Құлыбаевтарға Алматыда саябақ ортасынан ресторан салуға кім рұқсат еткен?
АЛМАТЫ. 5 маусым. Алматы қаласының тұрғындары олигарх Құлыбаевтардың парк ауммағына ресторан салуларына қарсы шықты. Бұл туралы Azattyq Ruhy ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қала жұртшылығы әкім Ерболат Досаевтан дандайсыған Құлыбаевтар әулетіне мемориалды саяқтың қақ ортасына ресторан салуға кімнің рұқсат бергенін сұрап, нысан құрылысының шұғыл түрде тоқтатылуын талап етіп жатыр.
Белсенділердің айтуынша, қала әкімдігі өз қаулысына өзі қарама-қайшы тірлік жасап отыр.
Алматы тұрғындары қаладағы Мәншүк пен Әлия атындағы мемориалды саябақтың аумағына Құлыбаевтардың ресторан салуларына наразылық білдіруде.
«Бірде-бір елде мұндай тәжірибе жоқ. Париждің ортасындағы саябақтың бір бөлігін жекешелендіріп алып, коммерциялық мақсатта ғимарат салып жатқан адамды елестете алмайсыз. Бұл айналып келгенде мемлекеттің, халықтың өз-өзін сыйламауы», – дейді олар.
Белсенділер қала әкімі Ерболат Досаевтың бұл жерде ашықтан-ашық заң бұзушылыққа жол беріп отырғанын алға тартады.
«Оған тұрғындар пікірінің құны көк тиын. Онсыз да көше бойында ресторан мен ойын-сауық орындары қаз-қатар тізіліп тұр, саябаққа тағы да тамақтану орнын салудың қоғам мен мемлекетке қаншалықты қажеті бар» дейді белсенділер.
Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 17 наурыздағы № 1/191 қаулысымен Алматы қаласының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінің қатарына Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың ескерткіші кірген. Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану қағидаларын бекіту туралы заңда «Тарих және мәдениет ескерткіштерін пайдалану барысында тарих және мәдениет ескерткіштерінің жағдайына қауіп тудыратын жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді» деген шегеленіп тұрып айтылған.
Әкімдік өзінің қаулысына өзі қарсы шығып, жермен-жексен болып кеткен «Аққу» ресторанын қайта салуға қалайша рұқсат беріп отыр?
Ал қоғамдық тамақтану орнын салуға тапсырыс беріп отырған Құлыбаевтардың компаниясы деп есептелетін «Mercury Properties» ЖШС екенін еске сала кетейік. Мемлекеттік сатып алу порталындағы дерекке сай, компанияның құрылтайшысы болып Тимур Асқарұлы Құлыбаевтың ұлы Асқар Алтай Тимурұлы тіркелген.
Алматылық кәсіпкер Бексұлтан Мусин: «Мүдделілер бұрынғы «Аққу» мейрамханасын қайта реконструкциялаймыз деген желеумен ғимараттың құрылысын бастаған, алайда кезінде соғыс ардагерлерінің талабымен сол кафенің жабылғанын ұмытпайық. Қазір қайта тұрғызатындай ол мейрамхананың жұрнағы да қалмаған, яғни ғимаратты жаңадан, іргетасынан бастап салады», дейді.
Қазіргі күні саябақтың аумағы қоршалып, үлкен карьер қазылған. Ал «Қызыл кітапқа» енген көпжылдық еменді құрылысқа кедергі келтірген соң кесіп тастаған.
«Құрылыс жұмыстары заңсыз жүріп жатыр. Жобаның құжаттамасы мен техникалық шарттары Алматы қаласының қалалық жоспарлау және урбанистика заңын бұза отырып жасалған. Сондай ақ Алмалы ауданының экологиялық комиссиясы құрылыс орнында «Қызыл кітапқа» енген жүзжылдық емен ағашының өсіп тұрғанына қарамастан, заңсыз құрылыстың жүруіне келісті. 3 сәуірге дейін бұл жерге құрылыс жұмысын жүргізу мүлдем заңсыз болып келді. Себебі, қаңтар айының басында белгісіз адамдар сирек кездесетін ағаштың тамырына балта шауып, нәрден айырған. Салдарынан ағаш өспей қалды. Құрылыс бастаушылардың айы оңынан туды. Біз құқық қорғау органдарының тарапынан объективті тергеуді талап етеміз. ҚР Заңдары бойынша «Қызыл кітапқа» енген өсімдіктің көзін жою қылмыстық құқық бұзушылыққа кіреді. Біз ресторан салуға мүдделі ЖШС-ның коммерциялық мүддесіне орай ағаштың көзін құртқан деген күдігіміз бар», дейді белсенді Дмитрий Кан.
Бұған дейін бастамашы азаматтар мәдени мекеннің мемлекет меншігіне қайтарылып, саябақтағы мәнсіз құрылыс жұмысын тоқтатуды Алматы әкімінен талап етіп, петиция жариялаған болатын. Қазір петицияға 22 285 қол жиналған.