Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор – Тоқаев
АСТАНА. 4 шілде. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінің «плюс» деп аталатын бөлігінде сөз сөйледі. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысынан кейін саммит «ШЫҰ плюс» форматында жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық аренадағы рөліне айрықша тоқталды.
«Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған геосаяси қайшылықтар мен қақтығыстардың күшеюіне байланысты туындаған күрделі сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Халықаралық қауіпсіздіктің архитектурасына қауіп төніп тұр. Тұтас адамзат үшін оның зардабы ауыр болуы мүмкін. Осындай сын сағатта бізге өңірлік және жаһандық деңгейдегі ұжымдық күш-жігер арқылы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін орасан зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Шанхай ынтымақтастық ұйымы өз беделімен, елеулі экономикалық және адами ресурстарымен тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізіп, заманауи сын-қатерлерді еңсеру үшін тиімді шешімдер әзірлей алады. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы кезінде көтерген «Көп жақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» атты ұраны ортақ миссиямыздың мән-маңызын айқын көрсетеді», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев бейбіт және үйлесімді даму мәселесін ілгерілетуді ШЫҰ аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың басты міндеті ретінде атап өтті.
«Ұжымдық күш-жігер мен парасатты дипломатия арқылы ғана әлемдегі басты қайшылықтардың түйінін тарқатып, дүниежүзінде ұзақмерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады. Мен бұған сенімдімін. Осы орайда келесі жылы сексен жылдығын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымына зор үміт артылады. Бұл әмбебап ұйымның баламасы жоқ, оның әлеуеті әлі де мол. Біздің ортақ міндетіміз – БҰҰ-ның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін, ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұра алатын басты халықаралық институт ретіндегі рөлін күшейту. Қазіргі заманның түрлі проблемасына қатысты ортақ ұстанымның жаршысы ретінде «ШЫҰ дауысы» халықаралық аренада қаттырақ естілуі керек және солай болуға тиіс. Сондықтан біз қабылдаған Тату көршілік, сенім және ынтымақтастық қағидаттары туралы мәлімдеме өте өзекті», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 80, сондай-ақ ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына қарай «Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы» бастаманы қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясын қабылдауды ұсынды.
Мемлекет басшысының пікірінше, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға айрықша мән берген жөн.
«Санкциялық даулар жаһандық экономикаға айтарлықтай зиян келтіріп, оның даму перспективаларының аясын тарылтып жатыр. Мұндай жағдайда бізге оң динамиканы сақтауға және әлеуетімізді арттыруға бағытталған сауда-экономикалық ықпалдастықтың неғұрлым икемді стратегиясын құру қажет. Қазіргі кезеңде ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикасы 4 пайыздан 9 пайызға дейінгі жоғары өсім қарқынын көрсетіп отыр. ШЫҰ мемлекеттерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрайды. Бүгінде Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саудасы 8 триллион доллардан асты. Бұл – әлемдік сауданың төрттен біріне тең», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Азияның экономикалық тұрғыдан өркендеуіне көбіне ШЫҰ-ға мүше елдердің ықпалы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстан тарапы Қытайдың ішкі ауқымды нарығына ШЫҰ елдерінің қолжетімділігін арттыру және Ұйымға мүше елдермен тауар айналымын 3 триллион долларға дейін жеткізу ниетін құптады.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымының экономикалық әлеуеті орасан зор. Біз оны толыққанды пайдалануымыз қажет. Бүгін ШЫҰ экономикасын дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі нақты іс-қимыл жоспарын қабылдадық. Аталған құжат осы басты мақсатқа сай келеді. ШЫҰ-ның ЕАЭО, БРИКС және АСЕАН секілді интеграциялық бірлестіктермен өзара ықпалдастығы кең мүмкіндіктерге жол ашады. Көлік жолдарының өзара байланысын одан әрі нығайту әлемдік сауданың тұрақты өсіміне зор ықпал етеді. ШЫҰ-ға мүше елдердің аумағы арқылы 350 мың шақырымнан астам теміржол өтеді. Әлемдегі жүк тасымалының үштен екі бөлігі осы жолдарға тиесілі. Сондықтан ШЫҰ кеңістігі жаһандық сауданы дамытуға арналған Үлкен Еуразиялық белдеуге айнала алады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Еуразиялық көлік жүйесінің ең маңызды бөліктерінің бірі саналады. Сондай-ақ еліміздің «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын, Транскаспий көлік бағытын және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін өзара ұштастыру, стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құру ісіндегі бастамалары туралы мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қазіргі жағдайда экология және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықтың өзектілігі арта түскеніне тоқталды.
«Біз түрлі табиғи катаклизмдердің айтарлықтай көбейгеніне куә болдық. Әлемдегі барша мемлекет бұдан орасан зор зардап шегіп отыр. Жуырда Қазақстан бұрын-соңды болмаған су тасқынын бастан өткерді. Мамандардың пікірінше, бұл табиғат апатының ауқымы жаһандық жылыну процесімен тікелей байланысты. Климаттың сын-қатерлерін жалғыз еңсеру мүмкін емес екені анық. Әлемдік қауымдастық экономиканы декарбонизациялау жөніндегі батыл қадамын жалғастыруға тиіс деп санаймын. Бірақ бұл мемлекеттердің дамуға және жаңғыруға бағытталған маңызды міндеттеріне зиянын тигізбеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ішкі су көздерінің деградацияға ұшырау проблемасын шешу, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің бұл бағыттағы ортақ күш-жігері БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға ШЫҰ-ның қосқан нақты үлесі болмақ.
Президенттің пікірінше, ШЫҰ қызметінің аса маңызды бағытының бірі – мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл сала Қазақстанның ұйымға төрағалығы кезінде ұдайы назарда болды.
«Қазақ жері – ежелден түрлі өркениеттер тоғысқан мекен. Үлкен Еуразияның бірегей мәдени кодын бойына сіңірген ШЫҰ-ның алып кеңістігі халықтар арасын жақындатуға дәнекер болып, өзінің тарихи рөлін одан әрі атқара беруге тиіс және солай боларына сенімдімін. Осы орайда мәдени орталықтар ашу пәрменді шара саналады. Бүкіл ШЫҰ аумағында осындай жобалардың жүзеге асырылуы елдеріміз арасында барынша тығыз мәдени-гуманитарлық байланыс орнатуға ықпал етеді деп ойлаймын. Бұл іске жастарды белсенді тарту маңызды. Осы ретте олардың жан-жақты дамуына және өзара қарым-қатынасын жандандыруға барынша жағдай жасау қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше елдердің жас көшбасшылары мен таланттарының жыл сайынғы кездесуін өткізу, диалог аясындағы серіктестердің жаңа оқу орындарын қосу арқылы ШЫҰ университеттері желісін кеңейту, техникалық мамандықтар үшін бөлінетін грант санын жылдан-жылға көбейту жөнінде ұсыныс айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның ШЫҰ аясындағы және «ШЫҰ плюс» форматындағы жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа бейілді екенін мәлімдеді. Сондай-ақ серіктес елдердің барлық конструктивті ұсынысы Ұйымның одан әрі қарқынды дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.