ӨМІР ЖОЛЫ – ТАР СОҚПАҚ
Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен көңілімнің күйі неде…
Қасым Аманжолов
Қазақ өлімді ауызға алуға, оны әңгімелеуге келіп қалатындай көріп қорқады. Құлағымызға жақпайтын, естігіміз келмейтін сөздің бірі осы. Ал шынында өлім хақ, бүгін тірі жүрген пенденің бәрі де ажал жеткен бір күні жаны шығып, қара жердің астына түседі. Абай данышпанның «өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ» дейтіні сол… Сондықтан оның алда тұрғанын үнемі естен шығармасақ сол құрлы саналы, иманды, есті боламыз. Тірліктің бір күндік қызығы мен шыжығына бола шектен шығып қуанбай немесе қатты қаусап, торықпай сабыр мен ынсап айлаймыз. «Адамдар мал, мақтан үшін соғысып, өзі жек көретін өлімге жанын тапсырады» дейді Шәкәрім.
Шәкәрімде тіпті «Кәрілік туралы» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:
Туған жан өлмек,
Тағдырға көнбек.
Кімді алмайды бұл өлім.
Шал болмай-ақ өлейік
Алла ісіне көнейік.
Қызусыз тәнің, сезімсіз жаның,
Болады кәрілік белгісі.
Оны да сезбей, үмітін үзбей,
Келмейді шалдың өлгісі.
Алпыстан ары бармаңдар,
Аңдамай шал боп қалмаңдар…
Бірақ Шәкәрімнің осы өлең жолдарын ұлы Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңінде былай деп қатты сынады:
Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,
Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.
…Бес-алты мисыз мәңгі күлсе мәз боп,
Қинамай қызыл тілді кел, тілді ал, қой!
Өлеңі бар өнерлі інім, сізге
Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.
Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,
Есіл өнер қор болып кетер түзге.
Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,
Қанша қызық болады өзіңізге?
Жасырақ кезінде, романтикалық сарында жүріп жазған ойшыл інісін осылай тиып, Абай түзу жолға салып жіберген екен.
Ғылым мен дін өлім туралы екі түрлі пікірде. Ғылым жолындағылар адамның биологиялық тіршілігі тоқталуымен өмір толығымен аяқталатынын айтады. Ал денесі топыраққа сіңіп, оны құнарландыратын басқа түрлі материяға айналады дейді.
Дін жолындағылар адамның өлмейтінін, ақырзаманда қайтадан тіріліп, өмірдегі істері үшін жауап беретінін, Құдайдың дұрыс жолында болып, иман келтіргендер болса жұмаққа баратынын, ал күнәһар болса тамұққа барып, жаза тартатынын дәлелдеп бағады. Әлемдік діндердің арасында ислам, христиан және т.б. осыны уағыздайды. Ал ғылым жолындағылар мұндайдың көзге көрінетін, қолмен ұстайтын, тәнмен сезілетін анық дәлелі болмағандықтан мойындамайды. Ғылым тіпті адамның жанын да танымай, тәнін ғана материя деп қабылдайды. Материяның бойындағы маңызды тіршілік көздері қартаюмен тозса я басқа бір себеппен тоқтап қалса немесе сыртқы күштің әсерімен маңызды органдардың бірі функциясын тоқтатса бүкіл ағза өлетінін айтады. Сондықтан өлімді бір материяның екінші материяға айналуы деп бағалайтын ғалымдар көп. Орыстың терең ойшылдарының бірі Г.Плеханов өліп бара жатқанда жанында жылап отырған әйеліне: «Неменеге жылайсың, бір материя екіншісіне айналып бара жатыр, бар болғаны сол», деген екен.
Кейбір индуизм, буддизм, джайнизм, сикхизм сияқты діндер адамның жаны мұрнынан шығып кеткеннен (біздің түсінігімізде солай) кейін ол басқа тәнге қонып, жаңа адамның бойында өмір сүре береді дейді. Мұны ғылым «реинкарнация» деп атайды, латын тілінен аударылғанда «қайтадан іске асу» деген мағынаны береді. Жанның басқа тәнге берілуі өте ерте замандардан бері айтылуда. Оның алғашқы формасы тотемизммен байланысты. Осыны дұрыс деп білетін діни-философиялық ұстанымдағы адамдар, соның ішінде эскимос, еврей, солтүстікамерикалық үндістер және т.б. халықтар жаңа жаралған шаранаға өзінің өлген атасының немесе басқа да бұрынғы өткен тікелей туысының жаны беріледі деп есептеген. Тотемизм дегеннің өзі бір атаның балалары ұстанатын белгі, ардақ тұтатын айырым заты. Тотемге сол топтың, таптың адамдары бас иетін болған.
Егер реинкарнацияны дұрыс деп санасақ 1960 жылғы ақпанның 18-де жарық дүниеге кірген маған Алланың қалауымен берілген жан бұрын бірнеше адамда болған. Бірақ біз мұсылманбыз, Алланың құлымыз, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың үмбетіміз, Қасиетті кітабымыз – Құран. Біздің дініміз жанның басқа тәнге берілуін жоққа шығарады. Алла берген жан Алланың өзіне ғана қайтады деп жазылған Құранда. Біздің «өлсем жаным жақсы адамға қонсын» дегенді айтпайтынымыз білместік те, өзімнен кейін маған бәрібір деген эгоистік пиғыл да, тіпті Жаратқан өзі білер деген немқұрайлық та емес, тек жанымыздың басқа тәнге көшпейтінін білгенімізден айтылмайды.
Сондықтан, мұсылманның түсінігі бойынша, біздің жанымыз өлмегенімен басқаға беріліп, қайта өмірге келмейді. Ол ақырзаманда өзінің жасаған ісіне қарай тергеліп, тиісті бағасын алады. Ал жаным басқаға ауысып, өмір сүре берермін деген ойды бізді алдарқату үшін ібіліс ойлап тапқан деп есептейміз. Қазақтың данышпаны Абай:
«Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,
«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі», деген сөзінде жанның өлмейтінін
айтса да оның қайтадан қайрылып бұл өмірге келетінін айтпайтыны содан.
Тағы бір өлеңінде Абай:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.
«Мені» мен «менікінің» айрылғанын
«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.
Мұнда данышпан тәнді «табиғат» деп, жанды «адам» деп алған. Тәннің өлетінін, ал жан өлмесе де «қайтып келіп ойнап-күлмейтінін» айтады. Адамның туыстары, жақын-жұрағаты өлгенде жылайтыны, жоқтайтыны тәнге арналғанын білуіміз керек, ал жан өлмей ұшып кетеді. Оны періштелер жеті қат аспанға көтеріп, кітапқа жазып, қайта түсіреді екен.
Данышпан Абай тәннің өліп қалатын материя екенін адамдарға нақты ұқтыру үшін тіпті оны «боққа» теңейді. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы. Боқтан сасық боласың өлсең тағы…», дейді данышпан тікесінен тіке.
Ислам діні бойынша Әзірейіл періште жанды алып кетеді, ал тән өлген (көмілген) соң көрде Мәңкүр мен Мүңкірдің тергеуіне түседі. Өлген адамға арнап дұға оқығанда адамдар «оны көр азабынан сақтай гөр» деп Алладан тілейді. Өйткені періштелер қысып, қатаң сұраққа алады. Өлген адам «мен Алланың құлымын, дінім –Ислам, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.)» деп жауап беруі керек. Егер күнәсі аз, иманды, тақуа жан болса Алла оған қуат беріп, сұрақтарға дұрыс жауап береді. Осы сәттен ол Алланың қамқорлығына алынады. Ал күнәһар адамдар осы тергеуде жауап бере ала алмай, ақырзаманда жаны мен тәні дозақта азапталады. Ал күнәһар болмаса жаны жәннатта болып, тәні рахатқа батады дейді біздің дініміз.
Абай өсек, өтірік айтпай, ұрлық қылмай, кісі ақысын жемей, қиянат қылмай, Алланы, адамдарды махаббатпен сүюді, әділетті, дұрыс өмір сүруді уағыздап кетті. Осыған байланысты:
Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса –
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең, – дейді ол.
Ал енді «Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегені ақылды, дана адамдардың ісіне сүйсінгеннен айтылған. Ондайлардың қатарына екінің бірі кіре алмайды. Бұл – данышпанның адамның сипатына берілген ең жоғары бағасы.
Осының бәрін ойлай келіп, өзіңнің қалай өмір сүргеніңді, өмірлік жүрген жолыңды, өзіндік көзқарасың мен түйген ойыңды өз аузыңнан таратып, айтып кеткен дұрыс па деп ойладық. Әрине, көп адамның өмір жолы қызық емес, бір сарынды, көп дүрмекке қосылған мимырт, күңгірт тірлік. Ал өмірден көп нәрсені бақылап, ой түйген, сыр тартқан, тағдырдың қилы-қилы асуларын кешкен адамның жан дүниесі қызық, айтпағы мен көрсетпегі мол болады. Бағзы заманның кейбір қарттарының кеңінен көсіліп, көп толғайтын ұзақ сонар әңгімелерін халықтың сүйсініп тыңдайтыны содан. Мен өзімді ондай ақылмандар қатарына қоспасам да өмірім бірсарынды, қызықсыз, мағынасыз болмаған сияқты деп санаймын. Сондықтан да қолыма қалам алып, алпыс жастан асып, адамзат сапарының келесі белесіне шыққанда ой толғап, өзім туралы жазуға бел будым. Бұл жазба тек өзім жайлы емес, өзім көрген адамдар және олармен қарым-қатынасым жайлы да болмақ. Көп адамдар өздерінің ата-бабасын, ата-аналарын, жақын-жұрағаттарын, тіпті таныс-білістерін тауып жатса – құба-құп. Мен тіршілігімде олармен таныс болып, ағайыншылық, көршілік, ауылдастық, жолдастық, әріптестік қатынаста болып сөйлескенмін, араласқанмын, ұстаздарының алдарынан оқып, ақылын тыңдағанмын, үлгі-өнегесін бойыма сіңіргенмін, берген білімін, тәлім-тәрбиесін алғанмын, бірге қызмет еткендердің тәжірибесі мен кәсіби қабілеттерін танығанмын, адамгершілік қасиеттерін білгенмін, пендешілік осалдықтарын да көргенмін. Әрине, тым терең емес, бәрі де өзімнің танымым мен өз жүрегімнің шындығында. Оның біреуге жағып, біреуге жақпауы да мүмкін. Сөйтіп… өзімнің өмірім, көз көрген адамдар және олармен қарым-қатынасым жайлы жазып, фәниде жүрген жолымды көрсетпекпін.
Жақсыбай САМРАТ,
«Өмір жолы тар соқпақ» атты
2 томды мемуарлық кітабының кіріспесі