Мексикада президент сайлауынан кейін артынша қала мэрін атып кетті
МЕХИКО. 5 маусым. Мексикада Клаудия Шейнбаум ел президенті болып сайланғасын бірнеше сағаттан кейін қарақшылар Котиха қаласы мэрін атып кетті. Бұл туралы ВВС ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мексикада Котиха қаласының тэоі Иоланда Санчес өлтірілді. Қанды оқиға тұңғыш рет әйел адам – Клаудия Шейнбаум президент болып сайланғаннан кейін бірнеше сағат өткенсін орын алды.
Иоланда Санчес қала орталығында тосқауылға түсіп қалды. Оның жолын аңдыған қарақшылар жан-жақтан қоршап алып жүргізбей қойған. БАҚ-тар мәліметінше, бандиттер мэрді 19 мәрте атқан.
Санчес осы шабуылдан кейін ұзамай ауруханада есін жинай алмаған қалпында көз жұмған. Оның оққағары атыс кезінде қаза тапқан.
Әзіргі бірде-бір адам ұсталған жоқ, бірақ қалада бұл қылмыстың артында қандай ұйымдасқан қылмыстық топтардың тұрғанын білмейтіндер кемде-кем.
Иоланда Санчес 2021 жылдың қыркүйегінде Котиха қаласы тарихында дуанбасы болып сайланған бірінші әйел атанды. Сол сәттен бастап оның мәнзіліне күш көрсету сөздері айтыла бастады.
2023 жылы көрші Халиско штатына сапары кезінде Санчесті қарақшылар ұстап әкетіп, үш тәулік бойы тапаншаның ұңғысын кезеп ұстап отырды.
Саясаткердің айтуынша, қаныперзер қылмыскерлер оған белгілі бір талаптар қойып, «психологиялық террор» жасаған.
Кейін Санчес өзін ұстағандардың қандай қылмыстық топқа жататынын білмейтінін айтқанына қарамастан, жергілікті газеттер бұлардың «Халисконың жаңа ұрпағы» (CJNG) картелінің өкілдері болулары әбден ықтимал екенін жазды.
CJNG есірткі саудасымен және ақы төлеттіру мақсатында адам ұрлаумен айналысады. Картель мүшелері сондай-ақ өздерінің бұйрықтарын орындамаған мемлекеттік шенеуніктерге шабуыл жасайтындарымен де белгілі.
Осы жолғы президент сайлауы науқаны бұдан бұрынғылары сияқты елде кеңге етек жайған қылмыс әлеміне қарсы күрес ұранымен өтті. Соған қарамастан, сайлау алды науқан тұсында кісі өлтірушілердің құрбаны болған саясаткерлер аз емес. Мысалы, 29 мамырда Коюка-де-Бенитас қаласында мэр орынтағына үміткер Альфредо Кабреро сайлау алды митингіде сөйлеп тұрған кезінде атып өлтірілді.
Қауіпсіздік мәселесімен айналысатын Integralia консалтингтік компаниясының мәліметінше, ол 2024 жылғы сайлау науқаны барысындағы 36-ші кандидаттың өлімі болып отыр.