Президент Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің басшысымен кездесті
АСТАНА. 1 наурыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Президент бұл лауазымға жақында ғана сайланған су жаңа басшыға бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақорда баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуде Мемлекет басшысы Ұлттық олимпиялық комитеттің алдағы жұмысының басым бағыттарына салмақ салған.
Кездесуде Президент ең алдымен Халықаралық Олимпиялық комитет аясындағы сенімді және тиімді қарым-қатынасты нығайтудың маңызды екеніне назар аударды.
«Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрамалардағы спортшылардың алдағы XXXII жазғы Олимпиадаға даярлығына қатысты зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Сонымен қатар лицензиялар санын көбейту және Париж Олимпиадасында елеулі нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жүйе құру маңызды міндет екеніне тоқталды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Мемлекет басшысының айтуынша, өз әлеуетін таныту үшін спортшыларға барынша қолайлы жағдай жасап, отандық спорттың өркендеуіне кері әсер ететін жағымсыз құбылыстарды жою қажет. Сонымен бірге ұлттық құрамаға спортшыларды іріктеу әділ жүргізілуі керек.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкиннің кәсібилігі мен мол тәжірибесі еліміздегі олимпиадалық спорт түрлерін дамытудың өзекті мәселелерін тиімді шешуге ықпал ететініне сенім білдірді», – деп атапр көрсетті Ақорда баспасөз қызметі.
Геннадий Головкин Ұлттық олимпиялық комитеттің (ҰОК) президенті болу ұсынысын қабылдау үшін қандай шарт қойғанын айтты.
«Маған Қазақстан ҰОК басшылығына ұсыныс түскенде, қазақ спортының дамуына өз үлесімді қосуға рұқсат беру шартымен ғана келістім. Өздеріңіз білесіздер, мен саясаткер немесе шенеунік емеспін. Мен өз ниетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеуге дағдыланғанмын. Менің өз көзқарасым бар, көп жылдық халықаралық тәжірибем, ұжымым бар, ең бастысы – барлығын өз елімде жүзеге асыруға деген шынайы ниетім бар екенін айтқым келеді», – деді Головкин.