Алматыда метро салу үшін жер телімдері мәжбүрлеп алынады
АЛМАТЫ. 14 шілде. Алматыда метро салу және көлік торабы құрылысы үшін жер телімдері мәжбүрлеп алынады. Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Портал қала әкімдігінің қаулысында осылай жазылғанын атап көрсетеді.
Қаулыға сәйкес, енді қаланың Наурызбай ауданындағы «Қалқаман» станциясынан «Барлық» базарына дейін құрылыс салу үшін сол аралықтағы жер телімдерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару басталады. Мұнда метрополитеннің бірінші желісінің үшінші кезегі нысандары мен көлік торабын салу көзделіп отыр.
Тұрғындарды иеліктен шығару үдерісі 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады. Осыған орай жер телімдері иелеріне заңда белгіленген тәртіппен өтемақы төленеді.
Айта кетейік, 2024 жылдың қаңтарында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы қоғамдық көлік мәселесімен танысқан болатын. Сол кезде қалада жаңа BRT, LRT және метро желілерін ашу туралы сөз қозғалды. Мемлекет басшысы «Қалқаман» жаңа метро станциясын ашып, метрополитеннің «Барлық» базарына дейінгі үшінші кезегін салу жұмыстарын бастауды тапсырды. Сондай-ақ метроны солтүстік және шығыс бағыттарда дамыту жобаларын жүзеге асыруға кірісу жоспарланды.
Бұдан бөлек, Төле би көшесімен өтетін және Алматының батысы мен шығысын жалғайтын LRT-нің (26 км) бірінші желісін іске қосу да межеге алынған.