Руханият

АСПАН АЯСЫНДАҒЫ АҚЫМАҚТЫҚ

Тобыр санатына жатқызам десеңіздер – өз еріктеріңіз, бірақ кейбір тұстарда үнсіз қала алмайтын мінезім бар екені рас.

Тұрсынбек Қабатовта ұзында өшім, қысқада кегім жоқ. Бірақ дәп осы жолғы дүрмегіне бес тиын пікір қоса кетуге рұқсат етіңіздер.

«Талантымен тас жарған өнер адамы, бір дарынның еркелігін неге көтермеске» деп жатқандар бар екен. Ізгі ниетке жүгінсек, бұл да жөн шығар.

Бірақ таланттар қашанғы еркелей бермек? Еркеліктің де жөні бар. Таланттардың бәрі «атын шығару үшін жер өртей» берсе, бұл қазақ қайда барып оңады?

«Халық – Құдайдың бір аты» дейді. Халық төбесіне көтере де алады, төменге тастап та жібереді. Атақ пен абыройсыздықтың арасы – бір ғана қадам.

Тұрсынбектің жердегі ылаңдарын естігенде, «еркелігі болар, көтерейік» деп, сабырлық танытқанбыз. Бірақ қашанғы үндемеуге болады? Жердегісі аз болғандай, аспандағысына не жорық?

Ұшақтан түскен адамды аты-жөні жоқ қамауға алатындай, заң органдарының Тұрсынбекте алты аласы, бес бересі жоқ шығар.

Қабатов аспанда тәртіп орнатқысы келіпті-мыс. Оу, есі дұрыс адам бұлт астында бүлік шығарып, қоқаңдамайды ғой. Жүздеген адамның өміріне қауіп төндірмейді. Жерге түскеннен кейін бәрін заңмен реттейді.

Басқасын білмеймін, бұл мырза аспандағы ақымақтығы үшін сазайын тартқаны абзал. Бұдан былай Құдайдың құлағын ұстағандай есірмес үшін.

«Дарынды» екен, «талантты» екен, өзі де сол атына лайық болсын!

Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА

Facebook

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button