Президент Қазақстан гербін өзгерту жөнінде ақылдасу керектігін айтты
АТЫРАУ. 16 наурыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның қазіргі гимніне көңілі толатынын, ал кеңес дәуірін еске түсіретін гербті өзгертуге қарсы емес екенін білдірді. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кеше Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда мемлекеттік нышандарымызды жаңғырту хақында айтылып жүрген әңгімелерге де тоқталды.
«Біздің көк туымызда мін жоқ. Онда еліміздің бірегей болмысы нақты бейнеленген. Әнұранымыз да нағыз ұлттық рухты паш етеді. Қазақтың әнұраны әлемнің әр түкпірінде шырқалып жүр. Жаңа жылды жақындарымыздың ортасында әнұранмен қарсы алу жақсы дәстүрге айналды. Бір сөзбен айтсақ, әнұранымыздың сөзі де, әуені де халықтың жүрегіне әбден орныққан», – деді ол осы орайда.
Мемлекет басшысы алайда гербке келгенде, ойланатын тұстар бар екенін мәлімдеді. Ол кеңестік дәуірдің бір сарқыншақ белгісі сияқты елес беретіін елтаңбаға қатысты өткір сын айтылатынына тоқталды.
«Ал елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны кеңес заманындағы гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Оның ойынша, орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. «Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деп тұжырымдады Президент соңында.