«Әйелін өлтірді» деп айыпталған Бишімбаевты ақтап алу әрекеті басталып кетті ме?
АСТАНА. 24 ақпан. Әйелін асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деген айып тағылған Қуандық Бишімбаевты қоғамда ақтап шығаруға бағытталған үлкен науқан қолға алынған сияқты. Бұл туралы Dalanews.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Бишімбаевтың адвокаттары қоғамға қысым жасап, экс-министр ақталып шыға ма?» деген риторикалық сауал тастайды портал тілшісі.
Бұған экс-министрдің адвокаттары Назкен Құсайынова мен Ләйлә Рамазанованың осы іске орай YouTube-тегі elmedia_kz арнасына берген сұхбаты негізгі себеп болды. Онда қорғаушылар атышулы істі тергеп-тексеруде өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгенін айта келіп, әрбір азаматтың қорғануға құқығы бар екенін атап өтеді.
Адвокат Назкен Құсайынованың айтуынша, Бишімбаев әйелін қатыгездікпен өлтіргенін мойындамайды, ол бұл оқиғаны бар болғаны қайғылы жағдай деп қана бағалайды.
«Ол әйелін аса ауыр қатыгездікпен өлтірді дегенді мойындамайды. Ол әлі күнге дейін мұндай жайт болғанына сене алар емес. Ол Салтанатты әлі күнге дейін жақсы көреді. Ол әлі күнге дейін оны мейіріммен есіне алады. Ұрды, аса ауыр қатыгездікпен өлтірді деген болған жоқ», – дейді адвокат.
Бұл не ағынан ақтарылу ма, әлде шектен шыққан цинизм бе?
Адвокат Назкен Құсайынова марқұм Салтанаттың ағасы Қайрат Нүкенов айтқандай, оның денесінде жарақат болмағанын алға тартады.
«Иә, көзінің асты көгерген шығар. Басы жарылған жоқ, ол миына қан құйылудан қайтыс болған, субдуральды гематомадан. 1 айдай созылмалы субдуральды гематома болған. Бірақ біздің қорғауымыздағы адам – Қуандық Бишімбаев гематома пайда болғанын білмеді, салдарынан Салтанат қайтыс болған. Ол білген жоқ. Салтанат сау болған, олар араласатын, 8 қарашада кешкі тоғыздан таңға дейін сөйлесіп отырған. Бәрі дұрыс болған. Иә, аздап ұрсысқан, бірақ төбелескен жоқ. Ол әлі күнге дейін Салтанаттың мерт болғанына сенбейді, әлі күнге дейін жылап, өкінеді. Қатты есеңгіреген жағдайында болды. Бірақ өзіне тағылған айыптармен келіспейді», – дейді экс-министрдің қорғаушысы.
Айта кету керек, осы тұста тағы бір топ блогердің әлеуметтік желілерде белсенділік танытып, экс-министр әрекетін жаба тоқуға кірісіп, оны қоғам алдында ақтап шығаруға күш салып жатқаны бірден байқалды.
Салтанаттың ағасы Айтбек Амангелді бұған адвокаттардың кейбір блогерлер мен журналистерді іске қоса отырып, арқылы алқабилер сотын дайындап жатқанына назар аударды.
«Әрине, оның бәрі (сұхбатта айтылғандар) жалған екені анық. Кеше оқиға болған жердегі камера кадрларын бөліскенімді білесіздер. Бірақ бұл жантүршігерлік кадрлардың бер жағы ғана. (…) Жантүршігерлік кадрларды біз де, олар да (адвокаттар) көрді. Олар қазір неге оны теріске шығарып жатқанын білмеймін, түкке пайдасыз дүние. Ол материалдарды судья сотта да көреді. Олардың қазіргі ұстанымы – бұл істің негізі басқа нұсқасы барын көрсету, Салтанат басқа нәрседен қайтыс болғанын көрсету. Негізі сот-медициналық сараптама толық жасалды, қосымша сараптама жасалды. Олардың нұсқасы бойынша, Салтанатта қандай да бір созылмалы ауру болған немесе ол құлап түскен. Бірақ ол құлап түскен болса сот-медициналық сараптамада белгі болар еді, бірақ ондай ештеңе тіркелген жоқ. Жалпы айтқанда олар осы сұхбат арқылы алқабилер сотын дайындап жатыр», – дейді Айтбек Амангелді.
Адвокаттың мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желідегілердің дені бұған өре тұра қарсы көтерілді.
Блогер Аида Жексен экс-министрдің адвокаты берген сұхбатты көргенін және жиіркенішті сезімде отырғанын жазды. «Бұл сұхбатқа дейін адамдар әділдік орнайтынына сенсе, қазір бұл үміт оты сөніп қалғандай. Ескі Қазақстан оралып, бәрі күштің, ақшаның, қысым көрсетудің арқасында шешілетіндей көрінеді. Мен мұны (сұхбатты) эмоционалдық қысым деп бағалаймын. Себебі, кәсіби адвокаттар бұлай істемес еді», – дейді ол.
Журналист Оңғар Қабден әлеуметтік желіде нақты дәлелдер келтіре отырып, өз ойын қалдырды. «…Бишімбаевтардың адвокаттары Салтанаттың денесінде ешқандай ұрып-соғу, зорлық белгілері жоқ. Ми тамырларына қан ұйыған дегенге жағамды ұстадым. Салтанаттың моргтегі фото-видеоларын жариялауға Фейсбук рұқсат бермей отыр. Бет-әлпетіне адам қарай алмайды, бір көзі жоқ. Ары қарай айтпай-ақ қояйын. Күдікті Бишімбаевтың өз әйелін ұрып-соққаны түсірілген видеоның скриндарын бүгін Салтанаттың ағасы Әйтім Нүкенов өз парақшасында жариялады. Осыдан кейін де ақтау жалғаса ма?», – деп аң-таң қалады ол.
«Салтанат Нүкенова тек қана басынан 13 соққы алған. Миы ағып кеткен. Бишімбаевтың адвокаттары көзі жай ғана көгерген дейді», – деп жазды Оңғар Қабден бұдан кейін.
Соңынан ол «Бишімбаевты ақтауға тырысқан журналист, блогерлер жауапқа тартылуы мүмкін»
Еске сала кетейік, сөз болып отырған қанды оқиға 9 қараша күні Астанадағы «Бау» ресторанында орын алды. Осында әйелімен бірге келіп, бір тәулікке жуық уақыт демалған экс-министр Қуандық Бишімбаев жан төзгісіз қылмыстық іс жасады. Ол жұбайы Салтанат Нүкенованы үздіксіз ұрып, соққыға жығуы салдарынан оның өліміне себеп болған. Таңертең ессіз жатқан әйелге тек кешке қарай ғана «жедел жәрдем» шақырған. Бұл кезде марқұмның әлдеқашан бақилық болып кеткені айғақталады. Содан кейін күдікті тек 11 қараша күні ғана қамауға алынды.
Тағы еске сала кетейік, өткен жылғы қаараша айының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қайғылы қазаға байланысты арнайы тапсырма берген еді. Президент бұл жағдайды қатаң бақылауға алып, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық көрсету фактілерінің жолын кесуді қатаң тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, заң мен тәртіп қағидаты Қазақстан қоғамының идеологиялық және саяси темірқазығына айналуға тиіс. Қазіргі қалыптасқан жағдай көшедегі мәдениетсіздіктен бастап, төбелес, ұрлық, кісі өлтіруге дейінгі құқық бұзушылықтың барлық түріне ымырасыз қарсы тұруды талап етеді.