Басты баған

Енді ешкімге де тыныштық болмайтын сияқты

ПІКІР

Сонымен, Шым қалада мектеп басшыларын жинаған жиын өтті. Жамбыл, Шымкент, Қызылорданың дүйім директорының басын қосып, не айтады екен деген ой болғаны рас. Оның үстіне, «пайдасыз жиналыс» деген сан-сақ әңгіме де бар. Қоғамның кейбір пікірін тыңдасаң жалған есеп, көпіртіп күбі піскендей желіп сөйлеу болады-мыс.

Қош делік! Талап пен тәртіпті, қатаңдық пен қарапайымдылықты айыра біледі дегендердің өзі жиын барысында бірі мызғып, бір мұз боп отырды:) Жамбыл облысынан болу керек, бір әріптесім сөз алғанда, «Бұл жиынға жердің үстімен келіп едім, жердің астымен қайтатын болдым» деген сөзі аяздай батты.

Әркім өз керегін алды. Өз керегін тыңдады. Түсінгендері бірдеңе түйді. Түсіне алмағандары сол күйі кетті.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің әдетте айтыла бермейтін сұмдық цифрлары, төрағаның аузынан көп шыға бермейтін пікірлері қатысушылардың бәрін бір есеңгіретті. Мұны мектеп директорларының аталған мәселелерге жедел назарын аударту үшін баяндап шықты деп топшыладым. Менің мектебім аталмаса да облыстың біраз білім ордалары бадырайып алдымыздан көрінді. Өңшең сұрықсыз цифрлар мен жағымсыз фактілер… Халықаралық зерттеуден төмен көрсеткіш көрсеткен мектептер, тест кезінде ұсталған ұстаздар, олимпиада да көмектескен мұғалімдер, санаттан өте алмай жүргендер, біліктілігін арттырмағандар, бала өлімі, педофилизм… жалғаса берді. Күрмеуі тоқсан мәселенің бәрі басқарма басшысының мойнына артылды. Басқарма басшысы әр жиналыс сайын неге бізді сынай береді деуші едім. Департамент басшысы тағы бар. Өзіміз ортада жүрген соң көбін байқамайды екенбіз. Сыртынан қарағанда ғана көрінетін дүниелер болады екен ғой. Кеше өңірді Жамбылдың, Шымкенттің көзімен көруге тырыстым. Ішің ашитын жұмыстар көп-ақ. Департамент пен басқарма басшысының күйі аласапыран шығар.

Министр сөз алғанда, сұрақ қоюға да, министрмен суретке түсуге де ұмтылмадым. Бізге енді тыныштық болмайтын сияқты. Менің мектебім жоқ қой деуге дәтім де, датым да жетпеді. «Қызылорда» деген сайын етімізден ет кескендей сезіндім.

Айтпақшы, түрлі мәселе, алуан тақырып ішінде білгенім:

енді мектеп директорының орынбасарлары үстеме ақыға санат алу үшін тест тапсыруы міндеттелді. Бұрын олар босатылған болатын. Мектеп директорлары мен орынбасарларына арналған тестке «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңынан 10 сұрақ қосылды. Тест кезінде ережені бұзған педагогтерге тиым салу мерзімі 5 жылдан 1 жылға қысқартылды. Педагогтерді аттестаттау жылына бір рет өтеді. Осыған дейін жылына екі рет еді. Оқушыларды тек каникул кезінде ауыстыру да алынып тасталды.

Жалпы осы жағдай. Ертең жұмыс. «Құдыққа түскен кісі аспаннан өзге ештеңе көрмейді» дегендей, қызмет кабинетінен шықпаған, мектебінен ұзамаған директор айналадағы ахуалды қайдан білсін? Бұл жиналысты «әйтеуір өттіге» кіргізбей, ұйымдастырушылар бәрін ескеріпті.

Мектеп басшысы білуге тиіс бұйрықтарды да, нұсқамаларды да соқырға таяқ ұстатқандай көрсетіп берді.

Енді бәрі өзімізге байланысты. Қит етсе, «сендерге ескерттік қой» дейін деп тұр. Сәттілік болғай, әріптестер!

Қарлығаш АБДРАХМАНОВА,

Қызылорда қаласындағы №261 С. Лапин атындағы орта мектеп директоры

 

Facebook

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button