Ресей өз активтерін тәркілейтін болса, АҚШ-пен қатынасын үзетінін білдірді
МӘСКЕУ. 22 желтоқсан. Ресей сыртқы істер министрлігі шетелдерде тоқтау салынған активтерін тәркілеп алатын болса, АҚШ-пен дипломатиялық қатынасын үзетінін айтып қорқытты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Егер Уашингтон Ресейдің активтерін тәркілеп алуға шешім қабылдаса немесе Украинадағы соғыс жағдайын ушықтыра түссе, РФ АҚШ-пен дипломатиялық қатынасын бұзуға дайын», – деп мәлімдеді сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков.
Ресей СІМ басшысының орынбасары мұны АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігінің Конгрессте Киевке көмек бөлуге байланысты проблемаларға тап болуына және АҚШ-тың Украинаға әскери көмек көрсету үшін Ресейдің тоқтау салынған активтерін пайдалану жайында одақтастарымен шұғыл келіссөздер жүргізе бастағаны жайлы тарап жатқан хабарламаларға орай мәлімдеді.
«Бұған дейін АҚШ өкілдері «Үлкен жетіліктегі» (G7) әріптестеріне Украинаның Ресей агрессиясынан зор зардап шегіп отырғанын растауды және осының негізде Ресей орталық банкінің Батыс елдерінде бұғау салынған 280 миллиард долларын тәркілеуді ұсынған болатын», деп жазды Financial Times.
АҚШ Ресей активтері тәркіленгеннен кейін оларды Киевке Дүниежүзілік банк немесе Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы транштармен беруге рұқсат етті. Бұл аударымдар Ресейдің бейбітшілік орнағаннан кейін Украинаға соғыста келтірген залалдары үшін төлеуге тиісті өтемақысының авансы болып есептеледі.
Америкалық шенеуніктердің пікірінше, активтерді беру халықаралық құқыққа сәйкес келетін «қарсы шара» бола алады. Бұл «Ресейді агрессияны тоқтатуға итермелейді» деп санайды Уашингтондағылар.
Еуропа комиссиясының бағалауы бойынша, G7, ЕО және Австралия елдері 2022 жылы орталық банктің 260 миллиард еуролық активтерін тоқтатқан. Осы орайда 210 миллиардтық активтер ЕО-ның есепшотында болады, оларға еуро, доллар секілді басқа да валюталардағы қолма-қол ақшалар мен мемлекеттік облигациялар кіреді.