Ресейде Навальныйды жерлеу соғысқа қарсы наразылық толқынына ұласты
МӘСКЕУ. 3 ақпан. Ресейде белгілі оппозиционер Алексей Навальныйды жерлеу рәсімінің соңы жалпыхалықтық қарсылық қозғалысына жол ашып берді. Бұл туралы The Moscow Times ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мәскеуге Алексей Навальныйды жерлеуге жиналған жұрт оның денесі жер қойнына берілгеннен кейін де тарай қоймай, бірнеше сағаттан кейін соғысқа қарсы ұрандар көтеріп, көшеге шықты. Олардың видеожазбаларын оппозиционердің жақтастары таратты.
Жиналғандар «Солдаттарды үйлеріне қайтарыңдар», «Путин біз бар кезде өледі», «Батырлар ұмытылмайды» деп ұрандатты. Азаматтық киім киіп алған белгісіз біреулер Алексей Навальныйдың бейітінен қуып шығара бастады. Соған қарамастан, зиратқа келушілердің қарасы азая қоймады.
Ресейдің Ямал-Ненец автономиялы округінде жазалар өтеу федералды қызметі 16 ақпан күні Харп кентіндегі №3 түзету колониясында Алексй Навальныйдың қайтыс болғанын хабарлады. Ведомство серуенде жүрген кезінде кенет оның жағдайы нашарлап, есінен танып қалғанын мәлімдеді. Дәрігерлер жарты сағат бойы оны қалыпқа келтіре алмады. Бірақ бұл версияға биліктің маңайындағылардан басқалардың көбі, соның ішінде батыс елдерінің лидерлері сеніп отырған жоқ. Олай болатыны, 17 ақпан күні Навальный әлдекіммен алмастырылу жолымен бостандыққа шығуға тиіс болған.
Оппозиционер 1 наурыз күні Мәскеудегі Борисов зиратына жерленді. Онымен қоштасуға бірнеше мың адам келді. Олардың арасында саясаткерлер Евгений Ройзман, Борис Надеждин және Екатерина Дунцева, сондай-ақ Франция, Германия, АҚШ секілді тағы жеті елдің елшілері болды.
Бүгін жерленгеніне үшінші күн болғанына қарамастан, Навальныйдың бейітіне келушілер қарасы азаймай жатыр.