FT: АҚШ Украинаның ресурстарын түгел бақылауға алғысы келеді

УАШИНГТОН. 28 наурыз. АҚШ Украинаға ұсынған жаңа келісімі бойынша бұл ел ресурстарының барлығына егелік еткісі келіп отыр. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Уашингтонның 23 наурызда Киевке жолдаған минералдық келісімінің жаңа жобасында Украинаның минералдық ресурстары мен энергетикалық активтерін бақылауға қатысты әлдеқайда агрессивті талаптар бар. Алайда құжатта ешқандай қауіпсіздік кепілдігі атап көрсетілмеген.
Мұның жайын 27 наурызда Financial Times газеті мен Bloomberg агенттігі ашып көрсетті. Екі бұқаралық ақпарат құралы да олардың редакциялары мәміле жобасын қарап шыға алғандарын атап өтті.
Келісім Украинаның барлық минералдық ресурстарына, соның ішінде мұнай мен газға, сондай-ақ бүкіл елдегі негізгі энергетикалық активтерге қатысты болуы керек деп көрсетілген. «Мәміле сонымен қатар жолдар, темір жолдар, құбырлар, порттар және өңдеу зауыттары сияқты табиғи ресурстарды пайдалануға байланысты инфрақұрылымды қамтиды», деп хабарлады FT.
«Тиісті жобалардан түскен қаражат шетел валютасына айырбасталып, тез АҚШ-қа жөнелтіліп тұруы тиіс, ал кешіктірілген немесе дау туындаған жағдайда өтемақыға Украина жауапты болады», деп жазады басылым. Украинаның мұнай, газ және пайдалы қазбаларды өндіру жобаларынан түсетін кірістер екі ел арасында арнайы инвестициялық қор арқылы бөлінеді.
Сонымен бірге, FT ақпарына сәйкес, АҚШ өзіне аударылған пайданы бірінші болып алады және инфрақұрылымдық жобаларға басым құқықтарды, сондай-ақ ресурстарды үшінші тұлғаларға сатуға вето қою құқығын сақтайды.
Bloomberg келісім жобасына сәйкес инвестициялық қорды Американың Даму қаржы корпорациясы (DFC) бақылауы керек екенін түсіндіреді. Ол директорлар кеңесінің бес мүшесінің үшеуін тағайындайды және «алтын акциямен» белгілі бір шешімдерге тосқауыл қою құқығына ие болады. «Украина тағы екі адамды (директорлар кеңесінің мүшелері – ред.) тағайындайды және қордың күнделікті басқаруына араласа алмайды», – деп атап көрсетеді авторлар.
Киев жаңа инфрақұрылымдық жобалар мен табиғи ресурстарды игеру жобаларынан түсетін кірістің 50 пайызын қорға аударуы керек.
Сонымен бірге, «2022 жылы Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейінгі АҚШ-тың қосқан үлесі» «әріптестікке қосқан үлесі» ретінде қарастырылады. Bloomberg келісім жобасының мазмұнын хабарлайды: «АҚШ барлық пайдаға және оның инвестициясы өтелгенше жылына 4 пайыз алуға құқылы.
«Негізі, бұл Трамп әкімшілігі Киев серіктестік қорынан қандай да бір кіріс алғанға дейін соғыс басталғаннан бері АҚШ көрсеткен барлық әскери және экономикалық қолдауды Украинаны төлеуге мәжбүрлейді дегенді білдіреді», – деп хабарлайды агенттік.
Уақыттан шектеуі жоқ келісім Киевке АҚШ-тың «стратегиялық бәсекелестері» саналатын елдерге маңызды пайдалы қазбаларды сатуына да тыйым салады.
Украина Жоғарғы радасының депутаты Ярослав Железняк жобаны қарап шығып, «мынау барып тұрған сұмдық» деді. Барлығы 58 беттен, 18 тараудан тұратын құжат Украинаны АҚШ-қа отар етуді ғана көздейтін сияқты. Железняктың пікірінше, Трамп әкімшілігінің бұл жобасы «Украинадан соңғы тамшысына дейін бәрін сығып алуды мақсат етіп отыр». Уашингтон бәрін ала бергісі келеді, тек оның ешқандай қайтарымы жоқ.