Эквадорда қылмыс серкелері көтеріліске шықты, оларға қарсы әскер тартылды
КИТО. 10 қаңтар. Латын Америкасындағы Эквадор дәулетінде қылмыс әлемінің қарақшылары билікке қарсы көтеріліп, екі жақты қақтығыс басталды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ел байтағына әуелі танкілер колоннасы шеру тартты. Әскери техника президент Даниэль Нобоа арнайы жарлық бергеннен кейін қаланың тарихи орталығына баса-көктеп кірді. Мемлекет басшысы елде «ішкі қарулы қақтығыс» орын алғанын жариялап, бірнеше ірі қалада тәртіпсіздіктер ұйымдастырып жатқан 20-дан аса қылмыстық топты ауыздықтауға бұйрық берді.
Ал қарулы күштер қолбасшысы Хайме Вела «жарлықта атап өтілген әрбір террорлық тобыр соғыс нысанасы» болып саналатынын мәлімдеді. Парламент өз кезегінде әскерилер мен полицейлерге көтерілісшілерді басу барысында лауазымдық өкілдіктерін асыра пайдаланған жағдайларында толық рақымшылық берілетінін баяндады.
Елдегі жаппай тәртіпсіздіктер Гуякиль қаласындағы TC Televisión телестудиясына қарулы шабуыл жасалғаннан кейін етек жайды. Олар тікелей эфирде тележүргізушілер мен журналистерді кепілдікке алды. Арнайы операция нәтижесінде күштік құрылымдар 13 қарақшыны қолға түсіріп, оларға лаңкестік бабы бойынша айып тақты. Қалада болған тәртіпсіздіктер кезінде сегіз адам қаза тапты, тағы екі адам зардап шекті.
Эквадордағы жағдай 7 қаңтарда «Лос Чонерос» қылмыстық тобының «Фито» деген лақап аты бар жетекшісі түрмеден қашып шыққаннан кейін күрт шиеленісе түсті. Мұның өзі елдің бірнеше түрме мекемесінде тәртіпсіздіктер орын алуына әкелді. Сол күні Риобамба қаласында «Капитан Пико» дейтін тахаллусты екінші ірі банданың басшысы «Лос Лобос» түрмесінден қашып кетті.
Осының сыңайында Кито мен Гуаякильде дүкендер мен сауда орталықтары жабыла бастады, бірқатар мемлекеттік органдар, соның ішінде ұлттық жиналыс, сот кеңесі және бас прокуратура алдын-алу шарасы ретінде қашықтықтан жұмыс істеуге көшті.
Эквадор президенті бүкіл елде 60 күндік төтенше жағдай режимін жариялады. Бұл коменданттық сағатты енгізуді және азаматтық бостандықтарды шектеуді, соның ішінде тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты жоюды білдіреді.