Арменияда Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары өтіп жатыр
ЕРЕВАН. 15 сәуір. Армения астанасы – Ереван қаласында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян кездесті. Бұл туралы News.am ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүгін, дүйсенбі күні Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Арменияға ұшып келді.
Армения Үкіметі баспасөз хатшысының хабарлауынша, мәртебелі мейманды «Звартноц» халықаралық әуежайында Хайастан вице-премьері Мгер Григорян күтіп алған.
Сапар шеберінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Армения республикасы президентінің резиденциясында кездесті. Осында олар бірқатар құжаттарға қол қойды. Соның ішінде екі елдің көші-қон саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім, көлік қатынасына қатысты 2006 жылғы келісімге өзгеріс енгізу, авиация саласындағы ынтымақтастық, туризм саласындағы әріптестік бағдарламасы, сауда-экономикалық әріптестігі жайлы жол карта мәселелері қамтылды.
Бұдан басқа Ванадзор мен Шымкентті, Ереван мен Астананы бауырлас қалалар деп тану туралы келісім жасалды.
Ресми салтанаттан кейін екі ел басшысы оңаша жағдайда кездесіп, келіссөздерін жалғастырды.
Қазақстан Президенті бұдан кейін Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен және Ұлттық жиналыс (Парламент) төрағасы Ален Симонянмен кездесті.
Соңында екі ел басшыларының бірлескен брифингінде Пашинян Тоқаевтың бұл сапары екі жақты ынтымақтастықты нығайта түсу тұрғысынан алғанда, Армения мен Қазақстан үшін маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Армения мен Қазақстан арасындағы күн тәртібін нығайтуда айрықша рөл ойнайтын саяси диалогты дамыту мәселесі бірлескен мәлімдемеге қол қойылу арқылы бекітілген.
Армян Үкіметінің басшысы мәртебелі мейманды өңірдегі ахуалмен, армян-әзербайжан келіссөзі барысымен, сондай-ақ Ереванның аймақтағы жағдайды тұрақтандыру мен бейбітшілік орнату бағытында ұстанып отырған позициясымен таныстырып өтті. Өз кезегінде Тоқаев Қазақстанның армян-әзербайжан келіссөзінің алаңы болуға дайын екенін баяндады.
Армения Премьер-Министрі сондай-ақ Астанада Әулие Месроп Маштоц атындағы парк, ал Ереванда Абай (Ибрагим) Құнанбаев атындағы сквер ашу мәселесінің талқыланғанын атап өтті.