АҚШ-тағы қазақ баласы Өскемендегі ағасын тапты
ӨСКЕМЕН. 20 мамыр. Америкалық отбасы асырап алған қазақ баласы Тодор Өскеменде тұратын ағасын интернет арқылы іздеп тапты. Бұл туралы «Алтайньюс» хабарлады.
«Менің қазақша аты-жөнім – Марат Тоқтарұлы Оразғалиев», – деді мұхиттың арғы жағында Теодор Уолтон болып өскен қазақ баласы.
Марат 2001 жылы Өскемен қаласында туған екен. Ол 2002 жылы бір жасында тағдырдың теперішімен Құрама Штаттарға барады. Сонда жаңа ата-анасы балаға «Теодор» деген есім береді. Сол Теодор қазір Флорида штатындағы Пенсакола қаласында тұрады, жергілікті колледжде оқиды.
«АҚШ-тағы асырап алған ата-анам өте жақсы адамдар, олар менің туыстарымды 2008 жылдан бастап іздеп, менің қазақ екенімді үнемі есіме салып отырды. Қазақстан деген мемлекеттің, Өскемен деген қаласында туыстарым бар екенін ұмыттырмады», – дейді Теодордың өзі.
Айтуынша, бұдан бір ай алдын Өскеменде тұратын Рүстем деген ағасы мен тағы апайы бар екенін біліпті.
«Екеуімен де кеше байланысқа шықтым, орыс тілі арқылы интернет аудармамен сөйлестік. Қазір үздіксіз байланыстамыз. Суреттерін көрдім. Биыл туған жерімді, туған қаламды, туыстарымды көрсем деген арманым бар. Қазір жатсам да тұрсам да ойлайтыным – Өскемен қаласы. «Ертіс» деген өзенді көргім келеді. Қазақ жері қандай, халқы қандай екен, руымды білгім келеді», – дейді ол.
Теодордың туған ағасы Рүстем Оразғалиев 1998 жылы туған екен. Алла жазса, алдағы күндері бастауыш сыныптың мұғалім мамандығы бойынша диплом алғалы жатыр.
«Біз Өскемендегі балалар үйінде болыппыз. Мені 5 сынып оқып жүргенде асырап алған. Мектепті Күршім ауылынан №4 мектептен бітірдім. «АҚШ-тағы қазақ баласы туыстарын іздеп жатыр» деген жаңалықтар тарап жатыр ғой, сол суреттегі негізі менмін. Туған бауырым бар екенін, оны Америкаға алып кеткенін алғаш рет 7-8 сынып оқып жүргенде білдім. Бірақ мұхит асып кеткен бауырды табу маған енді мүмкін емес, бос қиял сияқты болып көрінетін. Кеше Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасынан қызметкерлер арнайы хабарласып: «Міздің туған бауырыңыз табылды» деген кезде ішімде алай-дүлей сезім болды. Аударма арқылы сөйлестік. Ол менің ағылшынша білмегеніме таң қалды. Гугл аударма арқылы орысша сөйлестік. Келген соң оған қазақша үйрету керек», – деді Рүстем.
«Мессенджер арқылы Теодорға Өскемен мен Ертістің суреттерін жібердім. «Туған жерім неткен керемет!» деп тамсанған ол әлемдік пандемияның беті бері қарай салысымен қазақ жерін көруге келетінін айтты. Өзі де күн санап асығып отырған сияқты. Туған жердің топырағы, қан дегенің қиын екен ғой. Теодор бауырымыз тіпті бүгіннен жолға әзірленіп, артынып-тартынып дайын отыр», – деді тағы Рүстем.
Рүстемнің асырап алған ата-анасы да қуанып жатыр екен. Ал Теодордың тағы бір әпкем бар деп отырғаны Рүстемнің немере апайы екен. Олардың барлығы америкадағы ұлды асыға күтіп отыр.
Тағдыр екіге бөлген ағайындылардың кездесер күні енді алыс емес шығар.
«Тезірек келсе екен, бауырымды қатты көргім келіп тұр, мен оны сағындым. Руын білгісі келеді екен. Келгенде айтамын ғой: наймансың, оның ішінде қойсарысың деп», – деген Рүстем.әңгімесін аяқтады.