Осы бір ғажайып шығармашылық әлем – үлкен журналистикаға мені жетелеген, бағыт-бағдар берген ұстаз-даналарым қаншама. Ал бақытты балғын шаққа саяхат жасасатын балалықтың қара шаңырағы – «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газеті дер едім. Өмірді сүю балаларды сүюден басталса керек. Осы басылымда еңбек еткен мүшел жас өмірімді еске алсам, ең алдымен бас редакторларым, өзім көздерін көрген, атасының ақ жайлауын сағынғандай, еркелей іздеп келетін Сансызбай Сарғасқаев, даналық пен сабырлықтың үлгісіндей болған Кемел Тоқаев, ғалым-ұстаз Әбілфайыз Ыдырысов, серілік пен саяхатшылықтың үлгісін көрсеткен Сейдахмет Бердіқұлов, еліміздің ұлы ақын қызы Фариза Оңғарсынова, тарихшы-ғалым Бейбіт Қойшыбаев, академик Уәлихан Қалижанов ағаларым есіме түседі. Олар маған Қазақстан балаларына қамқор бол деп, аманат етіп тапсырып кеткендей…
Бүгінгі естелік-эссе Фариза Оңғарсынова жайлы.
***
1976 жылдың 25 маусымында Алматыға келдім. Газет-журналдарда бос орын жоқ. Тек «Ұлан», бұрынғы «Қазақстан пионері» газетінде бір саңылау көрінді. Редактор Фариза Оңғарсынова іссапарда екен де, газеттің жауапты хатшысы, жаны жайсаң жігіт Бейбіт Қойшыбаев ескі досындай қабылдады. Бірінші кездескен адамын осыншама мейіріммен қарсы алғанына таң қалдым. Сөзінен аңғарғаным, Қапшағай қаласының маңындағы әскери полигонда пионерлердің республикалық «Жас қыран» әскери-спорттық ойындарының финалы өтіп жатыр екен. Соған баратын ешкімнің реті келмей, маған қолқа салды. Бұрын-соңды балаларға арнап мақала жазып көрмегенмін. «Нар тәуекел» келісуге тура келді.
– Мына жігіт – Рахымбай Ханалы, біздің фототілшіміз. Екеуің бірге барасыңдар. Жөн-жобаны түсіндіреді, – деді жауапты хатшы.
Рахаңның моторолеріне мінгесіп, Қапшағайға тарттық та кеттік. Құпиясы мол, қызыққа толы балалар журналистикасының есігін осылай аштым.
Рахаң екеуміз дайындаған материалдар топтамасы газеттің келесі номеріне бір бет болып шықты. Ертеңіне Фариза апай келіп, менің жазған материалымды оқып, енді қолжазбамды сұратып жатыр екен. Ойы белгісіз журналистің жазған мақаласына сын көзбен қарап, салыстырып көру. «Біреу-міреу жазып берген жоқ па?» деген күдік те болған сияқты.
– Сен туралы апайға айттық. Факең: «Мұндай балалар журналисін танымаймын» деп жатыр, – деді бөлім меңгерушісі Сайлаубай Жұбатырұлы. – Қазір редакторге кіресің. Бастықтың сөзін бөліп, қарсы шықпа. Бізде босаған бір орынға жарты ставкадан екі адамды қабылдап, жарыстырып, жарты жылдан кейін таланттысын қабылдайтын үрдіс бар. Абайла, апайдың мінезі шатақ. Қарсы сөз қайтарғандардың «жотасын тіліп, тұз құйып» жіберетін әдеті бар!
Бір кезде редактор шақырып, бөлмесіне кірдім. Иә, шынында да Фариза апайдың жүзі суықтау екен. Жақтырмағандай сыңай танытып, салқындау қарсы алды.
– Сүлейменов деген балалар журналисін естіген жоқпын!
Мұндай қатқыл сұрақты күткен жоқ едім. Жігіттердің ескерткені есімде, барынша шыдап бағудамын.
Мен облыстық, аудандық газеттерде жұмыс істегенімді, балалар тақырыбына мақала жазбасам да оларды жақсы көретінімді айтып, сандырақтап жатырмын.
– Сені жарты ставкаға қабылдаймын, – деді редактор қатқыл үнмен.
Жігіттердің: «апайға қарсы шықпа!» дегені есімнен шығып кетпесі бар ма?
– Мен жарты ставкаға істемеймін, – дедім.
Әшейінде «қой аузынан шөп алмайтын» сабырлы мінезіме жан бітіп, батылдық пайда болғанын өзім де түсінбей қалдым. Факең жақында ғана еркінсіп, мінез көрсеткісі келген бес-алты журналисті бір күнде жұмыстан шығарып тастапты. Бұл оқиғаны естіген жұрт көпке дейін есеңгіреп жүріпті.
Факең менен мұндай жауап күтпеген еді. Бұлқан-талқан болып ашуланды. Сұрғылт тартқан кірпі инесіндей тікірейген шаштары міне, міне, маған жебедей атылуға дайын тұрғандай еді! Мінезі қатал редакторға қарсы сөз қайтарып нем бар-ды. Өзіме де обал жоқ! Жұмыссыз, сеңше соғысып жүрген журналистер қаншама десеңізші!..
Фариза апай маған үнсіз қарады да, арызыма қол қойып берді.
Редактордың бөлмесінен шықсам, бір топ болашақ әріптестерім тағатсыздана күтіп тұр екен. Олар қолымдағы арызымды оқып, Фариза апайдың маған мейірімділік танытып, толыққанды қызметкер етіп қабылдағанына аң-таң. Сөйтіп, балалар газетінде қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі ұзақ та қызыққа толы, бір мүшел жас өмірім осылай басталды. Кейін ойлап қарасам, редакцияда кілең талантты, ақын-жазушы қыз-жігіттер жұмыс істейді екен. Күләш Ахметова, Сайлаубай Жұбатырұлы, Мәди Айымбетов, Мереке Құлкенов, Тынышбай Рахым, Дәуітәлі Стамбеков, Ұлықбек Есдәулет, Дидахмет Әшімханов, Болат Қанатбаев, Алпысбай Шымырбай… Ал Фариза Оңғарсынова менен бала жанын түсінетін тәп-тәуір журналист шығатынын сол кезде білген екен.
Сол жылдары мазасыздау, «қылышынан қаны тамған» Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің, талабы таудай, ал жақын араласа қалсаң, көңілі мейірім шуағына толы Фариза апайдың тапсырмаларын орындап, еліміздің түкпір-түкпірін араладым. Шаршауға да, босаңсуға да уақыт жоқ-ты. «Суға салса батпайтын, отқа салса күймейтін» балалар журналисі кейін балалар жазушысы болып қалыптасуына ең алдымен Фариза апайдың ұлағатын, балалар басылымының қара шаңырағы «Ұлан» газетінің өмір мектебі еді.
Балалар журналистикасында өзімнің ең таңдаулы, жүрегіме жылы, оқырманның ризашылығына бөленген тамаша, өміршең мақалаларым осы газетпен тікелей байланысты. Бірде 9 Мамыр – Жеңіс күні қарсаңында редакторымыз Фариза Оңғарсынова барлық қызметкерлерді бөлмесіне шұғыл шақырып, Бауыржан Момышұлынан сұхбат алу керектігін айтты.
– Бөлім меңгерушілері, жазуға қайсысың барасыңдар?
Үнсіздік.
Факең жаңағы сұрағын қайта қойды.
Мәди Айымбетов те, Мереке Құлкенов те, Сайлаубай Жұбатырұлы да үндеген жоқ. Қаламгерлер бір кездесуді арман еткен, есімі аңыз, даңқты қолбасшыдан сұхбат алғым-ақ келіп тұр. Бірақ мен әлі қарапайым ғана тілшімін. Әдеп сақтап, іштей тықыршып отырмын.
Бір кезде мүлгіген тыныштықты Сайлаубайдың дауысы бөлді.
– Баукеңнен Бейсенбай ғана сұхбат ала алады. Мінезі жұмсақ. Ақсақалдың қаҺарына шыдап, тіл табыса біледі.
Сәкеңнің ұсынысын Мәди аға да, Мереке құрдасым да қолдады.
Факең ашуланып, орнынан тұрып кетті.
– Осы бізде Бейсенбайдан басқа жазатын адам жоқ екен ғой!
Бұл жолы редактордың қатқыл дауысы менің жүрегіме жылы есітілді…
Осылай ойламаған жерден Бауыржан Момышұлының өзінен сұхбат алатын болдым. Бұл сенiмге iштей қуансам да, көңiл қобалжулы едi. Кей журналистерге айтқандай, «Кругом, шагом марш!» десе ше! Оның үстiне, iссапардан шаршап-шалдығып, таңертең ғана келгенмiн. Шаштың ұшы да еркiнсiп, бұйралана бастаған. Мұндай журналистердi Баукеңнiң жақтырмайтынын, тiптi қуып та жiбергенiн талай естiгенмiн. Сұхбат ойдағыдай шықпаса, Фариза апайдан да ұят қой.
Тәуекел. Баукеңнiң үйiне телефон соқтым. Өзiмдi таныстырып, алдағы келе жатқан Жеңiс күнiмен құттықтадым. Одан соң газетке сұхбат беруге келiсуiн өтiндiм.
– Онда тез жет, егер тез келмесең, айнып қалуым мүмкiн! – Баукеңнің дауысы гүрілдей естілді.
Екi өкпемдi қолыма алып, Баукеңнiң үйiне де жеттiм. Ақсақал таңертеңгi шайын iшiп отыр екен. Менi салқынқанды, сұстана қарсы алып, қолының ұшын ғана бердi. Үстiнде қарапайым қара шекпен. Ал Баукеңнiң өткiр көздерi өңменiмнен өтiп барады. Сұрғылт тартқан мұрты тiкiрейiп, тура мiне, мiне, маған қарай атылатын сияқты.
– Әлгi телефон соққан бала сенсiң бе?
– Иә, иә.
– Мына жерге отыр.
Баукең төрдегi мамық орындықты нұсқады.
– Апа, мына балаға көже берме, тек қана шай бер, – дедi. (Әйелiнiң шешесi бірге тұрады екен).
Әже маған шай құйды.
– Қағаз, қаламдарыңды ал. Сұрақтарыңды қой. Мен дайынмын.
Мен қойын дәптерiмдi алып, жазуға ыңғайлана бергенiмде:
– Журналист, ыхм, қағазың жоқ, қалай жазбақшысың? – деп Баукең мысқылдай сөйледi. Одан соң орнынан тұрды да, көршi бөлмеден отызшақты парақ ақ қағаз әкелiп бердi.
Жазушымен әңгімеміз кешке дейін жалғасты.
Бір күннен кейін мақаланы жазып, машинкаға бастырып, Баукеңмен қайта хабарластым. Газеттің беттері қатталып жатқан. Мен мақаланы көрсетіп, рұқсатын алуым керек еді.
Баукең бұл жолы жылы қабылдады. Мақаланы оқып шықтым. Риза болып, ақ батасын берді. Көпке дейін жібергісі келмеді. Өткен жолғы үзіліп қалған сұхбатымызды қайта жалғастырдық. Асығып, әрең шыдап отырмын. Баспаханада газет беттеліп жатыр. Ал менің сұхбатым әлі терілмеген. Баукең сағат төрттен аса қайтуыма рұқсат етті. Редакцияға тарттым. Қуанғаным соншалық, редактордың бөлмесіне жүгіре кіргенім сол еді, Фариза апай екі тілшіге қатты ұрысып отыр екен. Әсте жазған мақалаларына көңілі толмаған болуы керек. Мен бөлмеге ұрықсатсыз кіргеніме ыңғайсызданып, босағада тұрып қалдым. Жаңа ғана арыстандай айбатты Бауыржан Момышұлының алдынан сытылып, әрең шығып едім, енді, міне, көкжал қасқырдың алдында именіп тұрғандай күй кештім.
Орайы келгенде айта кетейін, күні кеше ғана Баукеңнің қаҺарына ілігуге сәл-ақ қалып едім. Сол көрініс есіме еріксіз оралды. Мен ең соңғы сұрағымды қойғанмын.
– Бүгiнгi жеткiншектерге аталық қандай бата берер едіңіз?
– Бұл сұраққа мен жауап бермеймiн, жауап беретiндер бере берсiн!
Баукең шындығында да шаршаған екен. Қатты ашуланды.
Әңгiмемiздiң соңы осы болған шығар. Қайтуға дайындала бастадым.
– Жаз. Жаңа жолдан! – деген қарт командирдің бұйрықты үні қатқыл есітілді.
Мен 43-шi беттi бастадым…
– Бүгiнгi жас ұрпақ – бiздiң болашағымыз. Оларға тiлегiм: бiзден асып кетсеңдер ешқандай дауым жоқ. Оған қуанам. Бiзден кем болмайды деп ойлаймын. Аға ұрпақтың өз замандарында iстеген еңбектерiн түсiнiп, бағалап, бұдан былай да табыстың үстiне табыс қосып, адал азамат, еңбекқор болатындықтарына сенемiн…
Баукең тiлектерiн айтты да, менен кейінгі жазылған сөйлемдердi қайталап оқып беруiмдi өтінді. Оқи бергенiм сол едi, соңғы беттi сұрап алды да:
– Мен бұлай деп айтқан жоқпын! – дедi.
Не iстерiмдi бiлмей, аңтарылып тұрып қалдым. Баукең стол үстiнде жатқан сiрiңкенi қолына алды. Әлдеқашан сөнiп қалған темекiсiн тұтататын шығар деп ойлағанмын. Жоқ, ол жаңағы параққа от қойып, жоғары ұстап тұрды да, текеметтiң үстiне лақтырып жiбердi.
– Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама!
Бұл жолы Баукеңнiң даусы қырылдап, қатқыл шықты. Орнынан тұрып, бөлмеде теңселiп, сұстана, ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Мен кiреберiсте не iстерiмдi бiлмей аң-таңмын. Ойымда таңертеңнен кешке дейiн жазған 42 бет қағазды ақсақалға бермей, аман сақтап қалу, ләжі болса, қашып шығу жоспары тұрды. Терезеде темір тор. Шыға алмайсың. Ал шығаберістегі есіктің алдында қаҺарына мініп, көздерінен от шашып, кешегі даңқты қолбасшы, бүгінгі ақсақал тұрды. Түсі сұп-суық, мұздай. Мәскеуге дейін тоқтаусыз жеткен фашистердің Баукеңнен сескенгені рас-ақ екен!
– Мақаланы жазған соң заңды түрде көрсетесiң. Есiттiң бе? Көрсетесің!
Қуанып кеттім. Қолымдағы қолжазбаны аман алып шығу үшiн уәденің бәрiне дайын едiм.
– Әлбетте көрсетемін! …
***
… Редактордың бөлмесінде, кіреберісте әлі тұрмын. Бір кезде Факең ашуына қайта басты да, әлгі әріптес жігіттердің қолжазбасын босағаға қарай лақтырып жіберді.
– Дұрыстап жазып келіңдер! Балаларды шимай-шатпақпен алдауға болмайды!
Факең басын жоғары көтеріп еді, босағада үнсіз тұрған мені көрді. «Сен не қылып тұрсың?» дегендей иегін көтерді.
– Баукеңнің материалын алып келдім. Басуға рұқсат берді, – дедім.
Факең қолын созды.
Менің мақалама оқымай-ақ қол қойды.
Баукеңмен сұхбат газеттің ертеңгі номеріне шықты. Даңқты қолбасшы үш-төрт күннен кейін телефон соғып, редакторға рахмет айтыпты. Фариза апай мені өзіне шақырып, Бауыржан Момышұлының ризашылық сәлемін жеткізді.
Көп ұзамай «Ақ желкен» журналы жеке шаңырақ көтерді. Фариза апаймен сыйластығым көпке дейін жалғасып қала берді.
Дүниені дүр сілкіндірген сексен алтының 19 желтоқсанында шұғыл партия жиналысы шақырылды. Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетіне қарайтын балалар мен жасөспірімдер басылымдарының журналистерін ауыздықтайтын да кез келіпті. Жастарға жол сілтеп жүрген ұйым ойламаған жерден нокдаун алғандай жағдайда жүріпті.
Партия жиналысының күн тәртібінде: Желтоқсан оқиғасына партбюроның бағасы.
Таңертең бір жайсыз хабар естігенбіз. «Ақ желкен» журналының қызметкері, ақын Мейірхан Ақдәулетовтің партия қатарынан шығарылғаны жайлы-тын. Әшейінде жаймашуақ жағдайда өтетін партбюро отырысы өте қатқыл түрде жүрді. Оның барысына аудандық партия комитетінің хатшысы Күләйхан Шойбекова қатысты. Қасында нөкері бар. Мейірханның жағдайына араша түсу мүмкін болмады. Қайта, біздің ұйымға түскен қара дақ деген сөздер айтылды. Ауданнан келген өкіл: «Ақдәулетовке партиялық кепілдемені кім берді, солардың да мәселесін қарап, олар да партия қатарынан шығарылсын, жұмыстарынан аластатылсын!» деген ұсыныс жасады.
Мейірханға кепілдемені бергендердің бірі Фариза Оңғарсынова, екіншісі мен едім. Факең екеуміз бір-бірімізге таңырқай қарастық. Бізге де тығырық тірелгені ме? Бірақ іс насырға шапқан жоқ. Әлгі ұсыныс ұйым коммунистерінің табандылығы арқасында қабылданбай қалды. Жиналысты жүргізіп отырған, кеше ғана Мәскеуден «Лениншіл жас» газетіне редактор болып бекіп келген Уәлихан Қалижанов Мейірхан жайлы жылы сөздер айтып, қорғап қалуға тырысты. Бірақ ауданнан келген өкілдер бой бермеді.
Әлі есімде, Мейірханды ертіп, бірнеше рет аудандық, қалалық парткомиссия отырысына бардым. Оны қорғап, жақсы мінездеме беріп, қайта қабылдануын өтіндік. Бірақ біздің бұл әрекетімізден ештеңе шықпады.
Кезекті партия жиналысының болатынын естіп, қатыспақшы болып, Республика Комсомолы Орталық Комитеті баспасөз секторының меңгерушісі келді. Оның сөзі өктем шығып отырды. «Сендер Мейірхан Ақдәулетовті партия қатарына қайта бекіттіруге әрекет жасап жүр екенсіңдер. Оны жұмыстан аластату керек…»
– Сен кімсің өзің, – деді оған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Фариза Оңғарсынова ашуланып: – Біздің партия ұйымына ақыл айтатын, жұмысын тексеретін кімсің? Жарғының қай жерінде жазылыпты? Енді партия ұйымының ішкі жұмысына комсомол араласып…
Факең ашуланып, әлгі комсомол шенеунігін жерден алып, жерге салды. Басқа редакторлар Орталық Комитет жақтан жел соқса, солай қарай икемделетін. Ал Факеңнің кімді де болса, қағып тастайтын өр мінезі, сұсты бар-тын. Әсіресе, танымайтын, ол кісінің сырын білмейтін адамдар сескеніп жүретін. Шындығын келгенде, Фариза Оңғарсынованың жүрегі нәзік, пейілі кең, жүзі мейірім шуағымен нұрланып тұратын. Әлі есімде, Факең анда-санда қызметкерлер отырған бөлмелерді аралап, жігіттердің жағдайын сұрайтын. Ең алдымен әдебиет және өнер бөліміне кіріп:
– Дәуітәлі, бүгін қандай өлең жаздың? «Жалаңаш» туындыларыңның біреуін оқы, – деп қаннен-қаперсіз отырған ақын жігіттің ойын тығырыққа тірейтін. Мұндай сәтте Дәу-ағаның бір өлеңі дайын тұратын…
Фариза апай Дәукеңнің өлеңіне риза болып, Тынышбай Рахымға кезекті ұсынады. Тын-ағаң ақындығына сазгер-әншілігі сай, «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат қой, домбырасын қолына алып, құйқылжыта ән шырқайды…
– Осы, Сайлаубай, сені жаңа пәтер алды деп естіп жатырмын. Үндемейсің. Келінге сәлем айт, алдағы сенбіде құтты болсын айтып барамыз. Дайындықтың керегі жоқ. Өзіміз ішіп-жейтін тамағымызды алып барамыз, – дейді Факең келесі бөлмеге кіргенде.
Редактор айтты бітті. Шегінуге жол жоқ. Ал Сәкең болса, келіскенін білдіріп, мұртын қайта-қайта шиіріп, басын изеп тұрады. Ертеңіне көк базардан керекті заттарды көтеріп, Сайлаубай ағаның үйіне жеткіземіз. Екі қыз көмекке барып, дастарханды жайнатып қояды. Алақандай газет ұжымындағы үлкенді-кішілі қуаныштар осылай аталып өтілетін. Ортамызда бала көңіл, дана пейілді Фариза апай жүргені бір ғанибет еді. Әшейінде іздесең таптырмайтын фототілші Рахымбай Ханалы бақытты сәттерімізді аңдып, суретке түсірумен әлек болатын.
Қайран уақыт, көз алдыңнан сағымдай болып өтсе де, жүрегіңде мәңгі сақталып қалатыны заңдылық екен ғой!..
***
Арада оншақты жыл өтті. Бір күні Фариза апай жұмысыма іздеп келді. Екеуміз шешіле әңгімелестік. Сөз арасында әкем Жолдасбек Сүлейменовтің 70 жылдығына ас беруге дайындалып жатқанымды, әкем атындағы орта мектепті жөндетуге кіріскенімді, тас мүсін бейнесін жасатып жатқанымды, естелік кітап дайындағанымды айттым. Апай менің әкемді жақсы білетін. Ол кісі Алматыға келген сайын қарындасым деп Факеңе, ұлымның ұстазы деп академик Рымғали Нұрғалиевке, өзінің өкіл інісіндей көретін Уәлихан Қалижановқа соқпай кетпейтін. Сонау сексенінші жылдардың соңында Фариза апай біздің ауылға арнайы барып, науқастанып жатқан әкемнің көңілін сұрап қайтқаны да есімде. Ал кешегі әңгімемізден соң араға екі-үш күн салып, Фариза апай әкем жайлы тамаша естелік-эссе жазып әкелмесі бар ма? Естелік кітаптың алғашқы бетінен орын алды.
Кейінгі жылдары Фариза апай қатты науқастанып жүрді. Астанаға арнайы іздеп бардым. Апай шаршап қалғанын байқатпай әңгімелесіп, ағайын-туыс, ортақ таныстарымыз жайлы сұрап отырды.
– Өзіміздің жігіттермен кездесіп тұрасың ба?
– Анда-санда, тойда не өлім-жітімде жолығамыз. Көңілдері баяғыдай. Қуанып қаламыз, – дедім мен. – Жігіттердің біразы кетіп қалған.
– Иә, білем. Бірақ маған ешқайсысы хабарласпайды? – деді Факең мұңайып.
Сәл үнсіздіктен соң орнынан тұрды да менімен қоштаспай, жататын бөлмесіне кіріп кетті. Қайтып шыққан жоқ. Мен аңтарылып отырып қалдым. Орнымнан тұруға ыңғайлана бергенімде, апайға қолтаңба жазып, естелікке берген кітабым көзіме түсті. Алғашқы парақтың үстінде бір тамшы жас тұрып қалыпты…
Бұл біздің ең соңғы кездесуіміз еді…
***
Шығармашылықтың қай саласында жүрсем де, өзімді қазақ балаларының аманатын арқалап жүргендей сезінемін. Өйткені, осы бір киелі де қастерлі шығамашылыққа келуіме, балалар әлеміне жетелеп, бағыт-бағдар берген де Фариза Оңғарсынова. Бұл – Ұлы ұстаздың ұлағаты болса керек!
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты,
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», публицист, жазушы.
Суреттерде: 1. Солдан оңға қарай. Бейсенбай Сүлейменов, мәскеулік ғалым-антрополог Наиль Шаяхметов, Фариза Оңғарсынова, Мәди Айымбетов, Дәуітәлі Стамбеков, Тынышбай Рахым.
- Әшірбек Көпіш, Фариза Оңғарсынова, Бейсенбай Сүлейменов. Мәскеу.