БАС РЕДАКТОР ТАҒАЙЫНДАУ
Көпен ағаны алғаш рет «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеп жүрген кезде көрдім. Әрине, атына әбден қанықпыз. Көкшіл көзі күлімсіреп, редакцияның есігінен кіріп келген кезде Көпен Әмірбекті тірі көргеніме, қолын алғаныма қуанып, есім шығып кеткен.
Бас редакторымыз Оразхан Жарқынбектің жерлесі әрі құрдасы екен. Ол кезде Көпекең Бас прокуратураның қызметкері. Шымкентте бір-екі мекемелерді араламақ болып, бас редакторымыз «жол көрсетіп жүр» деп қасына мені қосты.
Көпен ағамен алғашқы әңгімеміз әлі есімде…
— Баяғыда біреу жолай кездескен бір жігіттен «Үйленгенсің бе?» деп сұрапты. Анау жауап қатудың орнына ақырын ғана күрсініпті. Сонда мынау «Алда байғұс-ай, түсіндім, үйленген екенсің ғой» деп арқасынан қаға беріпті. Сол айтпақшы, үйленгенсің бе? – деді Көпен аға редакциядан шығып бара жатып.
Мен де үндеместен ақырын ғана күрсіндім.
Бетіме қараған Көпекең «Түсіндім, түсіндім» деп күліп жатыр. Көпен ағаны күлдіргеніме мен де ризамын.
Одан кейін де Көпен ағамен талай жолықтық, талай әңгімелестік. Таразға келген сапарында үйден де дәм татты. Шәмші баламның тұсауын кескен. Әлеуметтік желіде бірнәрсе жазсам Көпен аға «Оралхан, сол баяғы үйде тұрып жатсың ба?» деп комментарий жазып қоятыны бар еді.
Көпекеңді соңғы рет осы жылдың басында Шәуілдірде көрдім. Ақпан айында Төпен ағаның жылдық асы берілейін деп жатқан. Келіншегім, анам және жеңгем төртеуіміз кештетіп қонақасына бардық. Әдеттегідей ер адамдар бөлек бөлмеде отырды. Үй іші тола адам.
– Бірде кештетіп Төпен телефон шалды, – деп Көпен аға дастархан басында бір әңгімені бастады. – Әңгімесінен түсінгенім, Төпенім аудандық газетке бас редактор болғысы келеді. Өзі сол жерде бас редактордың орынбасары қызметін атқарып жүрген. Енді бас редакторы зейнеткерлікке шығып, тағы да бір жылға қалатын ойы бар көрінеді. Егер аудан әкіміне шыға алатын мықты таныс болса, газетке басшы болуға мүмкіндік бар дейді ғой Төпен. «Жақсы, көрейік» деп қысқа ғана қайырдым. Содан екі-үш күн өткенде, Шымкентте бір айтыс өтетін болып, қазылар алқасының мүшесі ретінде шырайлы қалаға келдім. Ол кезде облыс әлі екіге бөлінбеген.
Айтыстан үзіліске шыққан кезде облыс әкімінің көмекшісіне телефон шалып едім, аздан кейін «Көпеке, облыс әкімі сізді қабылдайтын болды, тез жетіңіз» деп қайта хабарласты. Жетіп бардым, облыс әкімі өте жылы қарсы алды. Ықыласпен жағдайымды сұрады. Соның алдында ғана сатирик Садықбек Адамбековтің Арыс қаласындағы мұражайы тозып бара жатыр деп дабыл қағып, облыс басшысына хат жазған болатынмын. Әңгімемді сол хаттан бастадым. Әкімнің де ол жәйттан хабары бар екен. Барлық жағдайды тағы түсіндіріп өттім.
Сөз соңында облыс басшысы «Көпеке, тағы не мәселеңіз, қандай өтінішіңіз бар еді?» дегенде, «Төпен інім аудандық газетке бас редактор болғысы келеді, осы мәселенің ыңғайы кеп тұрған сияқты» деп, келген шаруамды қысқаша айтып өттім. «Болды, шешеміз, бұл қиын шаруа емес қой» деп Төпеннің аты-жөнін жазып алды.
Әкімнен шыға салып Төпенге телефон шалып, шаруаның оңынан шешілетінін айтып, қуантып қойдым.
Содан бір апта өтті. Тым-тырыс. Бір ай өтті. Төпенді іздеген адам жоқ. Өзі күн сайын хабарласады. «Ойпырмай, бұл қалай болды, облыс әкімінің өзі шешемін деп еді ғой» деп, мен де аң-таңмын. Бірақ облыс әкіміне тағы айту ыңғайсыз. Не болса да сабырмен күтейік деп шештім.
Екі ай өткен кезде күдер үздік. «Реті келмеген ғой» деп ойладық.
Содан бір күні тағы да Шымкентке бір іс-шараға келіп, облыс әкімімен дастархандас болып қалдым. Әкім әдеттегідей өте жылы амандасты. Ықыласпен жағдайымды сұрады.
Сөйтті де, «Ініңіз қалай, Көпеке? Бас редактор болып жұмыс істеп жатыр ма?» деп сұрады. Мен аң-таңмын.
— Жоқ, інім сол күйі бас редактор бола алмады…
— Болмағаны қалай?
Әкім де аң-таң.
— Сол күйі ініме ешкім хабарласқан да жоқ, ешкім қызметке шақырған да жоқ.
— Мүмкін емес, мен аудан әкіміне тапсырып едім ғой, — деп облыс әкімі көмекшісіне бұрылып тез арада аудан әкімінің өзіне хабарласуын тапсырды. Аудан әкімі лезде хабарласты. Сол кезде барып мән-жайды түсіндім ғой.
Сөйтсем, облыс әкімі менің Садықбек Адамбековтің мұражайы туралы мәселе көтеріп жүргенімді біледі, мені Арыс қаласының тумасы деп ойлапты. Отырар ауданының азаматы екенім ойына да кіріп шықпаған ғой.
Содан екі ай бұрын мен жолығып кете салысымен, Арыс қаласының әкіміне телефон шалып, «Төпен Әмірбек деген кісіні аудандық газеттің бас редакторы етіп тағайында» деп тапсырма беріпті.
Аудан әкімі облыс әкіміне қарсы уәж айта алмай, ертеңінде аудандық газеттің бас редакторын шақырып алып, «орынды босатасыз» деген ғой. Бұл кісі зейнеткерлікке жасы әлі жетпеген, жұмысын абыроймен атқарып жүрген бас редактор.
«Жай ма? Неге?»
«Облыс әкімінің өзі тапсырды, сіздің орныңызға Төпен Әмірбек деген кісіні тағайындаймыз».
«Көрші аудандағы Төпен Әмірбекті біздің ауданға әкеп, бас редактор ету ақылға сыйымсыз ғой, егер мені ауыстыру керек болса, осы жерде де қаншама лайықты кадрлар жүр емес пе?» деп бас редактор қызметті босатқысы келмейді.
Содан аудан әкімі әбден сасады. Өзі де бас редакторды жақсы танитын, жақсы сыйлайтын болуы керек.
Абырой болғанда, тура сол кезде ел ішінде облыс әкімі ауысады екен деген әңгіме гу ете қалады ғой. Сонымен ары-бері ақылдаса келе, аудан әкімі редакторға: «Біраз уақыт «больничныйға» шығып, бой тасалай тұрыңыз» дейді.
Амал жоқ, аудандық газеттің бас редакторы ауруханаға барып жатып алады. Сол жатқаннан екі ай жатқан ғой.
— Ойбай, менің туған жерім – Арыс емес, Отырар ауданы ғой, — деймін ғой облыс әкіміне екінші мәрте кездескенде.
Облыс әкімі одан бетер аң-таң.
Сол жерде Арыс ауданының әкіміне «жақсы, сау бол» деді де, Отырар ауданының әкіміне хабарласты.
Қысқасы, ертеңінде Төпен осы аудандық газеттің бас редакторы болып тағайындалды ғой.
Сөйтсе, ауруханада шыққан Арыс аудандық газетінің бас редакторы Төпенге телефон шалып, «Облыс әкіміне қай ауданға баратыныңызды анықтап айтпайсыз ба? Екі ортада қаншама адамды әуре қылдыңыз… Екі айдан бері ауруханада жатырмын ғой…» деп әбден ренжіпті. Бір жағы қалжыңдағаны да шығар. Осындай қызық болған… – деп Көпен аға сол асқа жиналғандарды әбден күлкіге батырып еді.
20 қазан күні Жамбылда Шерхан Мұртазаның 90 жылдығы аталып өтті. Содан бір апта бұрын ғана Көпен ағамен телефон арқылы сөйлескем. Даусы бәсең.
— Оралхан-ау, мен қатты сырқаттанып қалдым ғой. Операциядан енді шықтым, — деп еді Көпекең.
Соңғы сөйлесуіміз осы болды.
Алла тағалам о дүниеңізді берсін, Көпен аға. Сіздің бейнеңіз, әңгімеңіз, сөйлеу мәнеріңіз, бәрі-бәрі есімде… Ешқашан ұмытпаймын.
Оралхан ДӘУІТ