Маск Украинада Starlink-ті жауып тастайтынын айтып қорқытты

УАШИНГТОН. 9 наурыз. Америкалық миллиардер Илон Маск Украинаны Starlink спутниктік интернет жүйесінен ажыратып тастауы мүмкін екенін айтты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол Ресейдің әскери агрессиясынан қорғанатын ел үшін бұл қадамның салдары өте ауыр екенін атап өтті.
«Менің Starlink жүйем – Украина армиясының тірегі. Егер мен оны өшірсем, олардың алдыңғы шебі түгел күйрейді», – деп жазды ол жексенбі, 9 наурыз күні X әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, ұзақ жылдарға созылып келе жатқан, «Украинаны сөзсіз жеңіліске алып баратын қасаптың» көптен бері тұйыққа тірелуі өзінің «құсқысын» келтіреді екен. «Жағдайға шынымен алаңдайтын, шын ойланатын және шын түсінетін кез келген адам бұл қанды қырғынның тоқтағанын қалайды», – деді ол сосын.
Ақпан айының соңында Масктың SpaceX компаниясы Starlink интернеті АҚШ пен Украина арасындағы жер асты қазба байлықтары туралы келісімге қатысты келіссөздер сәтсіз аяқталса, Украинада жабылуы мүмкін деген ақпарат таратқан болатын. Reuters агенттігінің хабарлауынша, АҚШ-тың Украина мен Ресей бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Киевтегі келіссөздерде сирек кездесетін металдар туралы келісімге қол қойылмаса, Starlink компаниясының «жақын арада жабылатынын» айтып қорқытқан.
Кейін Маск бұл мүмкіндікті жоққа шығарды.
Ал Еуропада Украинадағы америкалық Starlink-ті басқа балама операторға ауыстыру туралы пікірталас жүріп жатыр. Reuters агенттігінің хабарлауынша, француз-британдық Eutelsat тобы Украинадағы Starlink-ті алмастыруы мүмкін OneWeb спутниктері туралы ЕО-мен келіссөздер жүргізуде.
«Біз Еуропа одағымен бірге Украинаның күш-жігерін арттыруға қалай үлес қоса алатынымыз жөнінде пікір алмасып жатырмыз», – деді Eutelsat компаниясының өкілі. Ол компанияда өңірдегі кейбір қосымшаларға жарамды геостационарлық спутниктіі қуаты бар екенін айтты.
Еуропа одағы бұған дейін Starlink-ке ықтимал балама ретінде Украинаға Govsatcom-ты қосу мүмкіндігін талқылаған болатын.