Рада Зеленьскийдің заңды президент екенін айғақтап берді

КИЕВ. 25 ақпан. Украинаның Жоғарғы радасы Володимир Зеленьскийдің демократия жолымен сайланған заңды президент екенін білдіретін құжат қабылдады. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украинаның Жоғарғы радасы «Ресей Федерациясының агрессиясы жағдайында Украинадағы демократияны қолдау туралы мәлімдемені» қолдады. Жоғарғы рада депутаты Ярослав Железняк Telegram-арнасында осы жайында жазды.
«Бүгін екінші талпыныста ақыры Демократия туралы қарарға (Зеленьскийді қолдау мен алдағы сайлауды қолдау) дауыс берілді. Бұл кеше қабылданбаған қалған… Оның заңды атауы: «Украина Жоғарғы радасының Ресей агрессиясы контекстінде Украинадағы демократияны қолдау туралы мәлімдемесі», – деп атап көрсетті ол.
Депутаттың айтуынша, бүгін оны Украинаның 268 халық депутаты қолдаған.
Железняк Украина Жоғарғы радасы өз мәлімдемесінде халықаралық қауымдастық мойындайтын халықаралық байқаушыларды шақырумен Украинада еркін, ашық және демократиялық сайлауды ұйымдастырудың қазіргі уақытта мүмкін еместігі үшін жауапкершіліктің Владимир Путинге жүктелетінін баяндайды.
Парламент Ресей Федерациясының жаппай басып кіруі жағдайында Украинада енгізілген әскери жағдай сайлауды Украина Конституциясына сәйкес өткізуге мүмкіндік бермейтінін атап өтеді. Сонымен қатар, украин халқы мұндай сайлаулар соғыс аяқталғаннан кейін өтуі керек деген сенімде.
Сондай-ақ, Украина аумағында жан-жақты, әділ және тұрақты бейбітшілік қамтамасыз етілсе, Украина Жоғарғы радасы елде президент сайлауы өтетінін жариялап, оның барлық халықаралық сайлау стандарттарына сәйкес өтуін қамтамасыз ететіні айтылды.
Зеленьскийдің еркін, ашық, демократиялық сайлауда сайланғаны және оның мандатына украин халқы мен Украинаның Жоғарғы радасы күмән келтірмейтіні атап өтілді
Украина парламенті, әсіресе, соғыс жағдайының құқықтық режимі контекстінде, Украина заңдарында көзделген биліктің институционалдық үзіліссіздігі қағидатын сақтау қажеттілігіне назар аударады және Володимир Зеленьский Украина Конституциясының 108-бабының 1-бөлігіне сәйкес жаңадан сайланған Украина президенті қызметіне кіріскенге дейін өз өкілеттіктерін жүзеге асыруы тиіс екенін атап көрсетеді.
UNIAN хабарлағандай, кеше, 24 ақпанда Жоғарғы рада соғыс уақытындағы демократия туралы қарарға дауыс бере алмаған болатын Ресей басқыншылығы жағдайында Украинадағы демократияны қолдауға қатысты Украина Жоғарғы радасының мәлімдемесін қолдауды көздейтін No13039 қаулы жобасына 218 халық қалаулысы ғана дауыс берді, ал оңды шешім қабылдау үшін халық қалаулыларының кемінде 226 дауысы қажет.
Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен АҚШ арасындағы Сауд Арабиясындағы келіссөздер қорытындысы бойынша мәлімдеме жасап, Украинада сайлау өткізілуі керектігін айтқан болатын. Сонымен бірге ол Украина президентінің рейтингі 4 пайыз деген лақпаны лоқ еткізіп, Зеленьскийді өзін «диктатор» деп сандырақтаған еді. Ал желтоқсан айында Киев халықаралық әлеуметтану институты жүргізген қоғамдық сауалнама украиналықтардың 52 пайызы Зеленьскийге сенетінін көрсетті.
Украина президенті 23 ақпанда өткен баспасөз мәслихатында АҚШ президенті Дональд Трамптың «диктатор Зеленьскийге» қатысты сөздері үшін ренжімейтінін мәлімдеді. Ол соғыс кезінде сайлау өткізу мүмкін емес екенін және өзінің «диктатор» болмайтынын анық екенін, себебі мұның өзі үшін «мүлде қызық емес» екенін айтты.