Бигелдинов биігі
Ертең екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған жалғыз қазақ, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің туғанына 100 жыл толады. Осыдан дәл бір ғасыр бұрын тамылжыған тамыздың 5-жұлдызында Ақмола облысы Майбалық ауылында туған даңқты ұшқыш қос «Алтын Жұлдызды» өңіріне тағып, көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналды. Елімізде батырдың атымен көшелер, оқу орындары аталып, ескерткіштері бой көтерді. Елордада да оның атында көше мен мектеп бар. Былтыр ескерткіші тас тұғырға қондырылды.
АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА ТУҒАН
Бас қаладағы Талғат Бигелдинов көшесі К.Күмісбеков көшесінен басталып, Бейбітшілік көшесінде аяқталады. Сарыарқа, Жеңіс даңғылдарын қиып өтеді. Ұзындығы – 2056,2 м. Ал былтыр Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Сарыарқа даңғылы және Т.Бигелдинов көшесінің қиылысында батырдың ескерткіші ашылды. Мүсінші Нұрлан Далбай мен сәулетші Расул Сатыбалдиевтің туындысы қола мен граниттен құйылды. Биіктігі 7 метрге жуықтайды.
Жақында Үкіметтің қаулысымен елордадағы бірқатар білім беру ұйымдарына көрнекті тұлғалардың аты берілді. Соның ішінде №1 мектеп-лицей Талғат Бигелдиновтің атын иеленді.
Батыр Ақмоланың іргесінде көш үстінде, ашық аспан астында дүниеге келді. Бұл туралы өзі 2000 жылы жарық көрген «Мәңгілікке самғау» («Пике в бессмертие») атты кітабында жазып кетті.
«Бұл оқиғаның өзі соғыс жүріп жатқан кездегі майдан даласындағы қимыл-әрекетке көбірек ұқсайды. Анам айналасын дәрігер, акушер қоршаған перзентханада немесе үйде кіндік шешенің қолында босанған емес. Менің туыстарым қазақша өмір сүрудің қажеттілігінен туындаған басқа да көптеген малшы қазақтар сияқты бір жайылымнан екінші жайылымға бөгеліп, қоныс аударып отырған. Осындай бір көш барысында мен түйеге жегілген биік қос доңғалақты арба үстінде жарық дүниеге келіппін.
1943 жылғы қыркүйекте Днепр үшін ұрыста оқ тиіп зақымданған ұшағын жау техникасына соғып жарып, өзі қас-қағым сәтте ұшақтан секіріп үлгеріп, ерен ерлігімен әріптестерін таңғалдырса, сол жылы көктемде жаудың жойғыш ұшағын (истребитель) атып түсірген тұңғыш шабуылдаушы-ұшқышқа (штурмовик) айналды
Ал бұл жолғы көшудің себебі басқаша еді. Бүкіл Ақмола өңіріне белгілі дәулеті тасыған Ғалибай деген мырза кәмпескеден құтылу үшін менің Түсіпбек әкеме және Бигелді атамыздан тарайтын кейбір басқа туыстарына малын Алтай тауларына айдап салуын тапсырады. Барар жер алыс. Байдың малы аз емес: мал басының саны он бес мыңнан көп болса, оның ішінде жылқының өзі мыңнан асады.
Екіқабат шешем көш жылжығанда басқа әйелдер сияқты түйенің үстінде отырады – бұлай ыңғайлы әрі жұмсақ. Тек толғақ жақындаған кезде оны сондай түйеге жегілген арбаға ауыстырады. Міне, соның үстінде ашық аспан астында өмірге келіппін. Бұл оңтүстікке бет алған көштің көп болса екінші, әрі кетсе үшінші күні болар. Біздің ауылдан алыс емес. Ақмола іргесіндегі Майбалық көлінің жағасында болған оқиға. Атымды Талғат деп қойыпты. Әкемнен және сол көшке қатысқан осы оқиғаның басы-қасында болған туған-туыстарымнан естіген әңгіменің мазмұны осындай» деп жазады онда батыр.
Тарихтағы тұңғыш Талғаттың әкесінің аты – Түсіпбек. Бірақ Түсіпбектің інісі Жүсіпбекте бала болмағандықтан, ағасының рұқсатымен сәбиді бауырына басқан. Батырдың Кеңсайдағы зиратындағы құлпытаста да Талғат Жүсіпбекұлы Бигелдинов деп жазылған. Алайда батыр туралы көп деректе Жақыпбекұлы болып беріліп жүр.
ОРЫНДАЛҒАН БАЛА АРМАН
Аумалы-төкпелі сол заманда Бигелді әулеті Бішкекке жеткенде бұл аймақты қызылдар иеленіп, мал иесі Ғалибай мырза Қытай асып үлгерген екен. Теріскей аймақтан жеткен жан-жануарды кеңес өкіметі қабылдап, анықтамаға қызыл комиссар Михаил Фрунзенің өзі қол қойған. Міне, осы құжаттың Талғаттың Саратовтағы авиация мектебіне қабылдануына септігі тиді. Ал одан бұрын Талғат Бішкектегі аэроклубта оқыды. Оған да оңай түспеді. 1938 жылы оқуға түсерде Талғаттың бойы ұшақ кабинасынан аспайтын. Тиісті комиссия бойының тапалдығына қарап, оның 16 жаста екеніне сенбеді. Алайда ынталы бала жігіт алған бетінен қайтпай, өз білімі мен білігін қайта-қайта дәлелдеуінің арқасында оқуға қабылданады.
Талғат бала кезінен ұшқыш болуды армандады. Бірақ әкесі дәрігер болуын қалады. Ұлының аэроклубта оқып жүргенін естігенде: «Қателескен жоқсың ба, Талғат? Кейін өкінбейсің бе? Бұл өте қауіпті ғой. Сен біздің жалғызымызсың ғой. Сенімен бірдеңе болып қалса, анаң екеуміз шыдамаймыз. Бізді ойла, Талғат» деді. Талғат болса: «Әкешім, ешқандай қайғы болмайды. Маған сенші. Мен ұшуды армандадым, міне, қазір ұшып жүрмін. Сен мені түсінбейсің бе?» деп жауап берді. Сонда әкесі: «Жарайды. Өз жолыңды өзің таңдадың. Бұл жолың тік және адал болсын» деп батасын берді.
Бір күні аэроклубка әскери-авиациялық мектептерге курсанттарды таңдауға әскери әуе күштері мамандарынан жасақталған арнайы комиссия келді. Талғатпен сөйлесіп, «бай баласысың, сені әскери мектепке алмаймыз» дегенде ол үйіне жүгіріп барып, баяғы М.Фрунзе берген құжатты алып келіп, көрсетті. Соның арқасында Саратовтағы авиация мектебіне қабылданды. 1940 жылдың жазында сол оқуына аттанды. Осы мектепте екі жыл оқып, сержант шенімен бітірген соң, Чкаловтағы бомбалаушы ұшқыштар мектебін аяқтайды. Ал қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «Ил-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады.
ЖАУДЫ ӘУЕДЕН ЖУСАТҚАН
Әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «илюшаға» басы бүтін бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады. Осы өзі бір көргеннен қатты ұнатқан ұшақпен көк жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «қара ажал» деп атаған. 23 жасында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсетті.
Ол Ржев, Старая Русса, Смоленск қалаларын азат етуге қатысты. Украинаның Харьков, Полтава, Кременчук қалаларының аспанында жаумен жанталаса айқасты. Днепр, Буг өзендерінің үстінде жаудың қаншама ұшағын жандырды. Молдова, Румыния, Польша жеріндегі айқастың алғы шебінде болды. Соғыс аяқталар жылы Бреслау, Оппельн, Прага, Берлин маңайындағы жойқын соғыстарға қатысты.
1943 жылғы қыркүйекте Днепр үшін ұрыста оқ тиіп зақымданған ұшағын жау техникасына соғып жарып, өзі қас-қағым сәтте ұшақтан секіріп үлгеріп, ерен ерлігімен әріптестерін таңғалдырса, сол жылы көктемде жаудың жойғыш ұшағын (истребитель) атып түсірген тұңғыш шабуылдаушы-ұшқышқа (штурмовик) айналды. Ал «Мессершмиттің» ішінде отырған адам – әуе шайқасының шебері, 108 ұшақты атып түсірген Испания, Франция мен басқа елде көрсеткен ерлігі үшін марапат алған капитан фон Дитрих еді. Жас Талғаттың бұл жаңа әдісі жоғары бағаланып, ол соғыстағы алғашқы марапаты – екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін алды.
1944 жылдың 26 қазанында 22 жастағы лейтенант Бигелдиновке Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі әрі атып түсірген төрт жау ұшағы үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1945 жылдың 27 маусымында Талғат Бигелдинов екінші рет Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі кездегі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі кездегі Вроцлав), Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды.
Талғат мінген ұшақта №13 саны таңбаланған. Бұған басқалар үрке қарайтын болса, ұшқыш өзі үшін бұл сан бақытты екенін айтады. Оның үстіне әуеге көтерілер алдында Талғат әрқашан әжесі үйреткен дұғаны оқиды екен. Айтуынша, осы дұғаның арқасында оған оқ дарымай, соғыстан аман оралды. «Балалық шағымда маған мейірімін аямай төккен жалғыз адам болды. Ол 101 жас өмір сүрген асыл әжем еді. Мен аэроклубта оқып жүргенімді білгеннен кейін «балам, саған бір дұға үйретейін. Жаңбыр жауса, найзағай жарқылдаса, соны оқы, сонда найзағай саған түспей, қасыңнан өтеді» деп, үйден, яғни сапарға шыққанда айтылатын дұғаны үйретті. Осы дұғаны айтпай ұшаққа мінген емеспін» дейді ол.
ШАЯХМЕТОВ ШАРАПАТЫ
Соғыстан кейінгі бейбіт өмір басталғанда, Талғат Бигелдинов 1956 жылға дейін КСРО Әскери-әуе күштерінде өз қызметін жалғастыра береді. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз сынды көптеген қалада әуежай салу ісіне өлшеусіз үлес қосты. 1968 жылы Мәскеу құрылыс-инженерлік институтын бітіріп, Қазақ КСР Мемлекеттік құрылыс комитетінің жүйесінде басшылық лауазымдарда қызмет етті.
КСРО 2-3-інші, 12-шақырылымындағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен жетім балаларға көмек беретін қайырымдылық қордың президенті болып жұмыс істеді. Өмірінің соңғы 40 жылында аты аңызға айналған ұшқыш омарташылыққа ден қойып, ара өсірген. Осы істі «ермек» пен «бейбіт эскадрилья» деп атап, оған бар бос уақытын арнапты.
«Оның туған халқына ең алғаш танымал болуына себепші болған Жұмабай Шаяхметов екен. Мәскеу темір жолының Қазан вокзалында кеудесі орден-медальға толған, оның үстіне қос «Алтын Жұлдызы» жарқыраған бір әскери қызметшімен кездейсоқ танысады. Қырғызстанда тұратынын, қазақ екенін, енді үйіне демалысқа бара жатқанын білген соң ЦК хатшысы қолма-қол елге телефонмен пәрмен береді. Бұдан соң қазақ батыры мініп, Фрунзеге бағыт түзеген пойыз Ақтөбеде, Шалқар стансасында, Қызылорда мен Шымкентте сәл кідіріп, төтелетіп Шуға бір тоқтап, Алматыдан бір-ақ шығады. Жол-жөнекей болған кідіріс кезінде барлық жерде халық көп жиналып, батырды дәріптеген митингтер өтеді, оған ерекше сый-құрмет көрсетеді. Той-томалақ бітті-ау деген кезде Талғат Бигелдинов тұрақты мекені – Пішпекке жол тартады.
Кейін Жұмекең арнайы вагон жіберіп, ағамызды барлық туысымен арнайы қонаққа шақырады. Содан соң ағайын-туысының бәрі кейін қайтып, Талғат ағамыз Алматыда біржола тұрақтап қалған екен» деп жазды белгілі публицист Амантай Кәкен батыр туралы бір мақаласында.
ӘУЕЖАЙҒА АТЫ НЕГЕ БЕРІЛМЕЙДІ?
1980 жылдың 4 шілдесінде Талғат Бигелдиновке Ұлы Жеңістің 35 жылдығына орай Целиноград қаласының құрметті азаматы атағы берілді. Даңқты ұшқыштың қола мүсіні Бішкекте, Ақтөбе мен Көкшетауда бой көтерді. Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды. Ақтөбедегі Әуе қорғанысы күштері әскери институты мен Қарағандыдағы республикалық әскери мектеп-интернаты – Талғат Бигелдиновтің атында.
Жоғарыда жазғанымыздай, былтыр елордада да ескерткіші бой көтерді. Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайға Талғат Бигелдиновтің атын беру туралы да көп айтылып жүр. Алайда әзірге бұл ұсыныс еленер емес. Ал бұл ұсыныстың қисыны бар. Батыр бұл әуежайлардың салынуына тікелей үлесін қосты. Оның үстіне елордадағы әуе қақпасының түбінде дүниеге келді. Жалпы кез келген үлкен қаланың әуежайы оның атына лайық. Себебі батырдың бірқатар шаһардағы әуежайлардың бой көтеруінде өзіндік еңбегі бар.
БАТЫРДЫҢ БЕЙІТІ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ
Талғат Бигелдинов 2014 жылдың 10 қарашасында 93 жасқа қараған шағында өмірден озды. Сол күні көрнекті ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлына хабарласып, батырмен қоштасу өлеңін жазып, газетке беруін өтіндік. Ақын екінші күні «Биіктік туралы баллада» шығармасын қолымызға тигізді. Ол газетімізге жарияланды. Онда:
…Батырдың биік бүгін дара басы,
Халықтың әрі әкесі, әрі ағасы.
Шыр етіп дүниеге келген кезде
Жуылған ерке Есілге шаранасы.
Көтеріп туған елдің туын бірлік,
Қызығын қу дүниенің қуып жүрдік.
Батырды аттандыру керек еді,
Суына көк Есілдің жуындырып.
Қамығып қан жұтқанда шерленген ел,
Ерлік те қанмен келер, термен келер.
Сүйініп ұлың сүйіп жатпас па екен,
Туғанда тал бесігі тербелген жер…
Ел-жұрты тұрар еді басына кеп,
Табынып, тауап етіп тасына көк.
Дүние-ай, Қабанбайдай батыр еді,
Жатпады Қабанбайдың қасына кеп… – деген қисынды уәж келтірген еді.
Иә, батыр Кеңсайда мәңгілікке дамыл тапты. Таяуда «Айқын» газеті батырдың бейіті қараусыз қалғанын, темірмен ғана қоршалып, алыстан көз тартпайтынын, символикалық ескерткіш орнату керектігін жазды. Газет тілшісімен келісеміз. Жалпы Талғат Бигелдиновтің ғасырлық мерейтойы лайықты аталып өтуі керек. Бірақ ауыз толтырып айтарлықтай әзірге ештеңені көрмей отырмыз. Батыр биікте самғап, өзін ғана емес, халқының атын аспандатты. Оны сол биігінде қалдыруымыз керек!
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
«Астана ақшамы»
4 тамыз, 2022