БҰҰ-да дауыс беру қорытындысы Украинаны дүр сілкіндірді

НЬЮ-ЙОРК. 25 ақпан. БҰҰ-да Ресейдің басқыншылығын айыптаған қарарға дауыс беру қорытындысы Батыстың екі елі Киевті сатып кеткенін көрсетті. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша Ресейдің агрессиясы әлемдегі ең жоғары халықаралық ұйым деңгейінде айыпталып, оған тиісті баға берілді.
Дауыс беру нәтижесі Украинаны дүр сілкіндірді: Батыстың екі бірдей іргелі елі Киевті көрер көзге қаралай сатып кетіп, РФ-ны қолдаған болып шықты. Бұл – ақты қара деп танып, көпе-көрнеу тура жолдан тайып кетумен бірдей.
Қабылданған қарардың міндет жүктейтін күші болмағанына қарамастан, саяси маңызы зор.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Ресей әскерлері Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасы шегіндегі аумағынан толық шығарылуы талап етілген қарар көпшілік дауыспен мақұлданды. Құжатқа 93 ел дауыс берсе, 65-і қалыс қалды, ал 18-і қарсылық танытты. Соның ішінде АҚШ пен Израильдің «жоқ» деген дауысы Киевтегілерге қатты соққы болып тиді. Мұндай жағдай бірінші рет болып отыр.
Ресейшіл позициясымен танылған және Киев «орыстың қуыршағы сияқты әрекет етеді» деп айыптап келе жатқан Хунгрияның (Венгрияның) оккупант лагерінен табылғаны таң қалдырмаса да, АҚШ пен Израильдің сол жақта жүруі жаға ұстатты. «Дәстүрлі серіктестерінің қолдауына сенген Украина көңілі қалғанын жасырмайды», деп жазды осыған орай On the Frontlines of News.
«Мұны түсіндіру қиын, ал қабылдау одан да қиын» деп жазды олар әлеуметтік желіде.
Израиль бұрын Украина мен Ресей арасындағы қарым-қатынасында екі жақты тең ұстауға тырысушы еді, алайда бұл жолғы дауыс беру фактісі оның бейтараптық позициясы айқын екеніне үлкен күмән келтіреді.
Ресей басқыншылық соғысын бастағалы бері Украина жағында болып, оны ұдайы қару-жарақпен қамтамасыз етіп келе жатқан ең қуатты әріптесі – АҚШ-тың сол қарсылас жағынан бір-ақ шығуы одан бетер қайран қалдырады. Бұған дейін Уашингтон осы соғысы үшін Ресейге қаншама санкция салды, Киевке сырттан беріліп келе жатқан көмектің жартысынан астамын беріп тұрды.
Аналитиктер қазір мұның Ақ үйдің президент ауысқалы бергі өзгерген жаңа ұстанымы мен бағыты шығар деген болжам жасап отыр. Бірақ ол тараптан әзірге ресми түсіндірме келген жоқ.
Шамасы, Израиль АҚШ-тың өзіне жасаған қысымына төтеп бере алмаған болса керек. Сонымен, Ресейді «басқыншы» деген анықтамаға қарсылық білдірген елдер қатарында мына мемлекеттер бар: Беларусь, Буркино-Фасо, Бурунди, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық республикасы, Экваторлы Гвинея, Эритерия, Гаити, Венгрия, Израиль, Мали, Маршалл аралдары, Никарагуа, Нигер, Палау, Ресей Федерациясы, Судан, Америка Құрама Штаттары.
Ал қалыс қалғандардың қатарынан Қытай, Үндістан, Бразилия, Аргентина, Аустралия, Иран, Сауд Арабиясы, Куба, Пәкстан, Ирақ, Моңғолия, Вьетнам, Шри-Ланка сықылды дәулеттерді көруге болады. Бұлардың сапын посткеңестік Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан республикалары толықтырады.
Бұларға қарағанда, қарарды қолдаған қуатты державалардың қарасы көптеу. Оның тізімінде Германия, Ұлыбритания, Франция, Испания, Италия, Жапония, Корея, Түркия, Канада, Мексика, Мысыр, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Польша, Чехия, Хорватия, Словакия, Грекия, Бельгия, Дания, Швеция, Норвегия, Финляндия, Таиланд, Малайзия бар. Бұрынғы кеңестік республикалар санатынан Эстония, Латвия, Литва, Молдова және Украина қарарды қолдап дауыс берген.
Тек дауыс беру кезінде залда Әзербайжан, Грузия, Түрікменстан өкілдері болмай қалыпты. Сондықтан олар үш тарапта да жоқ.
Қабылданып отырған қарардың міндет жүктеуші күші болмағанына қарамастан, саяси маңызы зор, себебі ол Украинаның егемендігін халықаралық тұрғыда қолдаудың деңгейін көрсетіп, Мәскеуге жасалатын қысымды күшейте түседі. .
Дәл сол уақытта Ресей басқыншылығының басталғанына тура үш жыл толуына орай Киевте Украинаның нағыз одақтастары бас қосты:
«Бұл фото кейінірек тарих кітаптарында өте танымал болып, орын алып, әлі Черчилльдің Соғыс кеңесімен байланыстырылады», – деп жазды олар желіде.