Сыр бойында абзал азамат, айтулы ардагер өмірден өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 4 желтоқсан. Бүгін Сыр өңіріне белгілі азамат, қоғам қайраткері, еңбек ардагері Алмасбек Сардарбекұлы Нұрмағамбетов өмірден өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Алмасбек Нұрмағамбетов 1953 жылы 27 ақпанда туған. Н. Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолын 1974 жылы Сырдария ауданына қарасты «Комсомол» ауылындағы №144 орта мектепте мұғалім болып бастады. 1974-1980 жылдары аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1980-1991 жылдары аудандық кеңес атқару комитеті мен аудандық партия комитетінде жауапты қызметтерде болды. 1992-1997 жылдары Сырдария аудандық әкімшілігі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас маманы, аудан әкімі аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі (кейіннен жетекші деп аталды) болып қызмет істеді.
1998-2005 жылдары Қызылорда облыстық ақпарат басқармасында жетекші маман, бөлім меңгерушісі, басқарма бастығының орынбасары, 2005-2015 жылдары облыстық тілдер, 2015-2017 жылдары облыстық ішкі саясат, 2017-2021 жылдары облыстық жастар саясаты басқармаларында түрлі жауапты лауазымдарда еңбек етті.
Алмасбек Нұрмағамбетов ақпарат және қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік орган – облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы алғаш ашылғанда құрылым жұмысының жүйеленуі мен қалыптасуына үлкен үлес қосты. Аймақта үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар бірлестігінің құрылуына, тілдерді дамыту орталығының ашылуына айрықша атсалысты. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, жастар саясатын белсенді жүргізу бағыттарындағы жұмыстарды үйлестіруге талмай қатысты.
Алмасбек Сардарбекұлы зейнетке шыққан кейін де қоғамдық жұмыстардың ортасында жүрді. Өмір мектебінен жақсы шыңдалып шыққан ол өзінің жоғары азаматтық позициясымен, іскерлігімен және мол тәжірибесімен көпке үлгі бола білді. Атқарған еңбегі бағаланып, көптеген мерекелік медальдармен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
Біз марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, дос-жарандарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Арамыздан тіршілігінде ешкімнің бетіне жел болып тимеген, қолынан келген жақсылығын аямаған, үлкенге – инабатты іні, кішіге қамқор аға бола білген осындай абзал азамат, айтулы адам кетіп бара жатыр.
Алла алдынан жарылқасын. Пейіште нұры шалқығай.