықтық жеңілдіктерге орай, өңірге республикалық бюджеттен қаржылай көмек балансы айқындалуы қажет.
Алтыншыдан, Арал қаласының мәртебесі 1936 жылдан бері бар. Бүгінде Арал қаласында 40 000 шамасында халық тұрады, жайыла жер теліміне орналасқан. Алайда, қала еліміздің «Сәулет және қалақұрлысы туралы» заңына сай келмейді. Қала үйлерінде жүйеленген, орталықтандырылған су, жылу, газ, канализация жоқ. Сондықтан жаңа аталған заң талабына сай көпқабатты қала салуды қолға алу керек. Осы ретте Арал қаласында теміржол көпірін салу өте өзекті мәселе санатында тұр. Қала тынысын тарылтып тұрған көлік нөпірін тыятын осы көпір болмақ.
Жетіншіден, өңірді сыртқы және ішкі туризмге лайықтау, дамыту үшін жағдай керек. Әлем мәдениетіне қызығушылық тудыратын сақтар, апрасиактар, эфталиттерге ортақ Шірік-Рабат, Кердері тәрізді көне қалалар орны, оғыз-қыпшақ пен Дешті-Қыпшаққа ортақ Қорқыт ата, ел ішінде «күйік-қала атанған Жанкент, Бегім-ана орындары осында. Көне Еуропа қыпшақтары үшін тартымды «Татран» (Польшаның орталық бағы Татран аталады, чехтардың «Татра» көлігі, «Игорь полкы туралы жырда» жазылған тайпа), Күлік (Куликов даласы) руларының әлі күнге осы өңірлерде тұрып жатқаны – шынымен де, туристерді өзіне тартып, қызықтырары анық. Ислам елдерінен келгендер Ақиректегі Арыстанбап мазарына зиярат етсе, қасиетті орынның қадірі артар еді. Әлбетте, сыртқы туризмге мәдени-рухани орталықтарды жаңғырту, жаңарту арқылы қол жеткізуге болады.
Ішкі туризмге 1710 жылғы Қарақұм құрылтайының орны, Кенесарыны хан көтерген Борсық, Жанқожа батыр, Сартай батыр, Сырлыбай батыр, Әйдәрбек, Есенәлі іздерімен, сонау Асан қайғы мен баласы Абат батыр жолымен, кесенелерімен қам-қарекет жасау қажет. Одан берідегі Нұртуғандай дүлдүл шайырдың, Қара молдадай әулиелік қасиет қонған тұлғалардың мәңгілік тыныстаған мекендеріне келіп, рухтанар жырсүйер жұрттың ынтасы зор, тәу етер жамағаттың ықыласы мол. Әттең, заманынан озық туған ойлыларға тағзым етуге апарар жолдар ойлы-қырлы.
Ақеспенің ыстық шипалы суы, Бурабайдың емдік балшығы мен аумақтағы құяңды қағып түсерер ыстық ақшағыл құмдарға «шомылар» адамдардың қазірдің өзінде қарасы қалың. Осындай мақсатпен аумаққа ағылар жұрттың көбейгенін қаласақ, жолды жақсартып, сервистік қызметпен қамтамасыз етейік. Маусымдық туризмімен танымал бола бастаған Қамбаш көлінің жағасы, әне-міне дегенше, төрт жүз метрге алыстап кетті. Сонау елуінші жылы төрткіл дүниеде мөлдірлігі жөнінен төртінші орында тұрған көлді бәз-баяғы қалпына келтіре алмасақ та, тиісінше сумен толтырып, маусымдық туризмді өрістетуге болады. Бұл ретте Арал маңындағы көлдер жүйесіне зерделі зерттеу керектігі, өз алдына.
Сегізіншіден, халыққа білім беру, жұмыс беру, әлеуметтік қолдау шараларын жүйелеу ол шараларды толығымен мемлекетке бағынышты етпеу үшін Аралда халықаралық оқу орындарын ашуды қолға алу керек. Бұған бұрынырақта Арал қаласында әскери оқу орындары мен әскери полигондардың болғанын ескере келе, жоғарғы әскери оқу орнын ашып, халықаралық Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Венгрия, Жапония, Корея т.б. біріккен экологиялық университет ашуға қол жеткізу қажет. Тиісті ғимараттарын, оқытушылар үйі мен жатақханаларды, қонақ үйлерді Кіші Арал жағалауына салу арқылы жағажай туризімінің дамуына қол жеткізуге болады.
Тоғызыншыдан, Арал өңірінде 90-шы жылдарға дейін бактериологиялық, ракеталық сынақ полигондары болғанын, сондай-ақ, Байқоңыр космодромы жанымызда болғандықтан (теңіз зардабы тағы бар), халықаралық сала мамандарын қатыстырып, аумақ тұрғындарының денсаулығы тәуелсіз кешенді-комиссиялық сараптамадан өткізілуі керек. Жиырмаға жуық жойылып кеткен елдімекендер (мысалы, «Ұялы» ауылы (Р.Бағланова мен Ұ.Қараманов туған), «Қасқақұлан» – Арал балықшыларының ордасы іспетті т.б.) тізімі жасалып, тиісінше, тарихи, мәдени бағасы берілуі тиіс. Алдағы уақытта осы тектес шет қалған ауылдарға (Құланды, Ақеспе т.б.) қомақты көмек көрсетіліп, топалаң көшіруге ұшыратпай, сақтап қалу, жұмыс орындарын ашып, оған орналасу жағдайын жасаған жөн.
Оныншыдан, еркін экономикалық аймақ өкілеттігін пайдалана отырып, 50-60 жылдары жоспарланғандай, үлкен өндіріс көзінен, яки мұны мұнай өңдеу заводынан бастауды ұсынар едік. Бұл жоба Қырымбек Көшербаевтың кезінде басталған болатын.
Арал азаматтарының осы өңірге, туған жеріне инвестиция салуына жол ашылып, қаржысын жұмсауға лайықты жобалар ұсыну керек. Кіші Аралдың жағажай демалыс орнына айналуы шағын және орта бизнес инвестициясы көзіне айналуы керек. Дінмұқанбет Құдайбергенов пен Элизабет Тұрсынбаева атындағыакустикалық ерекшелігі ескерілген музыкалық зал мен заманауи мұз алаңы бар Жастар ғимаратын салуды жобалаудың жөні бөлек.
Он бірінші, еркін экономикалық аймақ мәртебесі аясында Арал өңіріндегі жүйесіз басқарушылықтың барлығын (мысалы, Арал теңізі мен көлдер жүйесіне қатысты бақылау инспекциясының Шардараға бағынуы тәрізді) жойып, орталықтандырған жөн. О бастағы ережеге сәйкес, Халықаралық Аралды құтқару қорының қазақстандық филиалы Қызылордаға орналасуы тиіс. Өйткені, Арал теңізін қорғайтын қордың экологиялық эпицентрге жақын орналасуы әлдеқайда тиімді болмақ.
Арал теңізінің құм басқан аумағына сексеуіл егуге жыл сайын қомақты қаржы шығындағанша (отыз жылда тоғайлы орманға айналар еді, олай болмады), теңіз мен оның маңындағы көлдер жүйесіне тиісті мөлшерде су келтіруге қажет гидротехникалық құрылғыларға қаражат жұмсаудың мән-маңызы зор екенінін баса айтқымыз келеді. Сексеуілге сан мыңдаған ақша жұмсамай-ақ, табиғи түрде жымдаса өскен жыңғыл-тоғайды сақтасақ, қалың құмның бетін қайтаратын қаһары бар.
Әлбетте, ерекше ойға тамызық боп отырған еркін экономикалық аймақ орталығы облыстан тікелей қадағаланып, облыс әкімінің құзырымен басқарылатын болады. Орнықты ой айту, пайымды пікір білдіру – парызымыз. Атам заманнан бері атамекенімізге айналған Аралдың ары жолына ел-жұртымыздың аянып қалмасы анық.
«Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі.