Сыр бойында Ұлттық жоба аясында 27 денсаулық сақтау нысаны салынады
ҚЫЗЫЛОРДА. 22 желтоқсан. Қызылорда облысында Ұлттық жоба шеңберінде 27 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Биылғы жыл Сыр медицинасы үшін жағымды жаңалықтарға толы жыл болды», – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Баспасөз парақшасында атап өтілгендей, биыл облыс денсаулық сақтау саласына 138,6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Осының нәтижесінде аймақта бірқатар жаңа заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Айталық, соның бірі ретінде Қызылорда қаласында 36,4 млрд теңгеге бір ауысымда 100 келушіні қабылдауға қауқарлы емхана мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көп бейінді аурухананың құрылысы басталды.
Медицина ұйымдарын сапалы қанмен қамтамасыз ету мақсатында құны 2,9 млрд теңгені құрайтын қан құю орталығының іргесі қаланып, қазіргі күндері құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында елді мекендерде 27 медициналық нысан салынады. Оның жалпы 15-і биылғы жылы ел игілігіне берілгелі тұр.
Саланың материалдық-техникалық базасын жаңартуға 5,3 млрд теңге қаралды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, қаржының 3 есеге артқанын көрсетеді.
Осы жылы сондай-ақ «жедел жәрдем» қызметіне 25 санитарлық сатып көлік алынды.