Жасанды жауын-шашынның жамағатқа пайдасы қандай?
Өткен 2023 жылдың 15-17 мамыры күндері Арал қаласында «Тұран ойпаты Арал теңізі» ҚБ-нің ұйымдастыруымен халықаралық деңгейде Арал- ЕЭА 2023 экономикалық форум өткізілді. Форум БҰҰ-ның «Арал өңірін экологиялық инновация және технологиялар аймағы» деп жариялаған 18.05.2021 ж. қарарының (резолюциясының) және Қазақстан Республикасының 04.11.2016 ж. заңымен ратификацияланған «Париж климаттық келісімі» негіздерінде «Экологиялық апат аймағынан жасыл экономиканың жетекші аймағына айналайық» деген ұстаныммен өтті.
Қайталап тоқталсақ, экономикалық форумға онлайн тәртібінде Ресей, Иран ғалымдары және де Қазақстан Республикасының Аманат партиясы фракциясы депутаттары, «жасылдар» партиясы, Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясы, Республикалық «Халық үміті» ҚБ әр саладағы бизнес өкілдері қатысты. Арал өңірінің Еркін экономикалық аймаққа айналуына бағытталған біріккен меморандумдарға қол қойылды.
Осы экономикалық форумға ХАҚҚ-ның шақыруымен «International Center of Climat Texnologies” LTD қазақшаласақ «Халықаралық климат технологиясы орталығы» ЖШС қатысты. Арал -2023 ЕЭА экономикалық форумына қатысқан Алтай Айнабек әлемде кеңінен пайдаланылатын жауын-шашынды көбейту немесе «жасанды» жаңбыр жауғызу технологиясының мүмкіндіктері, өздерінің компаниясының Біріккен араб Эмираттары, Иран, Австралия, Өзбекстан т.б. елдермен байланыста жұмыстар жасап келе жатқандары туралы түсінік беріп, бұл технологияның аридтік климатты өңірлерде кеңірек пайдалану қажеттілігін, Арал теңізіне жаңбыр жауғызу арқылы көмек көрсетуге болатыны туралы арнайы слайд -дәріс өткізген болатын.
Әлемторда «Аридтік климат — температурасы жоғары және оның тәуліктік ауытқуы үлкен, атмосфералық ылғалдылығы жеткіліксіз, ал буланғыштық мөлшері жылдық жауын-шашын жиынтығы мөлшерінен артық болған жағдайда қалыптасатын құрғақ климат. Аридтік климат шөл мен шөлейт белдемдерге тән. Топырақта ылғал аз болғандықтан өсімдік өте сирек өседі, ауа мен жер беті күндіз қатты қызып, түнде едәуір салқындауы салдарынан тау жыныстары үгіліп құмға айналады. Мұндай аймақтарда егін тек қолдан суландыру жолымен ғана егіледі. Қазақстанның қоңыржай ендіктегі шөлдері мен шөлейттері мұхиттан алыс жатқандықтан және одан келетін ылғалды ауаға тау жоталары тосқауыл болатындықтан ондағы ауар райы ғылымда Аридтік климат деп аталады» деп түсіндіреді.
Арал -2023 ЕЭА экономикалық форумынан бері климат мәселелерімен кәсіби деңгейде айналысатын өзіміздің қазақ Алтай Айнабек інімізбен байланысымыз үзілген емес.
Жақында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы № 13-16/175 от 01.03.2024 шығысхатпен «International Center of Climate Texnologies” LTD-нің технологиясының «Халықаралық жасыл технологиялар орталығы және инвестициялық жобалар» КЕАҚ-ның жасыл технологиялар Реестріне(тізіліміне) енгізілгендігі туралы мәлімет берілген. (сілтеме https://greenregister.igtipc.org/category/reestr/)
Түсінікті болуы үшін тоқталып өтсек, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ 2018 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен құрылған. Орталық 2018 жылдың 17 мамырында «Global Challenges Summit 2018» АЭФ барысында әлемдік қауымдастыққа ұсынылған.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ – жасыл технологиялар саласындағы іргелі бастамалардың бірі.
Қоғам миссиясы-экономиканың бәсекеге қабілеттілігін, халықтың өмір сүру сапасын арттыру және қоршаған ортаға теріс әсерді төмендету үшін жасыл технологияларды ілгерілету және бизнесті қолдау.
Жасыл экономикаға өтудің ұлттық мақсаттары:
- Қалдықтарды меңгеру жүйесін құру
- Орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту
- Су ресурстарын тұрақты пайдалану
- Жаңарылатын және баламалы энергия көздерін пайдалану
- Қоршаған ортаға келеңсіз әсерді қысқарту
- Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру
- Экожүйелерді үнемді және тиімді пайдалану
Яғни, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ-ның ұстанымы, жемісті жұмыстары қай жағынан алса да экологиялық апат аймағында орналасқан Арал өңірі үшін де тиімді орталықтардың бірі болуы тиіс.
«International Center of Climate Texnologies” LTD-нің технологиясының «Халықаралық жасыл технологиялар орталығы және инвестициялық жобалар» КЕАҚ-ның жасыл технологиялар Реестріне(тізіліміне) енгізілгендігі жақсы, қуанышты мәлімет деп санаймын.
Себебі, тоқталып өткеніміздей «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ Қазақстан үкіметімен танылған ұйым. Демек, Қазақстан Үкіметінің жауын-шашынды көбейту технологиясын қолдану процесін қаржыландыру мүмкіндіктері бар деген сөз. Арал өңірінде мемлекеттік қаржыландыру арқылы жауын-шашынды реттемесе басқа қандай да бір қаржыландыру көзін табу мүмкіндігі жоқ десек те болады. Сондықтан барлық үмітіміз Үкіметте, билікте екендігі күмәнсіз.
Мысалы десек, өткенде Солтүстік Аралды сақтап қалу үшін, Президенттің 2019 жылғы айтқан сөзі, халық тарапынан өткізілген «Аралға су келе ме?» ЭКОМАРАФОН-2022 халықаралық экологиялық акцияның қарсаңында ҚР Парламенті депутаттарының көшпелі сессиясы және ҚР Парламенті-Сенат төрағасының араласуымен Көкарал бөгетін бекіту мақсатында 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Байқауымша, осы қаржы бір көзден Қазсушаруашылығына бөлініп, белгілі бір деңгейде жұмыстар жүргізілуде, алайда, 2005 жылы салынып, амортизациялық тозуға шыққан Көкарал бөгетінің өзіне қатысты әзірге ешқандай (тоғыз көздің бір-екеуі су жіберіп тұрғанын көрген едік) жұмыстар атқарылмағаны белгілі. Маманы болмаған соң араласуды жөн көрмейміз. Бірақ қыруар қаржы желге ұшпаса екен дейміз.
…Биыл 2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Халықаралық Аралды құтқару қорының төрағалығы қызметіне кірісті.
Үш жылдық төрағалық қызметінде Арал өңіріне жауын-шашынды көбейту технологиясын қолдануы, жасанды жауынды қолданатын әлемдегі 80-нен астам елдерден Қазақстандық жауын жауғызу (иондау) технологиясының өз ерекшеліктері бар, инновациялық «жасыл» технологияны қолдануы аса ірі жетістік болып шығары анық.
Осы себепті ХАҚҚ -ның төрағасы, атқарушы дирекциясы, су мен экология, ауылшаруашылық министрліктері Қазақстан Республикасында алғаш қолданылған жасанды жауын жауғызу арқылы су тапшылығына қарсы шараларды қолға алғандығын көрсетеді деп сенеміз.
Атап өтетін жайт, «International Center of Climate Texnologies” LTD-нің жауын-жауғызу технологиясы Маңғыстау облысында 2022 жылы наурыз-мамыр айларында, Түркістан облысында 2023 жылы тамыз айында сынақтық қолданыстан өтіп, жауын -шашынның едәуір жоғары болғандығын көрсетті. Мұны растайтын арнайы мекемелердің деректері осы жазбаға тіркеледі.
Осы ретте кейбір ағайынның аса күмән туғызып, жауын-шашынды ғылыми технологиялар арқылы алу мүмкін емес, жауын тек «Алланың қалауымен» келеді немесе «бұлт жоқ жерде ауа ылғалын қайдан аласың?» деген сұрақтардың дәрменсіз екендігіне тоқталып өту жөн болар.
Алланың өзі де рас, өзі де рас деген Абай атамыз айтқандай, бір Алланың бар екеніне оның шексіз қабілетіне күмән жоқ. Ғылым – парыз дегендей, заманға сай жаңа технологиялардың дамуы да сол бір құдайдың пәрменімен болып жатқанына күмән бола ма? Космос пен ұялы телефонның игілігін көріп отырғанымыздай, әлемде 80-нен астам ел игілігін көріп отырған жауын жауғызу немесе ауадағы бу күйіндегі мұхиттан су алу мүмкіндігін аридтік климатта отырған халық пайдалануы тиіс. Ал бұлт жөніндегі сұраққа Алтай Айнабектің өзі талай жерде жауап беріп жүр.
Аридтік климатта иондау арқылы жауын алу, жауын шашынды көбейту технологиясы – ғылыми жетістік. Ең маңыздысы жүйелі түрде бірнеше жыл пайдалану болып отыр. Себебі, алғашқы жауын-шашынның нәтижесінде жердің көгалдану, ормандану процесі ұлғаяды да, жасыл-желек өз қасиеттеріне сай иондану процесін ұлғайтып, табиғи түрде жауын шақырады екен (климат маманы Алтай Айнабек). Керемет емес пе?
Президенттің 2 млрд ағаш отырғызу деген тапсырмасының астарында осындай үлкен игілікті із жатқан болса керек. Демек, осы бағытқа, ағаш егу процесіне әкімдіктеріміз жеткілікті деңгейде түсіндіру, волонтерлер мен қоғам белсенділерін, экологтарды тарту шараларын кеңінен қолға алуы керек екен.
Нұртуған ТҰРЖАНОВ,
«Тұран ойпаты – Арал теңізі қоғамдық бірлестінің жетекшісі