Жаңалықтар жаңғырығыТаным

Өмір иірімдерін өрнектеген Оңласын

Біздің қатарластарымыздың білімге деген құштарлығы ерекше еді. Олай дейтінім, біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен журналистика деген құдіретті мамандыққа өлердей ғашық болып келдік. Қалам ұстап, көзге көрінетін, ел бағалайтын туындыларымыз болмаса да, жақұт іздеген жиҺанкездердей алған бетімізден қайтпадық. «Талаптыға нұр жауар» деген құдіретті сөз жетелеумен жүрді. ҚазГУ-дің журналистика факультетінің деканы, профессор Тауман Амандосов: «Республикалық, облыстық, тіпті қалалық басылымдарда орын жоқ. Бәрің ауылға, аудандық газетке барасыңдар!» деген сөзін көңлімізге демеу етіп, ризашылық сезіммен қанағат тұтып жүрдік. Біз үшін ең алдымен журналист болу өмірлік арманымыздың орындалғаны еді.

Screenshot

Сол арманшыл журналистердің ішінде әсіресе, жамбылдық қаламгерлердің  шоқтығы ерекшеленіп тұратын. Олардың ең жақсы қасиеті бір ата-ананың баласындай ұйымшылдығы, қонақжайлық дархан қасиеттері, бір-біріне деген бауырмашылдығы-тын. Менің қайран курстасым Мақұлбек Рысдәулет, дос-бауырларым Доқтырхан Тұрлыбек, Қасым Әзімхан, Болат Оңғарбай, Оңласын Әмірқұл, Толымбек Әлімбек, Талғат Айтбаев, Талғат Сүйінбай, Көсемәлі Сәттібайұлы, марқұм әріптес-шәкірттерім Алпысбай Шымырбай, Жолдасбек Дуанабайұлы. Бұл жігіттердің еліміз журналистикасында өзіндік орны, қайталанбас қолтаңбалары ерекшеленіп тұратын. Күнге қол созған осы  қаламгерлердің бірі Бауыржан Момышұлын жерлесіміз деп мақтанса, енді бірі Шерхан Мұртаза мен Сейдахмет Бердіқұловтың, Фариза Оңғарсынова, Бейбіт Қойшыбаев, Уәлихан Қалижановтың шекпенінен шықтық деп жар салуға дайын тұратындығында еді. Рас, олардың ұстаздары мықты болды. Өздері де мақтауға тұрарлық қаламгерлер. Ал сол жігіттердің көпшілігінің Әміртай Бөриев есімді журналист-жазушы, қарапайым да қамқор ағалары болатын. Әміртай ағамыздың бір ерекшелігі жерлес-бауырларын үнемі іздеп жүретін. Шаршамайтын. Інілерінің әрқайсымен мақтанатын.

Мен осы жамбылдық жігіттерге жақындау болдым. Бірімен көрші тұрдым, енді бірімен қатар жұмыс істедім. Сыйластығымыз достыққа, бауыр, аға-інілікке жалғасып жатты. Ал Оңласын екеуміздің шығармашылық ой-мақсатымыз, көтерген тақырыптарымыз, ұсыныс-пікірлеріміз ұштасып жататын. Олай дейтінім, досымның «Кісікиігі» оқырманды дүр сілкіндірсе, менің Оңтүстік Америкаға, үндістер еліне саяхатнамам жұмбағы мол, біздер үшін құпиясы көп оқиғаларымен тәнті етті. Ал Бауыржан Момышұлынан алған сұхбатым аспаннан бір-ақ шығарды.

Екеуміз оңашада сырласа қалсақ, Оңласын: «Дулат Исабеков менің көкем» дейтін. Дәукең менің де көкем. Екеуміз отыра қалып таласатынбыз. Бір білгенім, Дулат аға Оңласынды ауданда жүрген жерінен қолынан жетектеп, журналистердің арманы болған  «Лениншіл жасқа» жұмысқа алып келіпті. Сол күннен бастап, Адамзаттың мақтанышы, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек Ері Дәукең екеумізге де ортақ көкеміз болды.

Бүгінгі әңгіме журналист-жазушы, сықақшы-фельетоншы, ақын, драматург, «Қазақстанның мәдениет қайраткері», «Меркі ауданының құрметті азаматы», «Жойқын жұт», «Кісікиік», «Оқпан» романдарының, бірнеше сахналық қойылымдардың авторы  Оңласын Әмірқұл жайлы болғандықтан, кезінде қатар жүрген досымның азаматтық келбетін тағы да ой елегімнен өткізуді жөн көрдім.

Оңласын тұла бойы тұнып тұрған журналист еді. Күйбелең тіршілігі бітпейтін аудандық газеттің жұмысын сол газетте істегендер ғана жақсы біледі. «Инемен құдық қазғандай», көзге көрінбейтін, жұмысыңды ешкім бағаламайтын мазасыздау кәсіп. Жазар тақырыбың да, сұхбат алатын кейіпкерің де таусылатын. Одан соң  бұрыңғы жазған кейіпкерінді қайта іздеп, тағы да жазатынсың. Қайталайсың, қайталайсың. Оқырманнан ұяласың. Амал не? Алматыға, орталық газеттердің біріне қашқың келіп-ақ тұратыны сондықтан. Бұл салада Оңласын екеуміздің тағдырымыз ұқсастау. Екеуміздің де Алматыға келген себебіміз осы. Оңласын бұрынғы «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алашқа» келіп, іздеген өмірлік тақырыбы – кісікиікті тапты. Мақала газетке шыққан күннің ертеңіне Оңласынның жұлдызды күндері басталды. Оның есімі енді «Кісікиік» атанды. Мені «Мистер Бис» дейтін болды. Оңлекеңнің жаңа есімі құлаққа сәл дөрекілеу естілгенімен, өзіне ұнайтын. Әсіресе, «Лениншіл жас» газетінің бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов айтқанда, қуанып қалатын.

Қазір тарихқа айналған, Жібек жолы көшесіндегі 50 үйге орналасқан зәулім ғимарат – «Баспагерлер үйін» сағынышпен еске алмайтын аға буын өкілдері жоқ шығар. Жетінші қабатта «Лениншіл жас» газетінің редакциясы орналасқан. Бұл жерде жастықтың жанартауы атқылағандай, жастардың жалын үндері есітіліп жататын. Мүйіздері қарағайдай болуға сәл-ақ қалған,  газеттің ақсақалдары  Сағат Әшімбаев, Серік Әбдірайымов, Жақау Дәуренбеков, Орысбай Әбілдаев, Ырым Кененбаев, Жарылқап Бейсенбаев, Жақыпжан  Нұрғожаев, Жұмагүл Солтиева, Мағира Қожахметова, Ерғали Сағат… қалған журналистердің есімдері аталмай қалса, кешірім сұраймын.

Арқар журналистер бөлмелеріне сыймай дәлізге шығып, бір-бірімен күжірейе амандасып, бір төбелесі кемдеу болған әтештердей қоқиланып, жер тепкілеп тұратын. Ал аядай ғана бөлмелерде мүйіздері әлі шығып үлгермеген, балғын журналистер мақала жазып, хат қорытып, елдегі  тілшілерге жауап жазып отыратын. Сол көрініс есіме түссе, аядай ғана бөлменің бұрышында қаламсабын тістелей шабыт шақырып, мақала жазып отырған Оңласын досым ойыма оралады. Оның бөлмеден шығып, серуен құрып келуіне уақыты жоқ. Тек ұрланып шығып, өмірлік «жан досы» – темекісін тартып, бөлмесіне қайта кіретін. Сол Оңласын араға жылдар салып, «Егемен Қазақстанның», «Ара-Шмель» журналының, «Заң» Медиа корпорациясының белді өкілі, алтын қалам иегері атанды. Қаламынан шыққан мақалалары оқырманның жүрегіне жол тапты. Газет-журнал оқитын әр шаңырақтың құрметті қонағы, сүйікті журналист-жазушысы атанды.

Осыдан жиырма жылдай бұрын Оңласын екеуміз Астанада қайта кездестік. Біздің біраз уақыт үзіліп қалған достығымыз қайта жалғасты. Ол республикалық «Ауыл» газетін шығарып жүрді. Жалғыз өзі. Бас редактор, жауапты хатшы, тілші, корректор – бәрі бір өзі…  Бірнеше айлап айлық алмаса да, досымның көңіл-күйі бірқалыпты, жайбарақат жүретін. Уайымдау дегенді білмейтін. Үйреншікті жұмысын істеп отыра беретін. Мүмкіндігім болған кезде жұмысына іздеп келемін. Тау-тау қағаздардың арасында терлеп-тепшіп, пысынап, досым отырады. Асықпай қалтасынан темір тарағын алып, он тал шашын қайта-қайта тарайды.

– Ой, Бекем-ай! Келіп қалдың ба? Мына тіршілігі қайнаған қалада сенен басқа мені ешкім іздемейді! –дейді Оңлекең қуанып.

– Таста жұмысыңды, сен де шаршамайды екенсің. Жүр серуендеп, бой жазып келейік, рахаттана шәй ішейік. Мен бір тамаша дәмхананы таптым, – деймін досыма.

– Жақсы болды ғой келгенің. Түскі асты ішуді де ұмытып кетіппін, – дейді Оңлекең.

Одан соң кешелі бері не бітіргенін сұраймын. «Оқпан» романына көңілі толмай, қолжазбасын лақтырып жібергенін айтады. Мен ренжимін.

– Болмайды, мына жұмысыңды азайтып, өз дүниелеріңді жүйеле. Мүмкіндігің болғанда қайта жаз. Тірі болсақ, жарыққа шығар, – деймін сәл де болса, үлкендігімді пайдаланып.

– Жазамын, ертеңнен бастап қолға аламын, шыным, – дейді Оңлекең.

– Ал «Кісікиік» ше?

– Оны қарап, толықтырып, өңдеп жатырмын.

– Кешіктірме, – деймін шегелей!

Екеуміз бір-бірімізге қамқор болып, шығармашылығымызға көңіл бөле бастадық. Туындыларымызды оқып, пікір айтамыз. Мен оншақты жыл жазудан қол үзіп кеткен болатынмын. Арқаның үскірік атқан бораны тынысымда ашып, балаларға арналған бірнеше әңгіме, ертегілер жаздым. Повесть, әңгімелерден тұратын «Тентектер» кітабым жарыққа шықты. Сонда жазған әңгімелерімнің көбісі Оңласынның «Ауыл» газетіне жарияланды. Әсіресе, «Генералдың немересі мен Президенттің баласы», «Жалғыз ұл», «Тұранбала және иттер» әңгімелерім оған қатты ұнады. Көп ұзамай Оңласын менің шығармашылығым, Астанада өткізген тамаша күндеріміз жайлы мақала жазды. Алақандай естелік-эссе екеуміздің дос көңіліміздің куәсін сол қалпында баяндаған, жүректен шығып, жүрекке жеткен туынды болды.

Осы мақала екеуміздің де таңдамалы кітабымыздан орын алды!..

Оңласын екеуміздің Астанаға келген ең басты себебіміз ұлдарымыздың қастарында жүріп, аяқтарынан тұрып кетулеріне себепші болу еді. Досымның ұлы Бауыржан мен менің балам Мейіржан Астанада еңбек жолдарын енді бастап жатқан-ды. Бүгінде досымның ұлы жауапты мемлекеттік қызметте. Оны әріптестері «Бауыржан Оңласынұлы!» деп құрметпен атайды. Ұрпақ жалғастығы деген осы шығар!

Астанада қайта жалғасқан тамаша достығымыз үш жылға жалғасты. Біз мақсат еткен ішкі жоспарымызды орындап, Алматыға қайта оралдық. Әрбір іскер, талантты еркектің қасында, көзге көрінбей әйел тұрады дейді. Шындығында Оңласынның жанында қарапайым ғана Жайлаукүл есімді жан-жолдасы тұрды. Оңласын еркелетіп Айкен дейтін. Досымның еркін де нық жүргені, қаламгерлер жазуға сескенетін тақырыптарға батыл баруы Жайлаукүлдің арқасы. Алтындай ұл-қыздары – Марлан мен Эльназдың, Бауыржанның жан тазалығы әке-шешесіне тартқандығы.

Осыдан екі жыл бұрын Оңласын Әмірқұлдың 70 жылдығын Қазақстан Жазушылар одағы Ұлттық кітапханада өткізді. Армандап жүрген «Кісікиік» пен «Оқпан» кітаптары жарыққа шығып, тұсауы кесілді.

Оңласын екеуміздің дос-әріптесіміз, публицист-жазушы, баспагер, ұлт жанашыры Талғат Айтбайұлы жайлы айта кеткенді жөн көрдім. Ол қалам ұстаған қаламгерлердің шығармашылығына қамқор болып, бірнеше кітапты тегін шығарып берді. Олардың ішінде Оңласынның барлық кітаптары, Алпысбай Шымырбай, Жолдасбек Дуанабайұлы, тағы да басқа көптеген авторлардың дүниелері бар. Талғат ширек ғасыр бойы балаларға арналған «Жыл – он екі ай» журналының 120 номерін өз қаржысына, үзбей шығарып келеді. Ал Желтоқсан көтерілісі жайлы деректі естелік кітаптың 17 томын бір өзі жинастырып, дайындап,  оқырман назарына ұсынды. Тағы да өз қаржысына. Осы еңбектерінің барлығын кітапханаларға, кездесуге келген шәкірттерге қолтаңба беріп, тапсырып келеді. Талғат Айтбайұлының бұл еңбегі еліміздің мәдени-әдеби өміріне қосқан үлкен, сүбелі үлес. Тәкеңнің төсінде не орден, медаль жоқ. Ол мұндай марапат жинауға көңіл бөлген жоқ. Бөлмейді де…

***

Сонау сексенінші жылдары бір «Кісікиікті» жабыла іздеп, әрең тауып алып едік. Өткен ғасырдағы сол жалғыз «бақыт» Оңласын Әмірқұлға бұйырған-ды. Ал қазір сол кісікиіктер әр ауылда, тіпті әр көшеде тайраңдап жүргендей. Оларды іздеп, әшкерелеп жатқан Оңлекеңдер жоқ. Ешкім таң қалмайтын, көңіл аудармайтын, үйреншікті оқиға болып қала беруде…

Дос жайлы естелік жазудан асқан қиын дүние жоқ шығар!..

Өмір иірімдерін өрнектеуден шаршамаған, қайран Оңласын досым-ай! Сенің жұлдызды ғасырың енді туған сияқты еді! Әттең…

Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», публицист, жазушы.

АЛМАТЫ

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button