«Сарыарқа» клубы Нығматулиннен алынып, мемлекетке қайтарылды
ҚАРАҒАНДЫ. 14 шілде. Бұрнағы күні сот шешімімен «Сарыарқа» хоккей клубының әйгілі Нығматулиндер әулетінен алынып, мемлекетке қайтарылып берілді. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Мемлекетке қайтарылған «Сарыарқа» хоккей клубының Нұрлан, Ерлан және Арғын Нығматулиндер кланымен байланысы бар болып шықты», – деп атап көрсетті Nege.kz.
«Қарағандының «Сарыарқа» хоккей клубы Мәжілістік экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің ағасы – Арғынмен байланысы болған. Ол 2018 жылы оның директоры орынтағынан отставкаға кеткеннен кейін клубтың «үзіліссіз» ақылшы-ұстазы және кенесшісі болып қалды», – делінген порталдың жұма күнгі хабарламасында.
Қарағандыда Арғын Нығматулин «Сарыарқа» хоккей клубының «негізін қалаушы» және «атасы» саналады екен. Ол – 1962 жылы егіз туған Нұрлан және Ерлан Нығматулиндердің 1955 жылы туған ағалары.
Баршаға белгілі, Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин 2022 жылы 1 ақпанда әйгілі Қаңтар оқиғаларының шылауында Мәжіліс төрағасы қызметінен кетірілді. Ол спикерлік қызметті әуелі 2012-2014 жылдары атқарған болатын. Содан кейін 2016 жылы осы лауазымға қайта оралды.
Бір кездері Нұрлан Нығматулинді жергілікті халық «Қарағанды облысының егесі» деп есептейтін. Ол әр жылдары өзі туып-өскен Қарағанды облысын басқарды, Президент әкімшілігінің басшысы болды. Оның сыңары Ерлан да Парламенттің Мәжілісі мен Сенатына депутат болып тастады. Ал үлкендері Арғын Қарағанды облысы мәслихатында депутат болып қызмет етті. Бірақ ол інісі облысқа әкім болғанға дейін елеусіз қызметтер атқарып келген екен, тек содан кейін ғана жалы күдірейіп көтеріле бастаған. Соның сарқымында «Сарыарқа» хоккей клубына да егелік етіп, соңында оны тіпті жекешелендіріп жіберген.
«Арғын Зайроллаұлы еңбек жолын 1975 жылы көмір кенішінде бастаған да, 2003 жылға дейін (інісі атқа мінгенге дейін деп түсініңіз) «көптің көзіне түсе бермейтін» жұмыстар атқарған. Арғын Нығматулин 2003 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты болды, үш жылдан соң «Сарыарқа» футбол клубының директоры болып тағайындалды. Кейіпкеріміздің көптеген марапатын тізбей-ақ, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері екенін айтсақ та жеткілікті болар», – деп атап көрсетеді Nege.kz осы орайда.
«Ағайынды Нығматулиндерге қатысты бірнеше рет өзгелердің мүлкін рейдерлік жолмен басып алу, сондай-ақ қылмыстық істерді бұрмалау айыптаудары естілген болатын, алайда осы уақытқа дейін егіздер бостандықта жүр», – деп жазады ҚазТАГ.
«Қарағандылықтар ағайынды Нығматулиндер туралы жақсы біледі. Халықтың айтуынша, олар рейдерлік бизнеспен айналысқан. Бұл – бумеранг. Кезінде жекешелендіру барысы қалай өткеніне қатысты көп сұрақ туындады. Жаңа билік келгенде жекешелендіру келісімдері қалай жасалғанын қайта қарастыру – қалыпты жағдай. Әр елде болады. Әсіресе, заң жұмыс істемейтін, демократиясы аз елдер үшін заңды үрдіс», – дейді қоғам белсендісі Тоғжан Қожалы.
Оның пікірінше, Нығматулиндер, Шәріпбаев және басқа да биліктің төңірігінде болған адамдардың жер телімдерін, мекемелерді қалай алғанын халық жақсы біледі. Көбіне олар заңсыз, рейдерлік немесе коррупциялық жолмен алған.
«Өз басым, меншіктің қалай жекеге өткенін тексеруді құптаймын. Жалғыз Нығматулиндер ғана емес, Тимур Құлыбаевтың да ҚазҰУ жақтағы заңсыз иеленген жер телімдерін қайтарып жатыр. Ахметовтердің, Дариға Назарбаеваға тиесілі Шығыс Қазақтандағы мүліктерін, Болат Назарбаев, Әлия Назарбаева иеленген дүниелерді де қайтарды. Жұмыс жүйелі жүріп жатыр», – дейді белсенді.
Еске сала кетейік, «Әділдік жолы» ұйымының бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінде басшылық лауазымдарда болған атқарушы директоры Дидар Смағұлов мұның алдында рейдерлік шабуылдар жайындағы сұраққа жауап бере тұрып, осы сорапта ағайынды Нығматулиндердің әрекеттеріне қатысты бірнеше факт келтірген еді. Олар рейдерлік жолмен әлдекімнің бизнесін тартып алып, өздері иемденіп кетіп отырған.
Нығматулиндердің рейдерлік іс-қимылдары жайлы белгілі кәсіпкерлер мен заңгерлер Президентке дейін арыз жазған болатын. Бірақ әзірге олардан нақты нәтиже шығып жатқан жоқ.