Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Шенеуніктердің бәрі қазақ тілінде сөйлеуге міндетті болады – Ринат Зайытов

АСТАНА. 31 желтоқсан. Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов алдағы жылдан бастап қазақстандық шенеуніктердің барлығы мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті болатынын мәлімдеді. Бұл туралы «Халық үні» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мәжіліс депутаттары жылды қорытындылады.

Депутат Ринат Зайыров:

«Оңай жыл болды деп айту қиын шығар. Сүйіндіргенде жағдайлар жоқ емес. Біріншіден, біздің жоғары биліктің мемлекеттік тілге деген назарына байланысты көп өзгеріс басталды. 2024 жылы ол өз нәтижесін бере бастайды деп ойлаймын. Бұл – өте үлкен жетістік.

Түсіндірейін. Бір топ депутат ұсынған бағдарлама бар. 2024 жылдан бастап барлық министр мен бірінші орынбасар, барлық әкім мен орынбасары және арнайы тізімдегі бірқатар мемлекеттік қызметкер мемлекеттік тілде сөйлеуге, мемлекеттік тілді білуге міндетті болады. Бұл – Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса (бастаған депутаттар – автор) Үкіметке ұсынған бағдарламасы. Ол өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

Сонымен қатар «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң жобасы көп үміт берді. Сондай-ақ бұрынғы жүйенің шегелеп кеттік деп ойлаған заңдарының күшін жоюын атап өтуге болады. Мұның барлығы – көңілге қонымды жағдай.

Күйіндіретін жағдай да аз емес. Әрине, биыл экономикалық жағынан бізге үлкен ауыр салмақ түсті. Біріншіден, ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне қиыншылық әкелді. Бірнеше шұғыл шешімін табуы керек мәселелер әлі де шешімін таппады.

Биыл басталған қыстың нәтижесі қандай болатынын бір Құдай біледі. 2023 жылғы жаппай қымбатшылықты атап өтуге болады. Осындай көп мәселе көңілді құлазытып, адамды әлі күйіндіреді».

Депутат Ерлан Саиров:

«Біріншіден, «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң жобасы. Себебі, біз бұл заңға бастамашылық жасадық. Екіншіден, «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы. Расында да біз оны қабылдағанда қуандық. Осы заңдар арқылы қоғамдық бақылау институты мемлекеттің жұмысын бақылай алады.

«Әттеген-ай» деген сәттер де бар. «Бюджет туралы» заңды талқылау кезінде кейбір өңірлердің өзекті проблемалары оған енбей қалды. Бірақ бұл мәселені келесі кезеңде іске асырамыз. Мысалы, аймақтардағы платинаны айтуға болады. Қазір олардың жағдайы өте күрделі күйінде қалып отыр. Кейбір платиналар бұзылуы ықтимал. Бұл техногенді апатқа алып келеді. Сондықтан бұл мәселені нақты шешу керек. Бүгінде Үкіметпен бірлесіп, осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Депутат Дәулет Мұқаев:

«2023 жылы елімізде өрт болды, суық аймақтарда апат тіркелді (жылу электр орталықтарының істен шығуына қатысты – автор). Қазір де қыстың ауыртпашылығын көріп отырмыз. Әрине, осы  жағдайларды есте қалды деп айтуға болады.

Сүйіндірді дейтіндей мен эмоционалды адам емеспін. Кез келген жағдайға салқынқанды қараймын. 2023 жылды экономикалық тұрғыдан айтсақ, 2022 жылы елімізде инфляция 21пайызға жуықтады, биыл көрсеткіш 10 пайыз деңгейінде. Бұл экономикаға оң әсерін тигізеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Парламентке келген «Ұлттық қор – балаларға» жобасын атап өтуге болады.

2024 жылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 1 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың есепшотына түсіп отырады. Бұл еліміз үшін жақсы жаңалық деп ойлаймын.

Сондай-ақ «Лудомания туралы» заң жобасы бар. Келесі жылдан бастап ол бойынша шектеулер қарастырылған.

Сонымен қатар вейп мәселесіне тоқталайын. Жұмыс тобында оны талқыладық. Сонда талас-тартыс болды. Сол кезде адамдар боқтасуға дейін барды. Бұл жағдай камераға түспеді. Тіпті, оны әлеуметтік желіге шығаруға болмады. Сондықтан халықтың көретіні бар және көрмей жатқан жағы да бар. Мен «Қандай заң жобасы болмасын, айналып келгенде ол халық үшін жасалады» деп үнемі айтамын. Біз бен Үкіметтегі министрлердің арасында «арқан тартыс» болады. Кейде олар жеңіп кетеді, кейде біз жеңіп кетеміз деген сияқты».

Депутат Асхат Аймағамбетов:

«Егер сен депутат болып, бір түзетуді заңға енгізу керек болса, онда біз Үкіметпен және басқа да әріптестерімізбен бірге жұмыс істеуіміз керек. Тек бірлесіп жұмыс істегенде нақты нәтиже болып, сол түзетулерді заңға енгізуге мүмкіндік болады. Сондықтан біз осындай мәселе бойынша бірге жұмыс істеуіміз керек.

Осыған дейін маған бір журналист сұхбат беріп жатқанда, «Сіздер бюджетті сынайсыздар. Бірақ бюджетті (қолдап, қалай) дауыс бересіздер?» деп сұрақ қойды. Мен жағдайды түсіндірдім. Мысалы, сенің әйелің болса, бұл мәселені сен де түсінесің. Отбасын құрғаннан кейін сен жалғыз өзің шешім қабылдай алмайсың.

Енді сендер бірлесіп, шешім қабылдауларың керек. Сендер компромисс табуларың қажет. Өйткені, сенің және жолдасыңның айтқаны 100% болмайды. Саясатта да, заң қабылдау органында да солай. «Міне, 5 түзету бердім, бесеуі де қабылдануы керек. Қабылданбаса, мен дауыс бермеймін» деп айту саясаткерге тән қасиет емес деп ойлаймын. Саясат деген мүмкіндік. Сен 5 түзетудің үшеуін енгізсең, бұл да үлкен жеңіс. Сондықтан мұндағы мәселе сенің тиімділігіңе байланысты.

Сондай-ақ биыл біздің бастамамызбен «Әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, жалпы зорлық-зомбылық мәселесі туралы» заң жобасын дайындадық.

Мәдениет саласын дамыту, қазақ тіліндегі кітаптарды баспадан шығару және баспаларды қолдауға қатысты біз тағы бір заң жобасын дайындадық. Қазір құжат Үкіметте қаралып жатыр.

Сонымен қатар қазір еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпесең, кейбір үлкен проблемалар бойынша тек ескерту аласың. Айыппұл да жоқ. Сондықтан біз тиісті түзетулерді енгізу бойынша заң жобасын дайындадық.

Қоржынымызда денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасы бар. Оған да өте маңызды түзетулерді бердік. Мысалы, AMANAT партиясының (сайлауалды) бағдарламасында болған маңызды мәселенің бірі – шалғай ауылға баратын дәрігерлерге бір мезгіл көтермеақы беру. Мысалы, ол – 100 минималды жалақы есебінде. Осы түзетуді Үкіметке бердік. Қазір ол оны қабылдады. Бұл – ауылда жетіспейтін мамандарды қамтамасыз етуге қатысты.

(Республикалық) бюджетті қабылдағанда біз жоғары оқу орындарында жұмыс істейтін оқытушылардың жалақысын көбейту үшін 25 млрд теңгені қосымша бөлу бойынша ұсыныс енгіздік. Ол қабылданды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жоғары оқу орындарының қызметкерлері жалақысына үстемеақы алады».

Депутат Ермұрат Бапи:

«Мен 3 мәселеге тоқталайын. Біріншіден, Парламенттік сайлау жүйесінде іске асып жатқан өзгерістерді атап өту керек. Мысалы, 29 депутаттың бір мандатты сайлау жүйесі арқылы сайлануы сеңнің қозғалғанын, жақсылықтың нышаны екенін көрсетеді. Егер біз дәл осы жүйенің керек екенін дәлелдей алсақ, қазір біз мұны пилот режимде іске асып жатыр деп айтайықшы. Онда келесі сайлауға дейін көрсеткіш 30%-дан 50%-ға дейін көтерілуге тиіс деп ойлаймын.

Екіншіден, «Заңсыз алынған активтерді елге қайтару туралы» заң жобасы қабылданды. Бұл бағытта азды-көпті жұмыстар басталды. Оны да еліміздегі басты жаңалықтың бірі деп есептеуге болады. Бұл тұрғыда атқарылуы керек жұмыстар көп. Ақпарат аз. Бірақ ұрланған активтерді елге қайтару Қазақстандағы әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырудың ең бір маңызды, басты шарттарының бірі деп есептеймін.

Үшіншіден, биылғы жақсы нышан – Qarmet компаниясының миллиардер Лакшми Митталдан алынып, Қазақстанға қайтарылуы».

Депутат Бақытжан Базарбек:

«2023 жыл Қазақстан үшін жақсы немесе жаман жыл болды деп айта алмаймын. Нәтиже де, салдар да болды. Мысалы, ақбөкендерден бастап, Жамбыл облысындағы, Астана мен Алматыдағы судың тапшылығы, Каспий теңізінде болған жағдай.Сондай-ақ трансшекаралық өзендердегі су бойынша келіссөздің жоқтығын да атап өтуге болады.

Осы жағдайдан кейін біраз халықтың ауыз сусыз қалғаны қатты күйіндіреді. Өкінішке қарай, бұдан Үкімет ешқандай сабақ алмаған. Олар сынымызды қабылдап жатқан сияқты. Бірақ іс жүзінде сынды қабылдап, тиісті қорытынды шығарып жатқан Үкіметті көрмедім. Бұдан қорытынды шықпаса, үзілді-кесілді біздің позициямыз – Үкіметті ауыстыру. Бұл – менің жеке пікірім».

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button