Тоқаев: Қазіргі заманда қыз алып қашу – нағыз қараңғылықтың қалдығы
АТЫРАУ. 16 наурыз. Кеше Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент қазіргі кезде қыз алып қашуды ешбір ақтап алуға болмайтынын айтты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұған қатысты әңгімені дәстүрлі отбасы құндылықтарын табанды түрде орнықтыра беру қажеттілігін айтудан бастады. Бұл ретте тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайтынын аңғартып өтті.
«Ислам қағидаларын өрескел бұрмалап, қатып қалған догма ретінде қабылдайтын отбасылардағы әйелдерді кемсіту, тіпті қорлау фактілеріне ерекше назар аударған жөн. Мұндай отбасылардың тұрмыс-тіршілігі ғылым мен техниканың жетістіктеріне толы XXI ғасырдың өмір салтына мүлде үйлеспейтін сорақы тыйымдар мен тәртіптерге негізделген. Кейбір адамдар әдейі кері кетуді қалап, орта ғасырларға тән ескі таным-түсінік пен іс-әрекетке бой ұратын сияқты көрінеді», – деді Мемлекет басшысы.
Ол бұдан әрі қазақ ауылдарында өткен ғасырда кең етек алған қыз алып қашу дәстүрін қатаң сынға алды.
«Елімізде қыз алып қашуды, көп әйел алуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлдем ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті, масқара тірлік. Өркениетті қоғамда әр азаматтың абыройы, құқығы және бостандығы баға жетпес құндылық болуы керек. Сондықтан мұндай ақылға сыймайтын әрекеттерді қатаң сынға алу жеткіліксіз. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс», – деп нақты тапсырма берді Қасым-Жомарт Тоқаев.