Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан уәлаятында елмен кездесті
ОРАЛ. 4 сәуір. Бүгін Батыс Қазақстан облысына ұшып барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаратөбе ауданында болып, су басқан елді мекендерді аралады. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы алғашқы кезекте су басқан аумақтарды тікұшақпен шолып шыққаннан кейін аудан орталығындағы Қажым Жұмалиев атындағы мектеп-гимназия базасында орналасқан эвакуациялық пунктке аялдады. Ол гуманитарлық көмекті тарататын бекет жұмысымен танысып, су тасқынына байланысты жақын маңдағы ауылдардан көшірілген тұрғындармен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғындармен әңгімелесу барысында мұндай көлемдегі тасқынның бұрын-соңды болмағанына тоқталды. Оның айтуынша, осыған ұқсас жағдай 1994 жылы орын алған. Бірақ биылғы тасқынның қарқыны одан да асып түсті.
Президент шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық қажетті шараны қабылдайтынын айтты.
«Хал-жағдайларыңызды білу үшін арнайы келіп отырмын. Бұл – бұрын-соңды болмаған үлкен табиғи апат. Сондықтан бәріміз бір ел, бір халық болып әрекет етуіміз керек. Мемлекет, Үкімет баршаңызға қол ұшын береді. Материалдық, қаржылық көмек көрсетеді. Оған еш алаңдамаңыздар. Бәрі дұрыс болады», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Кездесуде жергілікті тұрғындар Жақсыбай және Қалдығайты өзендеріне көпір салып беруді, сондай-ақ ауыл маңындағы бөгеттерді жаңғыртуды сұрады.
Мемлекет басшысы аталған мәселе бойынша Үкіметке тиісті тапсырма беретінін жеткізді. Сонымен қатар қарғын суды халықтың игілігіне пайдалану қажет екенін атап өтті.