Қазақша сұрақ қойған журналисті сөккен Черчесовті жұрт тәубасына келтірді
АСТАНА. 28 маусым. Футболдан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Станислав Черчесов өзінің бірінші баспасөз мәслихатында қазақша сұрақ қойған журналиске ұрсамын деп, басы пәлеге қалды. Бұл туралы «Советский спорт» ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Ресей газеті өзінің осы оқиға жөнінде жазған «Черчесова поставили на место в Казахстане. В сборной он проработал меньше месяца» деп аталатын мақаласында 3 маусымда Қазақстан құрамасы тізгінін қолға алған ресейлік жаттықтырушының арада ай толмай жатып, ана тілінде сұрақ қойған жергілікті журналистпен сөзге келіп, жанжалдың астында қалғанын ашып жазды.
Мәтбұғаттың баяндауынша, Черчесов Қазақстанның ұлттық құрамасына келер алдында жергілікті репертёрлерді таң қалдырып, қазақ тілінін білетінін мәлімдеген. «Бірақ біршама уақыт өткеннен кейін Станислав Саламович, шамасы, оны ұмытып қалған сияқты», – деп кекете атап өтті басылым.
«Советский спорт» газеті бұдан әрі: «Міне, жақында жергілікті журналистердің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мұның ақыры жанжалға айналды. Черчесовке бірінші рет қазақша сұрақ қойылғанда, ол Қазақстан Футбол федерациясының президентін аудармадан көмек беруге шақырды, ал содан кейін «Мен оның кім екенін білмеймін, бірақ аудармашысы президент болды» деді Станислав Саламович, – деп тәптіштеді.
«Осымен ортадаға ахуал бір жөнге келген секілді еді, бәрінің көңіл күйлері жақсы болды, бірақ көп ұзамай Черчесовтің бұлқан-талқаны шықты. Жаттықтырушыға аударманы қажет етілетін тағы бір сұрақ қойылып, арандатуға жол беріп жіберілді. Қорытындыда маман тура өз отанында журналистермен арасы қандай болғанын еске түсіріп, шектен шығып кетті», – деп жалғастырды басылым.
Осы тұста Станислав Саламович қазақстандық репортёрдің сөзін бөліп, оған қарсы сұрақ қойып, диалог жүргізе бастады: «Сіз қайдансыз?» – «Мен Қазақстаннанмын». Сол-ақ екен, бас жаттықтырушы журналиске тарпа бас салды. «Сен неге маған бұлайша сөйлейсің? Саған осетинше жауап беруіме бола ма?», – деді ол. Журналист бұған «болады» деп жауап қайтарды. Дегенмен, отырғандардың ешбірі осетин сөзін ести қоймады. «Бірақ оны ешкім түсінбейді ғой», – деп ақталды сосын бас жаттықтырушы.
«Жаттықтырушы жұмысты бастағанына ай да толмаған уақытта, тегіс жерде сүрініп, өзі құрамасының жаттықтырушысы болып отырған елдің ұлттық тілін шабақтап өтетін арандату сөздерін айтып, таңғаларлық жағдайға ұшырады, – деп ашығын жазды ресейлік журналист Георгий Горнастаев. – Бірінші кезекте сұрақ әдетте журналистің өзі үшін емес, оқырман немесе көрермен үшін беріледі, сондайда аударма арқылы емес, тікелей алынған ақпар қашанда ұнамды болып көрінеді. Мына жағдайда журналист Черчесовке емес, керісінше жаттықтырушы өз елінде құраманың бас жаттықтырушысынан түсіндірме беруді өтінген репортёрге дөрекілік көрсетті. Ал жағдайға бұлайша қарау пиғылымен оның жергілікті баспасөзбен ортақ тіл табысуы қиын. Ресей құрамасымен жұмыс істеген кезінде осындай ахуал кездескенде, Фабио Капелло сұрақтарға тек итальян тілінде жауап беріп тұрса, қалай болар еді. БАҚ өкілдерінен бұл кімге ұнар еді? Тап сондай сәт Қазақстанда орын алды».
Тілшінің пікірінше, «Енді осы жанжал әрбір баспасөз мәслихатында Черчесовтің есіне салынып тұрады. Бұған қоса, бірінші сәтсіздік орын алғаннан бастап сынның нөпірі командаға емес, бас жаттықтырушының мәнзіліне қарай тасқындайды, журналистер де Черчесовтің тап осы күйреуін күтетін болады.
«Ресейлік журналистер Ресей құрамасының натурализацияланған футболшыларын ұлт тілін білмейтіндіктері үшін жиі сынайды. Бірақ олардың бірде-бірі мәселені оларды сыйламау емес, аудармашының қызметін көтеру тұрғысынан көтерді. Станислав Черчесовке де тегіс жерде жанжалды өзі туғызып жібермей, осылай әрекет ету керек еді», – дейді Горнастаев.
Ресей жаттықтырушысының бұл өктемдігі Қазақстан жұртшылығы арасында да кеңінен талқылауға түсті. Пікір білдіргендердің басым көпшілігі Черчесовтің шектен шыққан өркөкіректігін сынады. Мәселен, блогер Сырым Итқұлов: «Бұл – өктемшілік. Біздің футболдан құраманың ресейлік жаңа жаттықтырушысы Черчесовке журналист Нұрсұлтан Құрманның өзіне қазақша сұрақ қойғаны ұнамады. Сонда сіздің Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп, шаш-етектен келетін жалақы алатыныңыз жөнінде не айтасыз? Мен тіпті Петербург секілді бір жерде өзіне орысша сұрақ қойылып жатқанда, қазақ жаттықтырушысының бақырып беріп, шағым жасап тұрған шағын көз алдыма елестете де алмаймын», – деп жазды.