Жаңалықтар жаңғырығыОқиға

Өзбекстан Шешенстаннан келген екі киллерді іздестіріп жатыр

ТАШКЕНТ. 28 желтоқсан. Өзбекстанда президенттің бұрынғы баспасөз хатшысын өлтірмек болған екі шешен жігітіне іздеу жарияланды. Бұл туралы kun.uz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Өзбекстан бас прокуратурасы Ресейдің екі азаматына ел президенті әкімшілігі ақпарат саясаты департаментінің бұрынғы басшысы Комил Алламжоновты өлтіруге әрекет жасады деп сырттай айып тақты.

«Бас прокуратура Ресей Федерациясының азаматтары Бислан Расаев пен Шамиль Темирхановтың Өзбекстанға заңсыз кіру және шекарадан заңсыз шығу, отты қаруды заңсыз қолдану және қылмыс жөнінде хабар бермеу сияқты қылмыстық әрекеттер жасағанын анықтады», – делінген ведомство хабарламасында.

Шешенстаннан келген екі азаматқа да халықаралық іздеу жарияланды. Қазір Интерпол базасында 36 жастағы Расаев пен 31-дегі Темирханов жөніндегі мәліметтер пайда болды.

Биылғы 26 қазан күні түнде Ташкент түбіндегі Қибрай кентінде атыс орын алды. Белгісіз екі адам жүріп келе жатқан Range Rover автомобиліне бірнеше рет оқ жаудырып, оқиға орнынан тез жасырынып кетіп қалады. Бірақ көліктегілерден ешкім зардап шекпепті.

Осыған байланысты Өзбекстан бас прокуратурасы қасақана кісі өлтіруге әрекет жасау бабы бойынша қылмыстық іс қозғап, артынша төрт күдіктіні қолға түсіреді. Gazeta.uz ресурсының мәліметінше, көлік ішінде айдаушыдан бөлек, 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін ел президенті әкімшілігінің ақпарат саясаты департаментін басқарған 40 жастағы Комил Алламжонов болған. Ол 2017-2018 жылдары сондай-ақ Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы болып қызмет атқарған.

Шешенстан басшысы Рамзан Кадыров өз республикасы азаматтарының «бұл іске қатысы бар» екеніне келіспей, мұны «арандатушылық мақсатындағы қауесет» деп атап, оның сыртында кімдер тұрғанын анықтауға уәде берді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button