Тоқаевтың қаңтар қырғыны туралы сұхбатының тезистері
Zakon.kz Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орыс тіліндегі сұхбатының маңызды тұстарының тезистерін қазақшаға аударып ұсынды.
Кеше, 29 қаңтарда сағат 20:00-де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар24» телеарнасына эксклюзивті сұхбат берді. Сұхбатты журналист Вера Захарчук жүргізді. Сұхбат орыс тілінде өрбіді Мұның себебін Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли әлеуметтік желіде орыс тілі «әлемдік тіл» болғасын, сұхбаттың күлді дүниеге бірден тарауы керектігі болуымен түсіндірді.
Алматыға гастарбайтер атын жамылып, ұшып келген содырлар шабуыл жасады
«Олар әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға басшылық етті, сондай-ақ қылмыстық істер, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты құжаттарға аса қызығушылық танытты, бұл – шетелден содырларды тарту арқылы мұқият жоспарланған, нақтысында, террористік акция. Содырлар әуежайды басып алуды ұйымдастырғанына назар аударған боларсыздар, қазір тергеу мұның Орталық Азияның бір қаласынан ұшып келген азаматтардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін жасалғанын көрсетіп отыр. Бұл арнайы дайындықтан өткен содырлар, әрине, гастарбайтер атын жамылып, шекара бекеттерінен өткізіп, операцияға басшылық етіп, іске кірісу үшін қалаға кіргізілген».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Бандиттік топтың бірі Алматыда бес жұлдызды қонақ үйде тұрған
«Қарақшылар тобының бірі Алматыдағы бес жұлдызды қонақ үйде тұрған. Оларға сонша ақшаны кім төледі, кім қаржыландырды? Әлгі топ «Қазақстан» қонақ үйінің бірінші қабатына өздерінің командалық штабын орналастырған. Қазір тергеу жүріп жатыр».
Қасым-Жомарт Тоқаев
«Мұның артында кім тұр деп ойлайсыз?» деген журналист сауалына Мемлекет басшысы былай жауап берді:
«Мен тергеу барысының алдына шығып, болжам айтқым келмейді. Себебі, көптеген содыр Алматыдан кетіп үлгерді: біреулері ауылдық жерлерге барып сіңіп, жоқ болды, тағы біреулері көрші республикаларда тығылып жүр, тағы біреулері басқаша жасырынып әлек. Сақалдарын қырып тастайды. Егер оларды ұстап алса, «сол арадан өтіп бара жатқан кездейсоқ адам едім» деп айқайлап, бой бермейді. Бүліктің ауқымын өзіңіз көрдіңіз. Ал енді келіп, барлығы кездейсоқ өтіп бара жатқан адам бола қалады. Бұлай болмайды. Әрине, азаматтарды заңсыз ұстаудың барлық жағдайлары және оларға қатысты күштік әдістерді қолдану мұқият тергелетін болады. Мұны әбден зерттеу керек…»
Оқ ату жөніндегі шешім немесе Батыстың реакциясы туралы
«Құқық қорғау органдарының басшылары жауапкершілікті өз мойнына алудан қорықты… Мен оларға: «Егер маршал Рокоссовский немесе Жуков күн сайын Сталиннен осылай сұрап жүрсе, олар соғыста жеңіске жетер ме еді?» дедім. Жаңаөзеннен кейін дәл осындай жағдайларда құқық қорғау органдарының қолын байламас үшін заңдар қабылданды. Сондықтан мен бандиттердің көзін жою үшін оқ ату керектігін айттым. Мен өз ісімнің білікті маманымын, дипломатпын, мұндай жағдайда қандай реакция болатынын жақсы білдім, бірақ мемлекет мүддесі мен біздің азаматтарымыздың қауіпсіздігін бәрінен жоғары қойдым. Сондықтан сол сәтте «бұған Батыс қалай қарар екен» деп ойланып жатпадым».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Бақытжан Сағынтаевтың отставкасы мен Алма-Ата атауы жайлы
«Әкімге келетін болсақ, ол өмірінде алғаш рет осындай қиын жағдайға тап болды. Мұндай жағдайда бәрі бірдей шешім қабылдай алмайды, сондықтан мен оны кінәлап жатпас едім. Ол – арлы адам, бірақ мен алматылықтардың көңіл-күйін ескеруге міндеттімін, сондықтан барлығын өз уақытында білесіздер».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Сонымен қатар, сұхбат кезінде Алматының бұрынғы орысша атауын қайтару мәселесінің қалай болатыны айтылды.
«Атауға келетін болсақ, біз неліктен барлық құжаттарды қайта жасауымыз керек? Алматы қазақтілді адамдар үшін қолайлы. Алма-Ата орыстілділерге көбірек ұнайды. Сондықтан Алматының ресми атауы қала берсін, ал кімнің көңілі қаласын қалай атап айтқысы келеді, солай бола берсін деп келісейік. Мәселен, қытайлар өз астанасын Бейжің деп атайды, ал біз оны Пекин дейміз, сол секілді…»
Қасым-Жомарт Тоқаев
«Саудаласу» деген болған жоқ
Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтардағы оқиғалар кезінде Қазақстанның бірінші президентімен арада қандайда бір келіссөз жүргізілмегенін айтты.
«…Жеке артықшылықтар туралы әңгіме де болған жоқ. Тек бір-ақ сөз болды: Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының мәртебесі туралы мәселені шұғыл шешу керектігі туралы. Мен осы сәттен бастап Қауіпсіздік Кеңесінің басшысы боламын. Алға осындай сұрақ қойдым».
Қасым-Жомарт Тоқаев
ҰҚШҰ туралы: Бізге тыл керек болды
«Бөтен біреу емес, бәрімізге ортақ Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, яғни одақтастарыма жүгіндім. Бұл – біріншіден. Екіншіден бітімгерлік күшті тарту процесі ұйымның келісім құжаттарына сәйкес жүргізілді. Үшіншіден елімізге келген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының күші бір де бір оқ атпады. Әуел баста, одаққа мүше елдердің әскері тек стратегиялық нысандарды күзетеді деген келісім болған. Яғни бізге тыл керек болды. Ал, төртіншіден бітімгерлік күштің келуі бандиттердің бетін қайтарды. Бүлікшілер аяқ тартып қалды», – деді Президент.
Қытаймен арадағы қарым-қатынас жайлы
«Қытайға келетін болсақ, бұл Құдай берген дегендей, біздің ең жақын көршіміз. Оны біз өзгерте алмаймыз. Екіншіден, Қытай экономикалық дамуында үлкен табыстарға жетті. Біз ынтымақтастықта болуға тиіспіз. Отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілер Қытай нарығына көп үміт артады. Қытайға қарсы демонстрация ұйымдастыратын адамдар біздің экономикалық болмысымызды жақсы түсіне бермейтін болуы мүмкін».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы мұндай тақырыптардың ақшасы төленіп, әдейі көтерілу ықтималдылығын да жоққа шығармады.
«Мүмкін, ақшасы төленген шығар. Әйтпесе, Қытай бізге ештеңе істеген жоқ. Өткен жылдың 11 айы бойында арамыздағы сауда көлемі 17 млрд долларға жетті және біз одан да ары дамуға мүдделіміз. Біз Қытайды зерттеп, қытай тілін үйренуіміз керек. Бұл арада қолымызды көтеріп, берілу керек деген сөз болып отырған жоқ, ынтымақтастықта болу жайлы қозғалады».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Бізде ат төбеліндей топ мемлекеттік шешімдерге ықпал ете алады
«Бізде бір адамдар бар, өте білімді болмауы мүмкін, бірақ қандай да бір жолмен бизнесте жетістікке жеткен. Мұның өзі «неге осылай» деген ойға итермелейді. Мүмкін бақ шығар. Шын мәнінде, осы мәселе мені алаңдатады. Олигополия дегеніміз не? Бұл кішігірім адамдар тобы экономиканың негізгі салаларын толығымен басқарады деген классикалық түсінік, бізде тура осындай жағдай. Сонымен қатар, олар мемлекеттік шешімдер қабылдауға кәдімгідей әсер етеді, яғни олар жоғары басшылыққа өте жақын. Бұл да біздегі жағдай. Сондықтан алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біріншіден, шағын және орта кәсіпкерлер санын арттырудан бастау керек. Басқа жол жоқ. Жағдай жасау қажет, оның ішінде олардың несие ресурстарына деген қолжетімділігін қамтамасыз ету. Біздің экономикамыз соншалықты үлкен емес қой», – деді Президент.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы: Біз осы шындықта өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек
«Қазір Еуразиялық интеграцияның артықшылықтары мен кемшіліктері туралы талқылайтын уақыт емес. Біз осы шындықта өмір сүріп жатқанымызды мойындауымыз керек. Сондықтан оған бейімделіп, мемлекетіміздің мүддесі тұрғысынан жақсысы мен артықшылықтарын анықтауымыз қажет. Бұл біздің үкіметіміз үшін өте ауқымды әрі шетін мәселеде қарастыратын жұмыс деп айтар едім. Сондықтан да біздің Үкіметтің нақ осы бағыттағы жұмысына барынша назар аударамын және осы мәселеге жауапты министрге Премьер-министрдің орынбасары мәртебесі берілді. Неге? Себебі ол тең дәрежеде келіссөздер жүргізуі керек, соның ішінде Мәскеуде Еуразиялық экономикалық комиссия аясында».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттік лауазым үшін Конституцияны өзгертпейміз
«Қоғамның саяси трансформациясымен де, экономикалық қайта құрулармен де бір мезгілде айналысу керек. Бұл менің миссиям. Мен қанша жыл Президент болатынымды айта алмаймын. Ал Ата заңға сәйкес екі мерзімнен артық емес. Яғни бұл тұрғыда Конституцияны өзгертпейміз», – деді Президент.
Парламенттік және партиялық жүйе өзгереді
«Әрине, бізде оппозиция бар, бірақ көшеде, оныңызбен келісемін. Оппозиция билеуші партияның өзінде де бар. Партияның өзінде де біздің қоғамымыздың қажеттілігін ескере отырып, реформалануымыз тиіс деп айтылған. Жалпы, Мәжілісте бірнеше мықты партия болуы керек деп есептеймін. Олар Үкіметті құруда да тіл табыса білуі керек. Сонымен қатар саяси мәдениетті өсіруіміз керек және тиісті саяси қайраткерлерді тәрбиелеп шығаруымыз қажет. Өйткені, мұндай жағдайларда популизм, қоғамның өрлеуі дегеннен пайда жоқ. Германияға қараңыздаршы, бәрі мәдени түрде жүреді, партиялар өзгеріп жатады, адамдар өзін байыпты ұстап, сөз сөйлейді, басқа партиялар оның айтқанға құлақ асады, қандай да бір келісімдерге келеді, өз адамдарын Үкіметтегі негізгі лауазымдарға ұсынады және т.б. Уақыт өте келе біз де осындай деңгейге жетеміз деп ойлаймын. Қалай болғанда да, менің президенттік кезімде осылай болғанын қалаймын».
Қасым-Жомарт Тоқаев