Украина: Аптаның басынан бері оңтүстікте 179 елді мекен босатылды
КИЕВ. 13 қараша. Украина Қарулы күштерінің «Оңтүстік» командованиесі аптаның басынан бері елдің оңтүстігінде 179 елді мекенді азат етуге қол жеткізді. Бұл туралы «Украинская правда» хабарлады.
«Біздің бөлімшелеріміз аптаның басынан бері Днепрдің оң жағалауында 4,5 мың шаршы шақырымнан астам аумақты алатын 179 елді мекенді жаудан босатты», – делінген хабарламада.
«Оңтүстік» жедел командованиесі жаудан тазартылған қалалар мен селолардың Николаев және Херсон облыстарының территорияларында орналасқанын атап өтті. Қазір бұл жерлердің бәрінде тұрақтандыру шаралары, соның ішінде аумақтарды жау көміп кеткен миналардан тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Оккупанттар украин әскери бөлімшелері мен майдан шебімен қиылысатын территориялық қауымдарды атқылау мен оларға әуеден барлау жүргізуді тоқтатар емес. Осылай жау әртүрлі әлеуметтік инфрақұрылымдарға, азаматтық нысандар мен тылдағы өңірлер территорияларына шабуыл жасап тұр.
Кеше, 12 қараша күні Украина президенті Володимир Зеленский Қорғаныс күштерінің 60-тан аса елді мекенді жаудан босатқанын мәлімдеген еді, нақтылай келгенде, бұл мөлшер бұдан үш есе көп болып шықты.
11 қарашада Николаев облысының басшысы Виталий Ким облыстың түгелге жуық азат етілгенін айтты.