АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Ақтауда AZAL ұшағы апатында қаза тапқандарға арнап ас берілді

АҚТАУ. 7 ақпан. Ақтау қаласында Әзербайжан авиажелісі ұшағының апаты кезінде қаза тапқан марқұмдарға арналып ас беріліп, құран бағышталды. Бұл туралы АЗЕРТАДЖ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

«Ақтауда 2024 жылғы 25 желтоқсанда орын алған Әзербайжан авиажелісі ұшағының авиаапатында қаза тапқандарды еске түсіруге арналған шара болып өтті», – делінген хабарламада.

АЗЕРТАДЖ хабарлағандай, оны Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі ұйымдастырған.

Шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов, Қазақстанның Әзербайжандағы дипмиссиясының басшысы Әлім Байел, Әзербайжанның Ақтаудағы бас консулы Айхан Сулейманлы, қаза тапқан қазақстандықтар отбасыларының мүшелері, әзербайжан диаспорасының өкілдері, құтқару жұмысына қатысқан мекемелер қызметкерлері және Ақтау тұрғындары қатысты.

Шара барысында әзербайжандық кәсіпкер Амиль Юсифов қаза тапқан қазақстандықтардың туыстарына «Алматы» атты жаңа тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі бес пәтердің кілтін тапсырды. Ол сондай-ақ Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментіне, «жедел жәрдем» станциясына және Ақтаудың кезексіз медициналық көмек көрсету ауруханасына үш жаңа автомобиль сыйлады.

Шарада сөз сөйлеген Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен апат салдарын жою және оның себебін анықтау жөнінде мемлекеттік комиссия құрылғанын атап өтті. Қазақстанның білікті органдарының барлығы, соның ішінде Маңғыстау облысының әкімдігі қайғылы күндері апаттан зардап шеккендерге көмек көрсетудің барлық шараларын жасап бақты.

Әзербайжанның Қазақстандағы елшісі Агалар Атамогланов өз кезегінде бұл трагедияның әрбір адамның жүрегінде терең із қалдырғанын әңгімеледі. «Бірақ мен бұл оқиғаның сондай-ақ бізді біріктіргенін де айта кетуім қажет. Күллі әлемге біз өзара бауырлас халықтар екенімізді тағы бір мәрте көрсеттік. Тек сөз жүзінде ғана емес, іспен де дәлелдедік. Біз мұны Ақтауда өз көзімізбен көрдік», – деді дипломат.

Ол апат орын алғаннан кейін кідірместен іске кіріскен құтқарушыларға, медициналық персоналға, сондай-ақ әрдайым тілекші бола біліп, қолдарынан келген жәрдемдерін аямаған Қазақстанның барша халқына орасан зор алғыс сезімін білдірді. Бұған қоса, кәсіпкер Амиль Юсифовке риза екенін жеткізіп, оған алғыс хат тапсырды.

Шара соңында марқұм болғандардың рухтарына арналып құран оқылды.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button