Тағы бір «Помпейдің соңғы күнін» жасаған қазақстандық турист қолға түсті
АФИНА. 23 маусым. Ежелгі Грекияның көне ескерткіштерінің бірі – Помпей археологиялық саябағындағы ескерткішке өз атын жазып қалдырған қазақстандық турист ұсталды. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Атың шықпаса, жер өрте» деген осы. Әзірге бізге толық аты-жөні белгісіз қазақстандық бір бейшара турист сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан Помпей қалашығы қирандысы орнында тұрған археологиялық саябақтағы қабырғалардың біріне өзінің атын ойып жазып кетіпті. Шамасы, қарт Қаратаудың етегінде жүрмін деп ойлап қалса керек.
Нақтылай айтқанда, Қазақстаннан Грекияға туристік сапармен барған бір делқұлы отандасымыз біздің дәуірімізге дейінгі 79 жылы Везувий жанартауының атқылауынан ыстық магма толқынының астында қалып, жер бетінен жоқ болып кеткен байырғы Помпей қаласының қирандысы орнында ашылған Археологиялық парктегі Цейлер үйінің ауқымында тұрған қабырғаға өзінің атын ALI деп қашап жазған.
Сонымен, Эллада елінде қарап жүрмей, «Помпейдің тағы бір соңғы күнін» жасап кеткен Әли есімді алаңғасар азамат грек құқық қорғау органдарының тұтқынына түсті. Енді оның қандай және қаншалықты жаза тартатыны белгісіз. Белгілісі, ол бұл вандализм әрекетінен келген лаңынан оңайлықпен құтыла алмайды. Ақшаға шаққанда да, оңбай айыппұл төлейтіні аян. Архитектуралық ескерткішке келтірілген шығынның мөлшерін техникалық сараптама комиссиясы анықтайды.
Цейлер үйі 1913-1914 жылдары жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде жер астынан аршылып алынған біздің дәуірімізге дейінгі II ғасырдағы кейінгі самнит кезеңіндегі өте сирек кездесетін ежелгі қоныстардың бірі болып табылады. Бұл үй магистрат Луций Цей Секундтің меншігі болған.
Тегі итальян ресейлік суретші Карло Брюлло (Карл Брюллов) 1833 жылы осы Помпей қаласының Везувий вулканы кенеттен атқылап кетуінен қирап жатқан кезін бейнелеген атақты полотносын салған еді.
Суретте: суретші Карл Брюлловтың (1799-1852) «Помпейдің соңғы күні» атты картинасы, 1833