Басты баған

Денсаулықтың қадірін деннің саулығында білген жақсы

Желіден ескен жетелі сөз

«Басы ауырып, балтыры сыздамағанның құдайменен ісі жоқ» демекші, әуелі Алланың қолдауымен, екінші дәрігерлердің көмегімен емделіп, жеңілденіп жатқанда ғана олардың қадірін, еңбегін көріп-біліп, бағалап жатамыз. Осындайда денсаулықтың бірінші байлық екені еске түседі.

Дегенмен, бұл салада өзінің ісіне мығым, дәтіне берік, халықтың денсаулығын күзетуде білігі мен білімін аямай, қалтқысыз қызмет етіп жүрген ақ халатты абзал жандар көп-ақ. Олардың осы жанкешті еңбектерін ерекше атап өткен орынды.

Қазір қарап тұрсақ, еліміздің алғашқы атақты хирургі, Санкт-Петербург медицина институтының түлегі Әли  Итаяқовтың даңқты жолын жалғастырып, бүгінде Қазақстан медицина саласының көрнектілері атанып отырғандардың біраз бөлігі біздің жерлестеріміз екен. Олардың қатарында Сыр бойынан шыққан Мұхтар Әлиев, Камал Ормантаев, Шәдібай Абдуллаев, Болатбек Баймаханов, София Мақашева, Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, Марат Абдуллаев, Абдолла Шүленбаев, Нариман Табынбаев, Нұриддин Әмитов секілді медицина саласына басшылық жасаған дарынды тұлғалар, білікті дәрігерлер бар. Сол сияқты Астананың кардиохирургия орталығын басқарып келе жатқан Сыр елінің тумасы, Еңбек ері, жерлесіміз Юрий Пя бүгінде күллі Қазақстанның мақтанышына айналып отыр.

Бірде оңтүстік астанада белгілі азаматтардың ортасында болғанымда, олар Алматы қаласының өзінде 7 ірі емдеу орталығын қызылордалықтардың басқарып отырғанын қызығып та, қызғанып та айтып отырды. Міне, бұлар алдында айтылған әріптес ағаларының тәрбиесінің нақты нәтижесі. Бұған да мақтана білуіміз керек.

Пендеміз ғой, ауырмайтын адам жоқ, қиналған кездерде жүгінетініміз – сол дәрігерлер. Әрине, арасында бірлі-жарым тәрбиесі, білімі, тәжірибесі төмен, дөрекі, жұмысын реттемей әуреге салатын, өз міндетіне жауапсыз қарап, бүкіл саланың жұмысына теріс пікірлер туғызуға себеп болатындары да шындық. Жалпы, бұл (жалғыз бұл емес) саланың қызметіне өзгеріс жасау әрекеттері жүріп жатқанымен, бір жүйеге түсіре алмай келеді. Бұрынғы жылдар бойы қалыптасқан жүйеге түскен қызметтері өзгертіліп, бәрін орталықтандырды, қаланың, аудандардың билігіне бұл салаға басшылық жасап (жалғыз бұл сала емес) материалдық, базалық жағдайын жақсарту, мұқтажын бюджеттен қаржы бөліп мүмкіндігінше шешу, кадрларды іріктеу, тағайындау жауапкершілігі алынып, саяси басшылықпен шектелді. Осыдан келіп, орталықтардан қашықта жатқан елді мекендердегі емдеу орындарының мұқтаждарын реттеу қиындай түсті.

Ия, өзгерістердің барлығын жоққа шығаруға болмас, қолдауға тұратын қызмет түрлері де баршылық. Міне, осындай жағдайға бейімделе қоймаған қоғамда, тіпті саланың да тарапынан түсініспеушілік болатыны анық. Келген індеттің алғашқы айларында бұл сала мүлдем дайын болмай шықты. Мемлекеттің барлық қызметінің ішіндегі басты проблемаға айналды.Қаншама есепсіз қаржы бөлінді, мамандар іріктелді, шектеу шаралары жүргізілді. Алайда, қаншама адамдар жақындарынан айырылып, тұрмыстық жағдайлары төмендеді. Осындай жағдай халықты қинап жатқанда, бар дәрі-дәрмекті жеткізбей, қолдан тапшылық жасап, препараттарды ондаған есе қымбаттатып, бөлінген қыруар қаржының есебін тауып, бас пайдасына жұмыс істеген, құдайдан үміті жоқ азғындар да бұл саланың қызметіндегі көлеңкені қоюлатып жібереді. Мұндайларға жазаның қай түрі бар, солардың барлығы кешірімсіз, аяусыз көрілуі тиіс.

Осы кездері қаншама дәрігер емдеу қызметтерінде сақтандыру жабдықтарымен жағдайлары жасалынбағандықтан, ауруларды емдеумен арпалысып жүріп, бұл дүниемен қоштасты. Қазір осыған кінәлі басшылар бастарын алып қашып, одан қалай құтылудың айла-әрекеттерін жасауда. Оның үстіне, әр облыста бірнеше осы індетті емдеуге миллиардттаған қаржы жұмсалып салынған емдеу орталықтарының пайдалануға берілгеніне 5-6 ай болды. Бірақ олар осы күндері қаңырап бос тұр. Ал Қызылорда қаласында салынған жұқпалы аурулар ауруханасының 40 жылдан астам уақыттан бері әбден тозығы жетті. Оның жалғыз қабатты терезелерінен шамалы сыртта жел тұрса болды, кәдімгідей қыс айларындағы боранның ысқырған дауысынан айнымайтын дыбыстан дем ала алмай шығасың. Бұған қоса, аурухананың барлық жабдық-жарақтары ескі. Ауруларды қабаттан қабатқа қолдап көтеріп шығарып жатқан жағдайды көргенде, қаншама қаржыны рәсуа етіп босқа шашқанша, неге осы аурухананың қайта жаңартып салып шығуға болмайды деген ой келеді. Осыдай мүйегі мықты бір аурухана салғанның пайдасы да, тиімділігі де әлдеқайда көп болар еді, қаржы да едәуір үнемделген болар еді. Бірақ «ураға» үйреніп қалған халықпыз ғой, ертең игілігі болатын-болмайтынына қарамастан, өзгелерден қалмай, дүбірмен әйтеуір бір дүмбілез нәрселерді жасауға құмармыз.

Шыны керек, облыстағы мемлекеттік емдеу орындарының бірде-біреуінде МРТ жоқтығынан 24 сағат жұмыс істеп тұрған жеке емханалардың көріну кезегін ондаған тәулік күтетіндерді көргенде, бұл саламен айрықша мемлекеттік деңгейде мән беріліп жатыр деп айта алмайсың.

Дәрігерлер қауымы аянып жатқан жоқ,жағдайын жасау, әсіресе, медицина кадрларын сапалы дайындау бірінші кезекте болуы тиіс. Диагностиканың қателігінен ауруына ауру жамап алғандар аз емес. Ал емдеу жұмыстары індетке қарсы реттелгендей. Аяжандардан бастап дәрігерлердің барынша тұмшаланып, бірінен бірін ажырата алмайсың, күндіз-түні науқастардың қасында 15 күндеп үйлеріне бармай, атқарып жатқан қызметтеріне тәнті боласың. Сол қызметтеріне, сондай деңгейде тәртіппен талап қойып отырғандардың атына ретсіз, артық, намыстарына тиіп, беделдерін түсіріп, теріс пікір туғызатын жазғыштардың орынсыз әрекеттеріне еріксіз қынжыласыңі.

Жұмыста бәрі тақтайдай бола бермейді. Өзінің де еркінен, мүмкіндігінен тыс факторлардың әсері болатынын ескерген жөн. Жоғарыда аталып өткен ұстаздардың тәрбиесін көрген біздің облыстағы дәрігерлер қауымының басшысыда,қосшысыда өз міндеттерін адал атқаратынына күмән келтірмей, еңбектерін елеп отырсақ жауапкершілігі артып, азды-көпті ағаттықтары жөнделетіні сенімді болайық!

Ал облыс медицинасы саласына кезекті істердің атқарылғаны туралы баянаттар мен баяндамалар, есептер мен түсініктемелер емес, шын пейілден жасалып, мәселені барынша оңды шешуді көздейтін жанашырлық қадамдары керек.

Ибрагим ӘБИБУЛЛАЕВ,

Қызылорда қаласының тұрғыны

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button