Париж-2024: Бүгін Назым, Мұхаммедсабыр және Айбек шайқасқа шығады
ПАРИЖ. 1 тамыз. Бүгін қазақ боксшылары сапынан Назым Қызайбай, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және Айбек Оралбай Олимпиададағы кезекті ұрыстарына шығады. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұл күні Назым Қызайбай өзінің 1/8 финалдық шайқасына түссе, жігіттер ширек финалдық жекпе-жектерін өткізеді.
Олардың арасынан рингке бірінші болып 50 келіге дейінгі салмақ категориясындағы Назым Қызайбай көтеріледі. Ол Астана уақытымен сағат 18:30-да бразилиялық Барбоза де Алмейда Каролинемен қолғап түйістіреді. Егер осында жеңсе, ширек финалда Бусе Наз Чакироглу (Түркия) – Фатима Эррейра (Мексика) жұбының жеңімпасымен кездеседі.
Бұған дейін Назым бір рет шаршы алаңға шығып, итальян Джиордана Соррентиноны 4:1 етіп ұтқан болатын.
Келесі кезекте, сағат 20:54-те 92 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Оралбай әзербайжандық Лорен Берто Алфонсо Домингеспен қолғап түйістіреді. Егер мұнда озып шықса, жартылай финалда Виктор Шелестрит (Бельгия) – Энмануэл Рейес Пла (Испания) жұбының үздігімен жұдырық сілтеседі.
Бұған дейін біздің атлет бір рет шаршы алаңда болып, нигериялық Олайтан Адам Олаорені 5:0 есебімен тізе бүктірді.
Соңынан, сағат 00:36-да 63,5 келіге дейінгі салмақтағы Мұхаммедсабыр Базарбайұлы картвел Лаша Гурулимен шайқасады. Бұл грузин жігітін біздің Дулат Бекбауов өткен жылы мамыр айында Ташкентте өткен әлем чемпионатының финалында 5:0 етіп ұтқан еді. Егер осы ұрыста Мұхаммедсабыр да жеңіске қол жеткізсе, жартылай финалда Эрисланди Алварес Боргес (Куба) – Бунжонг Синсири (Таиланд) арасындағы мықтымен ұшырасады.
Бұған дейін турнирде біздің бағлан екі шайқас өткізіп, испан Ойер Ибаррече Кондені 5:0, тайпейлік Лаи Чу Енді 3:2 етіп ұтқан болатын.
Жекпе-жектер «Хабар» арнасында 23:00 сағатта тікелей эфирде көрсетіледі.