Қазақстан әйелдері арасындағы тұңғыш әкім Алмагүл Божанова қайтыс болды
ҚЫЗЫЛОРДА. 5 маусым. Қазақстан қыз-келіншектері арасынан шыққан алғашқы аудан әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова кенеттен өмірден өтіп кетті. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол 1992 жылы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы әйелдер арасынан шыққан бірінші әкімі атанды.
Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесін (1964), Қызылорда педагогикалық институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университет) бітірген (1970). Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Алмагүл Божанқызы Божанова 1946 жылы 14 наурызда Қызылорда облысының Тереңөзек (қазіргі Сырдария) ауданындағы «Қызылөзек» ауылында туған. Еңбек жолын 1964 жылы Тереңөзек ауданының «Шаған» ауылында балабақша меңгерушісі болып бастады. 1970 жылдан «Бесөзек» ауылындағы өзі оқыған №132 орта мектепте ұстаздық етті. Ал 1972 жылы Тереңөзек аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. 1977-1983 жылдары А.Тоқмағамбетов атындағы ауылдағы №135 орта мектептің директоры болды.
Алмагүл Божанова 1983 жылы мемлекеттік қызметке қайта оралып, Тереңөзек аудандық партия комитетінің хатшысы, халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет атқарды. 1992-1999 жылдары Тереңөзек ауданын әкім болып басқарды. 1999-2003 жылдары облыстық мәслихаттың депутаты әрі хатшысы болып сайланды. Бұдан кейін 2007 жылға дейін «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары лауазымының тізгінін ұстады.
Ол кеңес кезеңіндегі «Құрмет белгісі», тәуелсіздік жылдарындағы «Парасат», «Құрмет» ордендері мен көптеген медальдардың иегері, республикалық ұлттық кеңестің мүшесі, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» болды.
Алмагүл Божанова өзіне тапсырылған қандай да бір қызметті болмасын барынша зор жауапкершілікпен атқаратын адал азамат есебінде ел есінде қалды. Ол өзін әрдайым байыпты басшы, шебер ұйымдастырушы, көсегелі көшбасшы ретінде танытты. Тереңөзек ауданын басқарып тұрған жылдары өңір өміріне барлық салалардағы реформаларды батыл ендіре отырып, совхоздардың тарап кетпеуіне ықпал етті. Соның нәтижесінде қазіргі өндірісі өркендеген Нағи Ілиясов және «Шаған» ауылдарын бөлшекке түсірмей, тұтас қалпында ұстап қалды. Осы жылдары аудан, облыс көлемінде көш бастаушы есебінде танылып, барлық көрсеткіштерден бірнеше жыл бойы бірінші, екінші орындарды иеленді.
Бізге Алмагүл Божанованың соңғы жарты жыл көлемінде сырқатын емдеумен айналысқаны белгілі. Басында ұшынып қалудан басталған кесел оның өмірінің ақыры осылай үзілуіне апарып жеткізді.
Адал адам, жақсы жан Алмагүл Божанованың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде ұзақ уақыт сақталары хақ.
Марқұмды Алла алдынан жарылқасын.