Басқыншылар Херсонда қаза тапқан қаруластарының мәйіттерін өртеген
ЛОНДОН. 22 қараша. Ресейлік басқыншылар Херсоннан қашар алдында ұрыста қаза тапқан өз қаруластарының мәйіттерін бір жерге үйіп, түгел өртеп кеткен. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Ағылшын газетінің тілшілері Херсон қаласының тұрғындарынан ресейліктердің өздері уақытша басып алған территорияда оққа ұшқан командаластарын қала шетіндегі қоқыс аймағына апарып, өртеп кеткендерін естіп, жағаларын ұстаған.
Херсон тұрғындары оккупанттардың істеп жатқан әрекеттері «бөтен көздерге түсіп қалмауы үшін» қалалықтарды қоқыс аумағына жақындатпағанын айтады.
Басылым жазғандай, херсондықтардың айтуларынша, бұған оккупациялық армияның өз бауырластарының денелерін сол жаққа апарып, жаппай өртеуге қол ұрғандары себеп болған.
Жергілікті тұрғындар орыстардың жүк көліктеріне қара қапқа салынған денелерді тиеп әкетіп, оларды қала сыртында өртегендерін айтып берген. Содан кейін ол жақтан сұмдық қара қою түтін көкке будақтап ұшып, ауаға адам шыдап тұра алмайтындай сасық иіс тарай бастаған.
Херсондықтар ресейліктер соғыста жер жастанған өз солдаттарының мүрделерінен осылай құтылып отырған деп есептейді. Ал қоқыс ауласының қызметкерлері орыс жауынгерлерінің бұл үшін аумақтың мейлінше жұрт көзінен таса, оқшау тұрған мүйістерін таңдап алып тұрғанын жеткізген.
Жүк көлігінің айдаушысы, – ол да қоқыс ауласының жұмыскері, – ресейліктердің артынан бұл жерлерге мина қойып кеткен болулары мүмкін екенін де алға тартады.
Ал The Guardian күл-қоқыс аумағынан Ресей жалауларының, формалары мен шлемдерінің жұрнақтарын бауып алуға болатынын атап көрсетті.