Париж-2024: Карина мен Сәкен де жарыс жолынан шығып қалды (видео)
ПАРИЖ. 3 тамыз. Түн ортасында Олимпиада рингіне шыққан қазақ боксшылары Карина Ибрагимова мен Сәкен Бибосынов (суретте) қарсыластарына есе беріп қойды. Бұл туралы Olympic.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Осылайша өткен түнде шаршы алаңға көтерілген үш боксшымыздың екеуін сәтсіздік шырмады.
Әйелдер арасындағы үздіктеріміздің бірі, 57 келіге дейінгі салмақтағы Карина Ибрагимова пэурторикалық Эшли Энн Лосада Моттадан жеңіліп, жарысты аяқтады.
1/8 финалда жұдырықтасқан жерлесіміз алғашқы раундта алыс қашықтықты сақтап, сериялы соққыларымен қарсыласынан алда жүріп отырған. Алайда раунд соңында қарсы соққыға түсіп қалып, төреші нокдаун ашты. Соның салдарынан раундта 3:2 есебімен Мотта жеңіске жетті.
Екінші раундта боксшылар ашық шайқасты, екеуі де қорғанысты ұмытып, сериялы соққылармен алмасты. Төрешілердің шешімімен бұл раундта да Пуэрто-Рико боксшысы жеңімпаз деп танылды, есеп – 4:1.
Шешуші үшінші раундта Карина Ибрагимова тағы да басымдықты қарсыласына беріп қойды. Қолының қысқалығына қарамастан, Мотта Қазақстан боксшысына соққыларын дәл тигізіп, жақын қашықтықта да, орта қашықтықта да өзінің мықты екенін көрсете білді.
Қорытынды есеп – 5:0, Эшли Энн Лосада Мотта жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды. Дегенмен, Каринаның тап мынадай есеппен ұтыла қойғаны да қатты күмән тығызады.
Енді Қазақстан әйелдер құрамасы сапында тек 50 келіге дейінгі салмақтағы әлемнің екі дүркін чемпионы Назым Қызайбай ғана қалып тұр. Ол бүгін Астана уақытымен сағат 19:50-де өзінің ширек финалдық шайқасын колумбиялық Ингрит Лорена Валенсия Викториямен өткізеді. Егер Назым бұл белестен өте алса, жартылай финалда Ву Ю (Қытай) – Жутхамат Раксат (Таиланд) жұбының мықтысымен кездеседі.
Түнде сондай-ақ біздің 51 келіге дейінгі салмақтағы Сәкен Бибосынов та жарыс жолынан шығып қалды.
Осы күні түн ортасы ауа Сәкен Бибосынов, өкінішке қарай, өзбек Хасанбой Дусматовтан жеңіліп қалды. Бұған төрешілердің ықпалы да болмай қойған жоқ. Сөйтіп, біздің оғлан ширек финалдан аса алмай қалды.
Бірінші раундта Сәкен қашықтықта жақсы сақтап, қарсыласынан бір адым алда жүріп отырды. Соған орай қазылар раундты 3:2 есебімен қазақ боксшысының пайдасына жазды. Алайда олар екінші және үшінші раундтарды біздің жігіттердің қарсыластарына беріп жіберетін дәстүрлерін сол қалпы сақтап, Хасанбойды мәртебегер етіп шығара салды. Жалпы есеп әдетгегіше 3:2 болып тіркелді.
Осымен Қазақстан ерлер құрамасында жарысты жалғастыратын жалғыз боксшы қалды. 80 келіге дейіінгі салмақта өнер көрсететін Нұрбек Оралбай 4 тамыз күні жартылай финалда доминикалық Кристиан Жавьер Пиналеспен кездеседі.